Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Максималар мен қоғамдық ойлар…

22.05.2025, 7:00 166

HALYQLINE.KZ

Ұлт атынан сөйлеген жаман. Сонда да бір шымшым ой айтайын. Қазақтың әділеті мен әдебі жер бетінде емес, көр ішінде. Кісілігі мен құрметі, жақсыны бағалауы да әйтеуір тірінің емес, өлінің жағында. Сондықтан шығар, «шіркінайы» мен «ойбайайында» да бір опасыздық бар. Айталық, Арон Атабек арып-азып абақтыда жатса, мына жақта «Еңіреп туған ер Махамбет» деп Өтемісұлын өбектеген  өтірік-шынды мүшәйралар өтіп жатады. «Әлия батыр қызы сен халқымның…» әні өліге болмаса, сірә да тіріге арналмаған. Оның енді Әйгерім Тілеужанға тіпті де қатысы жоқ. Кейде ойлаймын осы, бұл өзі кімнің уақыты мен шындығы деп? Аруақтың ба, әлде адамның ба? Сонымен, біз кім болдық өзі? Әділетіміз неге өз уақытынан үнемі кешігіп жүреді? Менің бір ғұмырымның мәні мен мағынасы қайда? Әлде жер мен көрдің орнын шынымен-ақ алмастырып алдық па өзі?

***

Елді су басып жатады…

Қаңтарда қақ маңдайын оқ тескен жазықсыз жандардың үңірейген бас тесігінен жіпселеп жіп өткізіп, қанды қасіреттің моншағын тізуге болады. Жоқ, бізде ештеңе де болмағандай әлеуметтік желіге жымиған суреттерін жүктеген жазушылар мен мәңгілік махаббатын жырлаған ақындар өлеңі жиі жарияланып тұрады. Өлеңдері де, оны жазған өздері де аса сұлу. Әсіресе, әртүрлі образда түскен суреттері тіптен ғажап. Ең қызығы, бұлар елдегі мұндай мәселелерге басын ауыртып мәу демейді… Шынымды айтсам, осы бір бейжайлыққа қатты қайранмын. Мүмкін бұлар ауыр ахуалды барынша жеңілдетіп, апаттағы адамды үрейлендірмеудің мың айла шарғысын меңгерген, әдебиетке тек әдемі киініп, әдепті сөйлеуге келген кәдімгі (әдеби) стюардессалар шығар.

Ықылас  Ожайұлының  фейсбук  парақшасынан

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: