Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жүйелі сөздің жүйрігі Жәнібек!»

23.08.2024, 10:00 194

«Еңбек етсең арта бермек мәртебең,

Аймағыңда асатын жан жоқ сенен» – Мақтымқұлы.

Осынау тәмсілдің өміршеңдігін Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде өткізілген «Жүйелі сөздің жүйрігі Жәнібек!» атты әдеби сазды шығармашылық кеш тағы да дәлелдеді.

Еңбек ардагері, ақын Сармолда Жәнібектің 70 жас мерейтойына орай өткізілген осынау шара ауылдық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмемен басталды. Онда Жәнібек Сармолданың өмірі мен еңбек жолы көпшілікке таныстырылды.

Кешті «Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» жетекші маманы Б.Табынбай кіріспе сөзбен ашып, Майдакөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы С.Оразбаева аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады. Ал, ауылдық Әйелдер кеңесінің төрайымы Қ.Бекжанова құттықтау сөз сөйледі.

Кеш барысында Жәнібек ағамыздың «Маңдай тер» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, облыстық деңгейдегі ақындар мүшайрасы ұйымдастырылды. Екі кезеңнен құралған мүшайра өте тартымдылығымен ерекшеленді. Айта кетерлігі, Жәнібек Сармолданың жұбайы Шакизада Мұғырқызы кезінде механизатор қыздардан құралған «Сұңқар» тобының жетекші ретінде ауыл экономикасының алға басуына сүбелі үлес қосқан. Мүшайра барысында қатысушы ақындар «Сұңқар» тобы туралы залдан түскен тақырыпқа сай жыр шумақтарын арнады. Көрермендер де қалыс қалмай өздерінің естеліктерімен бөлісті.

Қазылар алқасы шешімімен Қызылорда қаласынан келген ақын Санақұл Бексұлтан бас жүлдені жеңіп алса, Бекарыстандық Сырлыбай Қанат І орынды иеленді. ІІ орынды Аралдық Әбдірауышова Мөлдір, ІІІ орынды  Сырдариялық ақын Аймағанбет Темірхан мен Қазалылық Шәкірат Темірхан еншіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен сый-сияпат табыс етілді.

«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» деген осы болар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: