Қазақтың талай романы қыздың көз жасынан басталып, қоғамның қасаң санасына барып тіреледі. «Бақытсыз Жамал» – еркінен айырылған қазақ қызының зары, «Қалың мал» – қызды тағдыр иесі емес, айырбас нысанына айналдырған ортаның шындығы, «Қамар сұлу» – әйел теңсіздігінің қанды жарасы, «Ақбілек» – әйел жанының қорғансыздығы мен қайсарлығы, «Ұлпан» – қазақ әйелінің кемел болмысы мен күрделі тағдыры. Бұл шығармалардың бәрі әр кезеңде жазылды, әртүрлі тағдырды суреттеді, бірақ бәрін біріктіретін бір шындық бар, яғни қыздың өмірі өз еркінен тыс шешілген жерде қоғамның да жүзі қараяды. Арада ғасыр өтсе де, сол ескі жараның табы әлі толық өшкен жоқ.
Біз отбасын киелі, некені қасиетті дейміз. Бірақ сол қасиетті ұғымдардың саясында кейде бір адамның еркін тартып алып, тағдырын зорлықпен бұрып жіберетін қатыгездік те кездеседі. Алыпқашпа әңгімедегі «алып қашу дәстүрі» дегеннен гөрі, мәжбүрлі неке дегеніміз дұрыс шығар. Біреудің өміріне сырттан үкім шығару кезінде ешқандай махаббат жеңіске жетпейді. Сондықтан мұндай құбылысты салт деп жұмсарту да, тұрмыс деп жеңілдету де, «кейін үйреніп кетеді» деп жұбату да – тозығы жеткен амал. Ал бұл амалдың арты кезінде бала-шаға бағумен жалғасса, қазір темір тормен тaмамдалады. Әлқисса…
Қоғамда «қыз алып қашу» туралы әңгіме көбіне екі ұшты айтылады. Бірі оны бірден қылмыс деп таниды, енді бірі «екі жастың мәселесі», «баяғыдан бар дәстүр», «кейін бәрібір келісіп кетеді» деген ескі түсінікке сүйенеді. Дәл осы тұста мәселенің саяси-қоғамдық салмағы ашылады. Өйткені мемлекет пен қоғам адамның негізгі құқығына қатысты нәрседе екіұшты болмауы тиіс. Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеу материалында респонденттердің 62 пайызы мұндай әрекетке теріс қарайтыны, 14,4 пайызы «көбірек теріс» қарайтыны көрсетілген. Бірақ сонымен бірге 17,4 пайыздың бейтарап ұстанымы, 4,2 пайыздың «көбірек оң», ал 2 пайыздың ашық оң көзқарасы сақталғаны жарияланған. Зерттеушілер мұның мазасыз статистика екенін алға тартады. Себебі әйелдің өз еркінен тыс әкетіліп, некеге итермеленуінің артында қысым мен қастандықтың ізі менмұндалайды.
Газет оқырманы үшін мәселені мейлінше ашық айту керек. Мәжбүрлі некенің ешқандай мәні жоқ, өйткені оның іргесі өзара құрметке емес, қорқынышқа қаланады. Неке дегеніміз құқықтық та, адамгершілік те тұрғыдан ер мен әйелдің тең әрі ерікті одағы болуы керек. Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) жариялаған әлеуметтік шолуда, сондай-ақ отбасы мәселесіне арналған өзге талдамалық материалдарда да қолданыстағы құқықтық түсінік анық берілген. Онда: неке – ер мен әйелдің еркін және толық келісімі негізінде жасалатын тең одақ. Демек келісімсіз қиылған «неке» заңдық формасы бардай көрінгенімен, моральдық негізі жоқ. Оның салдары тұтас ұрпақтың психологиясын бүлдіреді. Өйткені зорлықпен басталған отаудан жарасым емес, жара қалады.
