Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәжілісте жалған діни насихатқа тосқауыл қою мәселесі көтерілді

01.04.2026, 11:25 48

ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында депутат Ермұрат Бапи интернет кеңістігінде белсенді әрекет ететін жалған діни уағызшылардың қоғамға ықпалына алаңдаушылық білдіріп, бұл құбылысты құқықтық тұрғыдан қатаң бағалау қажет екенін айтты. Ол Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында теріс діни насихаттың ұлттық құндылықтарға, қоғамдық тұрақтылыққа және елдің ақпараттық қауіпсіздігіне төндіріп отырған қаупіне арнайы тоқталды.

Депутаттың айтуынша, мәселе жекелеген азаматтардың таңдауы немесе діни көзқарасымен ғана шектелмейді. Оның пікірінше, әлеуметтік желі мен түрлі интернет алаңдарында дінді желеу етіп сөйлейтін, алайда ресми діни құрылымдарға қатысы жоқ, діни білімі мен мәртебесі күмән тудыратын тұлғалар қоғам санасына жүйелі ықпал етіп, әсіресе жастар арасында теріс түсінік қалыптастырып отыр. Ермұрат Бапи мұндай адамдарды «псевдодіни авторитеттер» деп атап, олардың әрекеті ұлттық болмысқа қарсы жұмыс істейтін қауіпті құбылысқа айналып бара жатқанын жеткізді.

Мәжіліс отырысында депутат соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған бірнеше даулы оқиғаны мысалға келтірді. Оның сөзінше, интернеттегі подкаст алаңдарының бірінде өзін дін өкілі ретінде көрсеткен азамат бірнеше әйел алғанын ашық айтып қана қоймай, соңғы әйелін шәкіртіне «сыйға тартқанын» жария еткен. Депутат мұндай мәлімдемені адамгершілікке де, заңға да сыймайтын әрекет ретінде бағалап, оны тек моральдық дауға айналдырып қою жеткіліксіз екенін айтты. Оның пайымынша, мұндай мазмұндағы сөздер азаматтық неке институтын жоққа шығаратын, әйел қадірін аяқасты ететін, тіпті адам саудасы мен адамды зат ретінде қарастыруға жақын түсінікті қалыптастыратын өте қауіпті сигнал саналады.

Ермұрат Бапи бұл тектес контенттің еркін таралуына жол берген ақпарат алаңдарының да жауапкершілігі мәселесін қозғады. Ол журналистік этика мен кәсіби жауапкершілік сақталмаған жағдайда, қоғамдық пікірге әсер ететін платформалар хайп қуудың құралына айналып кететінін айтты. Депутаттың сөзінше, ұлттық мәселені арзан танымалдықтың тақырыбына айналдыру – медианың қоғам алдындағы жауапкершілігін әлсіретеді. Сондықтан ол журналистер мен редакцияларды діни, ұлттық және мәдени мәселелерді жариялауда кәсіби ұстаным мен азаматтық байыптылықтан айнымауға шақырды.

Сондай-ақ Мәжілісте Наурыз мерекесіне қатысты тараған арандатушы пікірлер де сөз болды. Депутат әлеуметтік желіде Наурызды ислам дініне жат мейрам ретінде сипаттаған бейнематериалдар қоғамда үлкен дау туғызғанын еске салып, мұндай ұстаным қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымына, салт-дәстүріне және мәдени жадына күмән келтірумен пара-пар екенін айтты. Оның пікірінше, бұл – жай ғана діни көзқарас емес, ұлттық бірегейлікті әлсіретуге бастайтын өте қатерлі идеологиялық әрекет.

Осы орайда Ермұрат Бапи әкімшілік жаза қолданумен ғана шектелу мәселені түбегейлі шешпейтінін мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, әлеуметтік ресурстар арқылы жүйелі түрде теріс діни насихат жүргізіп, қоғам арасына діни араздықтың ұрығын себетін адамдарға қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселесін де қарастыру қажет. Ол мұндай нормаларды депутаттық корпус деңгейінде талқылауға ұсынуды сұрады.

Мәжіліс депутаты бұл проблеманың ең қауіпті қыры – оның жастарға әсері екенін ерекше атады. Оның сөзінше, сырттан енген бөтен діни түсініктер жас буынның санасына әлеуметтік желі арқылы тез сіңіп, оларды ата дәстүрден, ұлттық танымнан және елдік мүддеден алшақтатуы мүмкін. Мұндай жағдайда буыны қатпаған ұрпақ жалған «рухани ақиқаттың» жетегінде кетіп, тарихи тамырынан ажырау қаупіне тап болады. Депутат мұны келешекте «жоғалған ұрпақ» мәселесіне ұласуы ықтимал қауіп ретінде бағалады.

Ермұрат Бапи өз сөзінде теріс діни уағыздардың мазмұнына да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір уағызшылар Ораза айт пен Құрбан айттан өзге мерекелердің бәрін теріске шығарып, тіпті туған күн, шілдехана, тұсаукесер, беташар секілді қазақтың тұрмыс-салт дәстүрлерін «харам» ретінде сипаттап жүр. Депутат мұндай түсініктің қазақ халқының мәдени кодына, тарихи сабақтастығына және түркілік тамырға қарсы бағытталғанын айтты. Оның пікірінше, халықтық дәстүрге қарсы шығу – сайып келгенде мемлекеттің зайырлы қағидатына да қарсы шығумен тең.

Сауалда әлеуметтік желілердегі ақпараттық кеңістікке де айрықша назар аударылды. Депутаттың пайымынша, қазіргі жастардың дүниетанымы бұрынғыдай тек мешітте немесе отбасыда ғана емес, ең алдымен цифрлық ортада қалыптасады. Егер осы кеңістікте ресми институттардың, дәстүрлі діни ортаның және мемлекет ұстанымының үні әлсіз болса, пайда болған бос кеңістікті радикалды, үстірт әрі қауіпті түсіндірулер жылдам басып алады. Сондықтан ол онлайн ортада жүйелі түсіндіру, жедел әрекет ету және құқықтық тосқауыл қою тетіктерін күшейтуді ұсынды.

Мәжіліс отырысында депутат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына да назар аударды. Оның пікірінше, қоғамда резонанс тудырған даулы діни мәлімдемелерге ресми діни институттар дер кезінде үн қоспай отыр. Ермұрат Бапи Діни басқарма цифрлық кеңістікке белсендірек шығып, ел ішіндегі және интернеттегі діни кикілжіңдерге жедел реакция танытуы керек екенін айтты. Ол қоғамды жат уағыздардың ықпалында қалдырмай, дәстүрлі исламның байыпты ұстанымын уақтылы жеткізу маңызды деп есептейтінін жеткізді.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселе тек дін саласындағы түйткіл емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге, рухани тұтастыққа және елдің болашағына тікелей қатысты мәселе. Сондықтан ол Бас прокуратураны, құзырлы органдарды және тиісті ведомстволарды онлайн кеңістіктегі теріс діни насихатқа құқықтық тұрғыдан қатаң әрі жүйелі баға беруге шақырды.

Ермұрат Бапи бұған дейін де Мәжіліс мінберінде теріс діни ағымдар мен ұлттық құндылықтарға қауіп төндіретін идеологиялық үрдістерге қатысты бірнеше рет мәселе көтерген болатын. 2023 жылы ол жат діни ағымдардың ықпалы туралы Үкіметке сауал жолдап, бұл құбылыстың ұлттық тұтастыққа қатер төндіретінін айтқан. Кейін дін төңірегіндегі түйткілдерді қатаң реттеу қажет екенін тағы да мәлімдеген еді. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: