Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соры қалың қазақ киносын қайтсек құтқарамыз?

05.06.2020, 15:35 1016

HALYQLINE.KZ 

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылып, жұмысын бастағанда, елтіп кетпесек те, етегінен тартпадық, күдігіміз болса да, кесір сөз айтпадық, жақсылықтан үміттендік, қолдадық-қолпаштадық.

Ақыры не болды?

Әуелі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Гүлнар Болатқызы Сәрсенова пара алды деген күдікпен ұсталғанда, тіксініп қалдық. Соның алдында ғана Гүлнар Болатқызы түрлі сайттарда әрі-сәрі ойға жетелейтін жазбасын жанталаса жариялаған. Ол жазбасында биылғы коронавирус әкелген лаңның қиыншылығы, сонда да ел кино өнерінің майталмандарын оған мойымай қарсы тұратынына сенетінін, осы жолда мұқым киногерлер мен киносүйер қауымды әрекет етуге шақыратынын «елжірей» айтады. Сүйдейді де, өзінің бұл қиын кезеңде не пайда келтірмек екенін жазады. Гүлнар ханым өткен жылғы бірінші питчингте өзінің «Нартай» атты көркем фильміне (өзі Кино орталығына басшысы болып келе салып) бөлінген 380 миллион теңгені Орталыққа қайтаратынын, оған қоса, өз қалтасынан Кино орталығы игілігі үшін және 40 миллион қосатынын айтады. «Пах!» дедік! «Жаса!» дедік біз де «елжіреп». Сөйтсек, «бақсақ, бақа екен» дегендей, ертесіне-ақ айыпқа ілінді… Сәрә, «тықырды» сезген-ау… Себебі, Гүлнар Болатқызының «Нартай» фильмі бірінші питчингтен екі-үш жыл бұрын басталып қойылған екен. Фильміне деп алған 380 миллион теңгені осыған дейін жаратпаса, онда қаржыға зәру болмағаны ғой? Ендеше ол қаржыны алғандағы мақсаты не? Қанша зәру киногерлердің аузынан жырып? Кім біледі, біз байқаған бұл жайт жүз айыптың бірі ғана болар…

Биыл екінші рет өткен питчингтің қорытынды тізімін көргенде күдігіміз қоюлана түсті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әділетсіздіктің ордасына шындап айнала бастағанына куә болдық. Бұл қалпында бұл Орталық өзінің негізгі міндетін атқаруға мүлдем қабілетсіз екеніне көзіміз жетті. Қажет десеңіз, бұл дәрменсіз Кино орталығының ҚАТЕЛІКТЕРІН тізбелеп берейік:

1. Орталық былтыр ғана асығыс-үсігіс, шала-шарпы қабылданған «Кино туралы заңның» негізінде құрылған. Сол заңға сәйкес, Орталықта үміткер фильмдер «Ұлттық кино» мәртебесіне таласады. Ал бұлардың түсінігінше («кино туралы заң» негізінде әрине), «кино тобы құрамындағы шығармашылық топтың белгілі бір бөлігі қазақстандық» болса, «продюсерлер қазақстандық» болса, «көркемдік деңгейі жоғары» («көркемдік деңгейі» деп нені ұғатыны да белгісіз) болса, ұлттық мәртебеге ие болады екен! Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда ұлттық түр, түсінік, таным, ұлттық философия, ұлттық пайым, ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жоқ! Бұл тізбеленген қасиеттерсіз фильмге ұлттық мәртебе берудің өзі – абсурд! Аталған питчингте киножобалардың он-ақ пайызы қазақ тілінде болуы, санаулы сапалы қазақтілді, нағыз ұлттық мәртебеге лайықты фильм жобаларының ақтық тізімнен көрінбеуі – осы шалағайлықтың нәтижесі!

