Апта басында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тұрғындары ірі қара малдың жаппай індетке шалдыққанын айтып дабыл қақты. Осы ақпарат отандық телеарналарда тарала бастаған соң, Қызылорда облысының ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, «аймақта төрт түлік арасында індет таралып жатыр» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
– Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында мал ауруы туралы оқиғаға байланысты Жалағаш аудандық аумақтық инспекциясы, ветеринариялық станция мамандарынан құрылған арнайы топ өкілдері жеке тұлғаға тиесілі аумаққа арнайы барып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізді. АШДБ дерекқор базасында Жалағаш кентінің тұрғындары Ф.Бисенованың 8 бас мүйізді ірі қара, Қ.Жолдыбаевтың 7 бас мүйізді ірі қара малдары тіркелген. Барлық мал басы аса қауіпті ауруларға қарсы алдын ала егілген. Бұл ретте айта кету керек, бейнекөрсетілімде айтылғандай малдардың жаппай қырылуы болмаған, мал шығыны орын алмаған. Қазіргі күні ауруға күдікті малдан алынған биосынамалар мен қан сарысуы ветеринариялық зертханаға күлдірік стоматит, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, аусылдың құрылымсыз ақуызына ауруларына зерттеуге өткізілді. Аталған аурулардың клиникалық белігілері бір-біріне ұқсас. Ветеринар мамандар шұғыл әрекеттер жасап, мал иелерінің қора-жайларына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта эпизоотиялық ахуал тұрақты екендігін хабарлаймыз! — деп атап өтті Шахмардан Сұлтанбекұлы.
Брифингте айтылғандай, қазір Қызылордада төрт түліктің денсаулығына қатысты ахуал тұрақты. Егер малдарда ауру белгілері байқалса, ол тұрғындардың өздері беретін жемнен де болуы мүмкін екенін тілге тиек етті жауаптылар. Айтуларынша, алаңдауға еш негіз жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!