Мәжбүрлі неке туралы сөз болғанда көпшілік назарды тек оқиғаның өзіне аударады да, оның ұзақмерзімді салдарын екінші қатарға ысырып қояды. Ал шын мәнінде ең ауыр зардап көбіне содан кейін басталатыны түсінікті емес пе?! Өз келісімінсіз бір үйдің табалдырығын аттаған қыз психологиялық күйзелісті бастан кешіреді, отбасылық оқшаулануға ұшырайды, көп жағдайда жақындарынан да, құқықтық қорғаудан да ажырап қалады. Оның үнсіздігі көбіне келісім емес, аман қалу амалы ғана болуы мүмкін. ҚҚДИ-дың гендерлік ахуалға арналған есебінде қоғамда әйелдерге қатысты зорлық пен қысымның түрлі формасы әлі де қалыпты құбылыс ретінде қабылданып отырғаны, ал осындай құқықбұзушылықтарға абсолютті төзбеушілік ахуалын қалыптастыру қажет екені арнайы айтылған. Институт бұл бағытта құқық қорғау органдарының жауапкершілігін күшейтуді, мұндай істерді жария кеңістікте көбірек ашық талқылауды және әйелдерге жедел құқықтық көмек беретін сарапшылар базасын қалыптастыруды ұсынады. Бұл ұсыныстардың өзі мәселенің жүйелі сипат алғанын байқатады.
Мына сауал айналасында санаға сәл салмақ түсірейік. Қыз ұрлау мен мәжбүрлі некеге неге әлі күнге дейін белгілі бір ортада кешіріммен қарайды? Мұның жауабы санада жатыр. Кей өңірде ер адамның бастамасы, әулеттің абыройы, үлкендердің сөзі, қыздың «ұят болады» деген қорқынышы оның өз таңдауынан жоғары қойылады. Сөйтіп жеке тұлғаның еркі отбасы мен орта қысымының астында қалады. Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінде тек 54 пайыз қазақстандық қыз өз келісімінсіз ұрланса, құқық қорғау органдарына жүгінуі тиіс деп есептейтіні жазылған. Ал 18,4 пайызы «кетсін, бірақ полицияға айтпасын» дейді. Ең алаңдатарлығы, 11,7 пайыз респондент қыз ұрланғаннан кейін сол үйде қалып, ұрлаған адамға тұрмысқа шыққаны дұрыс деп санайды. Мұны құқықтық мемлекет үшін катастрофа ретінде қабылдасақ та артық емес.
Қазақстандық қоғамдық даму институты деректері нені көрсетеді?
| Көрсеткіш | Үлес |
| Қызды өз еркінен тыс алып қашуға теріс қарайтындар | 62% |
| Көбірек теріс қарайтындар | 14,4% |
| Бейтарап қарайтындар | 17,4% |
| Көбірек оң қарайтындар | 4,2% |
| Оң қарайтындар | 2% |
Дереккөз: Қазақстандық қоғамдық даму институтының мәжбүрлі неке мен қыз алып қашу тәжірибесіне арналған жарияланымы және гендерлік әлеуметтік шолуда келтірілген мәліметтер.
Бұл кестеге қарап отырып, «көпшілік қарсы екен ғой» деп өзімізді жұбатуға болатын шығар. Бірақ журналистік тұрғыдан қарасақ, мәселе басқаша. Егер қоғамның төрттен біріне жуығы мұндай әрекетке бейтарап не оң қабақ танытса, бұл мәселе әлі толық моральдық айыптау аймағына өтпегенін білдіреді. Яғни қыздың тағдырын өзінен сұрамай шешуге болмайтыны бәріне бірдей айқын қағидаға айнала қоймаған. Қоғам үшін ең қатерлі тұсы да – осы. Заңнан бұрын сана өзгермесе, құқықтық норма қағазда қалады. Ал сана өзгеруі үшін мұндай әрекетті «оқыс оқиға» ретінде емес, адам құқығына қол сұғу, бостандықты тартып алу, өмір жолын күшпен бұру деп танитын анық ұстаным керек.
Қоғамның реакциясы да – мәселенің бір бөлігі
| Жауап нұсқасы | Үлес |
| Қыз кетіп, құқық қорғау органдарына жүгінуі керек | 54% |
| Қыз кетіп, бірақ полицияға хабарламауы керек | 18,4% |
| Қыз сол үйде қалып, ұрлаған адамға тұрмысқа шығуы керек | 11,7% |
| Жауап беруге қиналғандар | 15,9% |
Дереккөз: Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтік шолуы.
Осы сандардың өзі қоғамдағы үнсіз келісімнің қандай қауіпті екенін көрсетеді. «Шықсын, бірақ арыз жазбасын» деген ұстаным да шын мәнінде әділетті емес. Себебі ол қылмысты жасыруға жол ашады. Ал «қалсын да, тұрмысқа шықсын» дейтін түсінік адам тағдырын біржола жоққа шығарады. Бұл жерде мәселе махаббат туралы емес, билік туралы болып тұр. «Біреудің өміріне кім әмір жүргізеді?» деген сұрақ алға шығады. Егер қыздың өз таңдауы шешуші рөл атқармаса, онда неке туралы емес, бағындыру туралы айтып отырмыз. Сондықтан мұндай мәтіндерде мәселені жұмсартып, «дәстүр дауы» деңгейінде қалдыру – қателік. Мұны құқық, қауіпсіздік, ар-ождан және азаматтық еркіндік мәселесі десек дұрыс шығар.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтік шолуында әйелдерге қатысты зорлық, қудалау, қоқан-лоқы мәселесі кең контексте қарастырылады. Онда азаматтардың 5 пайыздан астамы физикалық зорлық қаупімен бетпе-бет келгені, ал жыныстық қысымға тап болғандар үлесі де шамамен 5 пайыз болғаны айтылады. Ал әйелдер мұндай қысымға ерлерге қарағанда он есе жиі ұшырасатыны көрсетілген. Бұл деректерді мәжбүрлі неке тақырыбынан бөлек қарауға болмайды. Өйткені олардың барлығы бір түбірден тарайды. Әйелдің еркі екінші кезекке ығыстырылған қоғамда қысым түрлері әртүрлі формада көрініс береді. Бүгін ол «қыз алып қашу» болса, ертең ол отбасылық зорлық, экономикалық тәуелділік, оқшаулау, үнін өшіру түрінде жалғасуы мүмкін.
Саяси сауатты қоғам дегеніміз тек сайлау мен партияны талқылайтын қоғам емес. Нағыз саяси кемелдік адамның негізгі құқығын ұсақ-түйекке баламайтын ортадан көрінеді. Егер мемлекет азаматтың еркін таңдауы қорғалатын кеңістік жасай алмаса, онда оның құқықтық беделі де әлсірейді. Сол себепті Қазақстандық қоғамдық даму институты өз талдамасында мұндай әрекеттерге «нөлдік төзімділік» қағидатын енгізу қажет екенін, құқық қорғау органдары үшін нақты жауапкершілік тетіктерін күшейту керегін, ал әйелдерге жедел құқықтық және ақпараттық көмек арналары қолжетімді болуы тиіс екенін ұсынады. Бұл жерде медианың да жауапкершілігі айрықша. Егер баспасөз мәжбүрлі некені «романтикалық оқиға», «әттеген-айға» толы тұрмыстық сюжет, яки «екі жастың арасындағы келіспеушілік» ретінде ұсынса, ол шындықты бүркемелейді. Ал егер мәселені адам құқығының бұзылуы, зорлықтың бір түрі, құқықтық әлсіздіктің көрінісі ретінде көтерсе, қоғамға ой салады. Газет сөзі дәл осы тұста керек. Өйткені ауылдағы, аудандағы, шағын қаладағы оқырманға заң тілі емес, анық азаматтық ұстаным жетуі тиіс. Қыздың келісімінсіз қиылған неке қасиетті болмайды. Қазақ қоғамы отбасын қадірлеймін десе, ең әуелі сол отбасының іргесін еркін келісім мен құрметке құруы керек. Күшпен құрылған шаңырақтың киесі болмайды.
Таңдаусыз тағдыр – тағдыр емес, тартып алынған өмір. Ал тартып алынған өмірден бақыт шықпайды. Қоғам мұны неғұрлым ертерек түсінсе, соғұрлым ұтады. Отбасының қадірін де, дәстүрдің абыройын да, заңның беделін де сақтайтын бір ғана жол бар. Ол – адамның еркін таңдауын бұлжымас қағида ретінде мойындау.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
P.S. Кейде қоғам қиянатты романтикаға ұқсатып көрсеткісі келеді. Бірақ келісімсіз басталған жерден махаббат шықпайды. Қыздың еркін тартып алып, үнсіздігін көнгендікке жоритын жұрт ертең өз ұрпағына қандай адамдық қалдырады?
Фото: Жасанды интеллекті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!