Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық болмыстың алтын арқауы

21.05.2024, 16:40 251

Қолөнер дәстүрін жалғастырып жүргендер жетерлік. Тіпті, оны кәсібі ғана емес, өмірлік бағыты етіп алғандар да бар. Қазақтың бағзы заманнан жеткен қасиетті өнерінің бүгінде ел жадында қайта жаңғыруына үлес қосып жүргендердің қатарында Азат Мырзаева да бар. Қолөнер саласында жүргеніне көп жылдың жүзі болған шебер жақында Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында есеп беру шығармашылық кешін өткізіп, көптің ықыласына бөленді. Һәм жұртшылық автордың қолөнер бұйымдарымен танысып, шығармашылығына жоғары баға берді.

Кеш көрмеден бастау алды, онда Азат Мырзаеваның қолынан шыққан таңғажайып қолөнер туындылары қойылды. Көрмеде әртүрлі ұлттық нақыштағы бұйымдар, сәнді киімдер мен зергерлік әшекейлер көпшіліктің назарына ұсынылды. Әсіресе, ұлттық киімдер мен әшекейлердің ерекше дизайны мен қолөнер шеберлігінің жоғары деңгейі көрермендерді таңдандырды.

Азат Мырзаева өзінің әрбір бұйымын тек қолөнердің шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен тарихтың элементтерін біріктіре отырып жасаған. Оның әрбір туындысы қазақ халқының бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрін және өнерін танытады.

Қолөнер шебері бала кезінен этно стильге қызығып, ата-анасының қолдауымен осы дүниені игерген. Оның кәсібі ұлттық мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған. Ол тек қолөнер бұйымдарын жасап қана қоймай, осы өнердің қазіргі заманғы қоғамдағы маңыздылығын арттыруға күш салады.

Қолөнершілік – тек ұлттық мәдениетті сақтаудың құралы ғана емес, сонымен қатар, экономиканың маңызды саласы. Сәнді бұйымдар тек тұрмыстық қажеттіліктерді қанағаттандырумен шектелмей, сән әлемінде де үлкен сұранысқа ие. Жастар арасында қолөнерге қызығушылық артып, көптеген жастар осы салада өздерінің кәсіби жолдарын бастауға бел бууда. Сонымен қатар, мұндай өнімдер экологиялық таза материалдардан жасалып, табиғатты қорғауға да өз үлесін қосады.

Айзат Мырзаеваның қолөнер саласына қосқан үлесі – киізді заманауи әдіспен өңдеп, бұйымын жасау. Яғни киіз басу технологиясына жаңалық енгізген автор өз білгенін шәкірттерге үйретіп, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруда. Сонымен бірге автор республикалық «Ұлттық өнер – рухани қазына» танымдық журналын шығарып, оқырмандардың өнерге деген қызығушылығын қанағаттандырып келеді.

Есеп беру кешінде облыстық мәдениет және архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Айжан Тұрғанбекқызы, Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Әбілқайыр Сыздықов сөз алып, қолөнер шеберін тағы бір бағындырған биігімен құттықтап, басқарма басшысының ақжарма тілегін табыстады.

  • Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Ол – қашанда халықтың тұрмысы мен жадында сақталып тұратын киелі дүниелер. Біз бүгін Азат Мырзаеваның қолөнер бұйымдарын тамашалап жатырмыз. Мұнда қазақтың бай тарихы мен мәдениеті көрініс тапқан. Міне, ұлттық биіктікті сезіну – осы. Бүгінгі мерейлі сәтіңізбен құттықтаймын, – деді Айжан Тұрғанбекқызы.

Салтанатты іс-шарада қолөнер шеберінің туыстары, жерлестері, шығармашалық жолында бірге жүрген әріптестері де сахнаға шығып, өз құттықтауын табыстады. Азат Мырзаеваның шығармашылық кешіне арнайы келген әнші, сазгер Үкітай Ерниязов ән орындап, концерттік бағдарламаның көркін қыздырды.

Салтанатты жиында Азат Мырзаеваның шығармашылық жолда жүрген әріптесі,  қолөнер шебері Пахриддин Садықов өз ой-пікірімен бөлісті.

  • Қазақ – қашанда идеал жолды ұстанған халық. Оның өмірі – тұнып тұрған өнеге. Біздің ата-бабамыз тазалықтың, ар-ұяттың, биіктіктің, абыройдың, байлық пен имандылықтың аражігін осы қолөнер арқылы жалпақ жұртқа ұсынған. Міне, осы дүниені қолөнерде пайдалана білсең, сенің шығармашылығың – ең көркемі, ең артығы. Мен Азаттың шығармашылығында осы дүниелерді пайдалануын көремін. Барлығын өз орнымен, қалып-тұрпатымен іске асырып, киіз арқылы ұлыстың өз өмірін өзіне айнасыз бейнелейді. Сондықтан да мен және басқа да әріптестері Азат Сұлтанқызының шығармашылығына ерекше баға береміз, құрметтейміз, – деді Пахриддин Садықов. 

Бүгінде 100-ге жуық шәкіртке қолөнерді үйретіп жүрген автор киіз басудың жаңа технологиясын қолдану арқылы көршілес мемлекеттерге жолдама ұтып алып жүр. Шеберлігінің қыр-сырын анадан дарыған қасиет деп бағалаған шебер қолөнерді барлығы игергенін қалайды.

Анамыз ауылға белгілі шебер еді. Ауылда әлі күнге дейін ол кісінің қолынан шыққан кілемдер бар. Осы еңбекті әрі қарай дамытуды ойлап, қолөнермен айналысуды бастағанмын. Бастапқыда интернет арқылы қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын іздеп көрген едім. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Айдана Әлайдарова киіз басудың жаңа технологиясын үйретіп, аяқкиім әзірлеуден бастадым. Әрі қарай өзім меңгеріп,  түрлі үлгі бойынша киім басуды қолға алдым. Оның өзгешелігі, алдымен эскизін сызып алып, киімді киізден басып, дайын болған соң оюды инемен шаншып орналастырамыз.

Қазір Оқушылар мен жасөспірімдер үйінде қолөнер үйірмесінің жетекшісімін, оған қоса, «Бегімбай» өнер орталығында киіз басу үйірмесіне жетекшілік етемін. Осы күні киімдердің үлгісін әзірлеп берсем, үйірмедегі оқушылар дайындайды. Киім жасауға қажетті өнімдерді өз қаражатыма сатып аламын, – дейді А.Мырзаева.

Туған өлкеде өткен «Туған елге тағзым» шығармашылық кеші ұлттық қолөнердің құндылығын, оның қазіргі қоғамдағы маңыздылығын және болашақ ұрпаққа берер тәлімін көрсететін тағылымды жиын болды. Азат Мырзаева өз өнері арқылы ұлттық мәдениеттің байлығын дәріптеп, қолөнершіліктің мәртебесін арттыруда үлкен еңбек сіңіруде. Оның шығармашылығы жас ұрпаққа үлгі болып, қолөнердің жаңа қырларын ашуға жол салары сөзсіз.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ,

Жаңақорған ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: