HALYQLINE.KZ 2012 жылы қазан айында Өскемен қаласында өткен аймақтық іріктеу айтысында жеребе сахнада тартылып, Балғынбек Имашевтың қарсыласы жас ақын Жақсылық Орынбасар болады. Жүрсін Ерман ақындарды сахнаға шақырып хабарлағанда Балғынбек жалғыз өзі шығып, қарсыласын біраз күтіп қалады. Кезек келе қояр деп ойламаған Жақсылық бір бөлмеде алаңсыз намаз оқып тұрып, өзін сахнаға шақырғанын кейін біліп, кешігіп шығады. Сонда сөз бастаған Балғынбек қарсыласының есімін меңзеп:
“Ақындар келсе ордаңа,
Жырдан сарай орнайды.
Қарсыласың жоқ болса,
Айтысқанда сол қайғы.
Жақсылықтың бірақ та
Ерте-кеші болмайды!”, – дейді. Сонда жас ақын Жақсылық:
“Мен келгенше таппадың неге тыным?
Жақсылығың бар еді көретұғын.
Намаз оқып кешігіп қалып едім,
Ағасы жөнің жоқ ғой сөгетұғын.
Жақсылық жайлы мақал айтып тұрсаң,
Менің де жауабым бар беретұғын.
Мына халық онсыз да жақсы біледі,
Сөзіме айтсам қазір сенетұғын.
Жамандықтың әрқашан алда жүріп,
Жақсылықтың асықпай келетінін”, – деген екен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!