Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр мәдениеті – ұлттың мәйегі

11.12.2025, 9:20 52

Бүгінде Қызылорда  облысы  бойынша 413 мәдениет, өнер және архив мекемесі жұмыс істейді. Оның 209-ы – кітапхана, 172-сі – мәдениет үйі мен клуб, 14-і – музей, 11-і – архив және 2-еуі – театр. Мұнан өзге облыстық филармония, тарихи мәдени-мұраны қорғау, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік, «Анаға тағзым» орталықтары, қалалық парк халыққа қызмет көрсетеді. Тағы бір өте маңызды статистикалық деректі айтып өтейік. Облыс бойынша мәдениет, өнер және архив мекемелерінде 3 953 адам жұмыс істесе, оның 1 896-сы – шығармашылық маман. Аймақтағы 172 мәдениет үйі мен  клубтың 148-і ауылдық  жерлерде орналасқан.

Облыс мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында  осы  жылдың  11 айында  14 мыңға  жуық  (13 908) мәдени іс-шара  өткізіліп, оған 1 миллионнан аса (1 млн 155 мың 329) көрермен  қамтылған.

Өткен аптада саладағы сан қилы жұмыс­тарды облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов Өңірлік коммуникациялар қыз­метінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте мәлімдеді. Ол Сырдың Сол жаға­лауынан қоныс тепкен облыстық тарихи-өлкет­ану  музейінің  ғимаратында  өтті.

Мәдениет саласында соңғы 3 жылда жаңадан 19 мәдениет нысаны бой көтерген. Оның   8-і – ауылдық клуб, 7-еуі «Руханият орталықтары» және Анаға тағзым, Отбасы, Өнер орталықтары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі. Мұның әрқайсысы – сәулеті келіскен, маңызы жоғары әрі бір-бір тақырып арнау­ға болатындай  ғимараттар.  Ал  былтырдан  бастап «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында  3 ауылдық клубтың құрылысы жүргізіліп жатыр.

– Алыс-жақын шетелдер мен еліміздің өзге өңірлерінде өткен 33 халықаралық, 32 респуб­ликалық, 10 аймақтық конкурсқа аймағымыздан 500-ге  жуық  өнерпаз, 25 би тобы қатысып, 72  бас  жүлдені, 140  жүлделі  орынды  иеленді.

Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында 191 спектакль көрерменге ұсынылды. Оның 73-і – драмалық, 118-і – балалар мен қуыршақ спектаклі. Барлық спектакльге 35 780 көрермен қамтылды.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 2025 жылы 3 халық­аралық, 1  республикалық  фестивальге  қатысып, 3 бас жүлде мен І орынды иеленді, — деді Жанмұрат  Жақсымұратұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Ұлттық құрылтайда Наурыз мейра­мын  кең  көлемде  атап  өту тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өнерпаздары 2025 жылдың наурыз айында Еуропаның Финлян­дия, Эстония, Испания елдерінің Хельсинки, Таллин, Мадрид қалаларында еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде  насихаттап, Өнер  күндерін  өткізген.

Ал қазан айында ғана Республика күніне және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай, Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр  өнерпаздарының  концерті  өтті.

Одан өзге осы жылдың 20-21 қыркүйек күндері ұлы Абайдың 180 жылдығы мерейтойы құрметіне орай Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында Қызылорда облысының Өнер күндері ұйымдастырылды. Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің бай мәдениеті мен әдебиеті­нен, тарихы мен өнерінен ақпар бере­тін қайталанбас құнды жәдігерлерден «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тақырыбында  көшпелі  көрме  өтті.

– Қазір облыс архивтерінде 3 616 қорда 821 061 сақтау бірлігі (іс-құжат) сақталған. Есепті мерзімде Ұлттық архив қорына 9503 сақтау бірлігі мемлекеттік сақтауға қабыл­данды. Құжаттар­ды цифрлық нұсқаға көшіру жұмыстары  жалғасын  табуда. Бүгінгі күнге архив  құжаттарының 19 546 сақтау бірлігі  (2 006 251)  цифрландырылды.

Осы жылдың ақпан айында Қызылорда қаласының  ҚазақАКСР-ның   астанасы   болғанына 100  жыл  толуына орай Өзбекстан Рес­публикасының архивінен облыс тарихына қатысты деректердің көшірмесі алынды. Құжат­тар «Қызыл­орданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда және «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» респуб­ликалық семинардағы көрмеде қойылды, — деді облыс­тық  мәдениет, архивтер  және  құжат­тама  басқармасының  басшысы.

Облыс бойынша барлығы 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Музейлердің жалпы қоры 165 680 экспонатты құрайды. Онда келушілер саны өткен жылғы осы мерзімді кезеңмен салыс­тырғанда  38  пайызға  артқан.

– Аймақ басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің Сол жағалауынан құны 2,3 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгіде 85 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты биыл маусым айында пайдалануға берілді. Музей қорында 70 мыңға жуық құнды экспонаттар мен артефактілер сақталуда.

Жаңадан салынған кең әрі технологиялық ғимаратта орналасқан облыстық тарихи-өлке­тану музейінде киелі мұра, археология, палеонтология, этнография, Қазақ хандығы кезеңі, Алашорда қозғалысының мұрасы, тәуелсіздік жылдары және өзге де тарихи кезеңдерді қамтитын 12 экспозициялық зал қалыптасты. Экспонаттарды көрермендерге таныстыруға жаңа ғимаратта жасанды интеллект элементтері, 6 LED экран, 1 голографиялық желдеткіш, 22 Touch-панель, 5 цифрлық проекция, 2 смарт витрина  пайдаланылуда.

Осы жылдың қыркүйек айында ҚР Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, «Түрксой» музейлер кеңесімен бірлескен Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көшпелі көрмесі  өткізілді. Көрмеге музей  қорындағы 300-ге жуық түпнұсқа жәдігер қойылды, — деді Жанмұрат  Сейілов.

Аймақта 459 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның 31-і – республикалық, 398-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мем­лекеттік тізіміне енгізілген болса, 30 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының  тізімінде  тұр.

Сонымен қатар, облыста 209 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. 40 кітап­хана жеке ғимаратта, 94-і – мәдениет үйлері мен клубтарда, 21-і – мектептерде, 54-і өзге ғимараттарда  орналасқан.

– Облыс кітапханаларының жалпы кітап қоры – 4 552 346 дана. Жыл басынан бері облыс кітапханалары 236 847 оқырманға қызмет көрсетіп, кітап берілімі 4 млн 7 мың 685 дананы, келушілер саны 1 млн 769 мың 844 адамды құрады. Облыс кітапханаларының қорына 11 972 дана жаңа әдебиет алынды, 1100 кітап (192 697 бет), цифрлық  форматқа  көшірілді.

Мемлекет басшысының биылғы өңірге келген сапарында Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылорда қаласында салынуы мүмкін екені айтылды. Осының негізінде бүгінгі күні Қызылорда қаласында типтік жобада, заманауи үлгіде жаңа кітапхана салу жобасының тұжырымдамасы әзірленуде, — деп нақтылады  Жанмұрат  Жақсымұратұлы.

Шыны керек, жыл көлемінде аймақтың мәде­ниет саласы бойынша айтулы оқиғалар мен жаңалықтарға толы болды деуге негіз бар. Мысалы, жыл басында Шымкент қаласында өткен республикалық айтыста Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыраны» иеленген еді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдение­ті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай өткізілген «Ұлт  руханиятының шамшырағы» атты рес­пуб­ликалық айтыста 3 дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыстың ақтаңгері, театр басшысы Мұхтар Ниязов бас жүлдені, Н.Тілен­диевтің 100  жылдығына  арналған  халықаралық  айтыс­та  ақын, «Алтын домбыра» иегері Мейір­бек Сұлтанхан бас жүлдені, Астанада өткен «Алтын домбыра – 2025» сөз бәйгесінде жерлесі­міз, айтыскер ақын Бексұлтан Орынбасаров  І орын иегері атанды.

Биыл 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызмет­керлері күніне орай облыстық филармонияның әншісі, мәдениет қайраткері Үміткүл Медеуова «Құрмет» орденімен, жырау, Сыр сүлейлерінің ізбасары Айбек Тәңірбергенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны  тағы  бар.

Бұл мәдениет саласындағы жұмыстардың белгілі бір бөлігі ғана. Қалай десек те, Сыр мәде­ниеті ұлттың сұңғыла мәйегіне айналып үлгерді. Оған мысалдың бірсыпырасын жоғарыда келтіріп өттік. Басқарма басшысы брифинг­ті қорытындылап, алдағы атқарылар жұмыстардың да шет-жағасынан хабар беріп өтті. Жиын соңында бірқатар журналиске сала­ны жыл бойына ақпараттандырғаны үшін алғыс  білдіріп, естелік  суретке  түсті.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: