«Алтын күз» мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде еңбек ардагері, Нартай Бекежановтың өнерін жалғастырушы айтыскер ақын, өнер жанашыры Құрбан Қожамжарұлының 90 жылдығына арналған «Сұлу сөз терген саңлақ» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтысты Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов ашып беріп, шабыты тасыған ақындарға сәттілік тіледі.
Сөз додасын бастамас бұрын әкеге деген құрмет, әкеге деген сағыныш ретінде Құрбан Қожамжарұлының ұрпақтарының демеушілігімен жарық көріп, оқырманға жол тартқан «Мәуелі бәйтерек» атты ғұмырнамалық кітаптың тұсауы кесілді.
Дүбірлі додаға талай бәйгеде топ жарып, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Ержан Әміров, Рүстем Қайыртай, Дидар Қамиев, Аспанбек Шұғатаев, Мұхаммеджан Мансұр бастаған сегіз ақын қатысты.
Айтысты айтыскер ақын Иранғайып Күзембаев жүргізіп, ақындардың өнеріне айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп, ақын, Қазақстан Республикасының Өнер қайраткері Серік Ыдырысов, «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрмат Мансұр қазылық жасады.
Бірінен бірі өткен сөз барымтасында бас жүлдені әр айтысы бір жаңалық, атамұра өнеріміздің оза шапқан жүйрігі Ержан Әміров иеленді. I орынды Түркістанның тарланы Бекарыс Шойбеков иеленсе, II орын Қызылорда облысының сырбаз ақыны Мұхтар Ниязовқа бұйырды. III орынды Арқалық қаласынан келген Айбек Қалиев жеңіп алды.
Сонымен қатар, айтысқа қатысушы ақындарға ынталандыру сыйлығы берілді. Барлық ақындар қаржылай сыйақымен марапатталды.
Еңбек ардагері, Нартай Бекежановтың өнерін жалғастырушы айтыскер ақын, өнер жанашыры Құрбан Қожамжарұлының 90 жылдығына арналған «Сұлу сөз терген саңлақ» атты республикалық ақындар айтысының Бас демеушісі – Құрбандай асқар тау әкеден тәлім-тәрбие алған Құрбан Қожамжарұлының ұрпақтары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!