2. Екінші питчинг нәтижесі тізімінде «Ауыл» деген атаумен жалғыз «авторлық» фильм жүр. Оның өзін фильм үшін емес Серік Апырымовтың жеке беделі үшін қосқан сияқты. Арам шөптің ортасында бұққан адал өскін іспетті, негізі қауқарсыз, тамырсыз «коммерциялық» бағыттағы фильмнің ортасында авторлық жобаның жалғысырап тұруы – үлкен қателік. Себебі, авторлық фильмдер – шын өнер туындысы. Авторлық фильмдер – ұлттың ақыл ойы, парасаты. Біздің ел «жылтырақ» қауқарсыз фильмдермен емес, ақыл ойдың нәтижесі, елдің мәртебесін аспандатар шын өнер туындысы – авторлық фильмдермен әлемдік аренада өз орынын сайлауы керек. Өйткені, авторлық фильмдердің өрісі кең, құлашы шалқар, оларға еларалық шекара да, басқа да кедергі бола алмайды – олар бар адамзат игілігіне айнала алады. Авторлық фильмдер ұлттың рухани азығы да, пайда акелер қаржы көзі де бола алады. Оған мысал көп, бірақ біз көп созбас үшін,бар-жоғы он-ақ мың долларға түсіріліп, Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстанға» ие болып, әлемнің жүздеген еліне сатылып кеткен Жафар Панахидың «Шеңбер» атты фильмін ғана атап айтайық та, келесі қателіке көшейік. Айтпақшы, Ресейдің азуын айға білеген кинопродюсері А.Роднянский де бір сұхбатында шет елде Ф.Бондарчуктің фильмдерінен гөрі, А.Звягинцевтің фильмдері табысты жүретіндігін баса айтқан еді.

3. Жобаларды іріктеу-питчингі Орталық басшылары қанша онлайн өткіздік деп күпінгендерімен, өте жұмбақ, ашық емес. Авторларға питчинг алаңында жақаурата сұрақ қойылғанымен, қателіктері айтылмайды. Питчинг алаңынан шыққан авторлар өздерінің жобаларының қабылданған-қабылданбанын, дұрыс-бұрысын біле алмай пұшайман болады. Эксперттік кеңестің елегінен келесі сатыға өте алмаса, со күйі жобалары «кінәсі» анықталмаған, белгісіз күйінде қалады. Одан әрі ВАК сарасына аттандырған жағдайда да жоба иелерін бегісіздік күтіп тұрады. Мысалға, биыл Эксперттік кеңес құптаған 58 жоба ВАК іріктеуінен соң 42 жоба болып, қысқарып оралды. Не үшін қысқартты? Не кінәсі бар? Не себепті? Жауап жоқ! Осы ма, әділ, ашық, онлайн питчинг?

4. Эксперттік кеңес мүшелерінің екі-үшеуі ғана қазақ тіліндегі киножобаларды оқып, пікір айта алады. Мұндай жағдайда объективтілік жөнінде, ұлттық мәртебе жөнінде, ұлттың кинотуындысы жөнінде, жалпы, ұлттық өнер жөнінде ой қозғаудың өзі артық.

Қателіктерді тізе берсек, шұбатылып шыға беруі мүмкін. Жетер осы.

Енді не істемек керек?

Қайтсек, соры қалың қазақ киносын құтқарамыз?

Біз тірелген жауап жалғыз: Ұлттық киноны қолдау орталығының міндеттерін «Қазақфильм» құзыретіне беру керек!

Оның мынандай артықшылықтары бар:

1. «Қазақфильм» иелігінде кино өндірісіне керекті қойма, ғимараттар, студиялар, техникалар, атшаптырым көрікті ауласы бар. Осындай киноға арналған ыңғайлы ғажап ғимарат бола тұра Ұлттық киноны қолдау орталығы неге қуықтай, терезесі жоқ жеке ғимаратта қыруар ақша төлеп, тығылып отыр?

2. «Қазақфильм» Көркемдік кеңес (эксперттік кеңес) жасақтауда анағұрлым алғыр. Тәжірибелі. Және мұнда эксперттік кеңестің Ұлттық киноны қолдау орталығындай белгілі уақыттарда ғана емес, жыл бойы, үздіксіз жұмыс істеу мүмкіншілігі бар. Сондай-ақ, мұнда әр үміткер киногермен жеке-жеке кеңес құрып, бар қателіктері мен жетістіктерін көзбе-көз айтып, шешімін протокол жасап, соңынан бірден шығара алады. Ашықтық, әділдік деген осы емес пе?

3. «Қазақфильм» мамандары студияны модернизациялау, жетілдірумен қатар, шын мәнінде ұлттық дүниелер жасауға, ашықтыққа және өнерге деген адалдыққа мән беріп отыр.

Осы!

Ал, егер Кино орталығын осылай өз білгенімен жіберсек, қазақтың қасиетті кинодаласын арамшөп басып, өнер ордасы таяу арада шырмауық, ошаған, итсигектерден көрінбей қалуы бек мүмкін!

Данияр  САЛАМАТ,

кинорежиссер

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: