Қызылордада V Ұлттық құрылтай аясында көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Айналдым сенен, Атамекен» атты гала концерт ұйымдастырылды. Сазды кеш Қызылорданың «Өнер орталығында» өтті.
Мерекелік концертке мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары мен қала тұрғындары қатысты. Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған, елге кеңінен танымал патриоттық және лирикалық әндер орындалды.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Сыр өңірінде өтіп жатқан бұл мәдени шараның символдық мәні зор. 1925 жылы Ақмешіт қаласында өткен V съезде ұлттың тарихи атауы қайтарылып, қала Қызылорда атанғаны белгілі. Арада жүз жыл өткенде аймақ ел болашағына қатысты маңызды ойлар тоғысқан алаңға қайта айналып отыр.
Гала концертте қазақ руханиятында сөз бен саздың үйлесімін қалыптастырған шығармашылық тандемнің жемістері кеңінен насихатталды. Әсіресе Шөмішбай Сариев пен композитор Кеңес Дүйсекеевтің бірлескен туындыларына ерекше көңіл бөлінді. Бұл шығармалар қазақ эстрадасында терең мағынасы мен ұлттық рухты айқын жеткізетін туындылар ретінде бағаланады.
Кеш барысында Кеңес Дүйсекеевтің әніне жазылған «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел», «Анаға хат», «Өкінбе сен» сынды әндер шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт соңында ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған кештің мәртебелі қонақтарына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің атынан ықылас гүлі табысталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!