Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сыр әзілі» сахнаға қайта оралды

29.11.2021, 11:45 1180

HALYQLINE.KZ Алғашқы «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры жанынан құрылды. Актерлік құрамда белгілі өнер иелері Якуда Халықұлов, Бақтияр Есенов, Залипа Төлепова, Серік Төлепов өнер көрсетті.

1994 жылы «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауы – Қызылорда Облыстық филармония жанына ауысты. Алматы театр студиясының түлегі Бақтияр Есенов әзіл-сықақ отауының жетекшісі болып бекітіліп, 1999 жылғы 1 сәуір – Күлкі күніне орай қала көрермендеріне әзіл-сықақ бағдарламасын ұсынып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Таудай талап пен табиғи талантты тоғыстыра білген актерлік құрамда – Жетес Жолдасбаев, Серік Төлепов, Яһуда Халықұлов, Құрманбек Боранбаев, Ләйла Насымханова, Үміт Медеуова секілді өнерпаздар болды. Кейінірек «Сыр әзілі» ойын-сауық отауына талантты актер Яһуда Халықұлов басшылық жасады.

2002 жылы Алматы қаласында өткен 1-ші Республикалық әзіл-сықақ байқауында «Сыр әзілі» ойын-сауық отауының сахнагерлері Серік Төлепов пен Құрманбек Боранбаев «Үздік актер» номинациясымен марапатталды. 2003 жылы әзіл-сықақ отауы Нартай Бекежанов атындағы театр жанына қайта көшірілді. Бектеміс Ботбаев, Залипа Төлепова, Дінмұхамед Әлжаппаров, Серік Төлепов, Дархан Пірназар, Ұғым Баймаханов, Руслан Ахметов, Нұрхан Көшербаев, Зауре Көздібаева, Айгүл Байдалиева, Қуанышкүл Боранбаева және тағы басқа театр актерлері өнер көрсетті.

2005 жылға дейін халыққа үздіксіз күлкі, жақсы көңіл-күй сыйлаған «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауы 2005 жылы өз жұмысын тоқтатты. 2009 жылы актер Дінмұхамед Әлжаппаров қайта қолға алып, 2010 жылға дейін кезекті бағдарламалар ұсынды. Бүгін міне, араға 11 жыл салып, өнерде өшпес із қалдырған ағалардың салып кеткен сара жолын қайта жаңғыртып, Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрынан «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауы өз жұмысын бастады. Театр актері Данияр Сабыровтың жетекшілігімен актерлік құрамда Серік Төлепов, Еркін Асанов, Бауыржан Ошақбаев, Ақсамал Сағымбаева, Қуаныш Құрманбек, Қайрат Жанұзақ секілді өнер иелері әзіл-қалжыңға толы жаңа бағдарламаны үстіміздегі жылдың 27 қараша күні қалың көрерменге паш етті.

Бағдарламаның тұсаукесеріне белгілі актер Амантуров Шакен арнайы келіп, әріптестерімен бір сахнада өнер көрсетті. Кеш соңында жаңа әзіл-сықақ отауына сәттілік тілеп, сый-сияпат ұсынды. Сонымен қатар, Ринат Үсенов, Бекзат Молабергенов, «Тұран» триосы, «Алишер мен Арай» дуэті және «Меховая 8/1» тобы өнер көрсетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: