Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде республикалық ақындар айтысы өтті

25.10.2025, 11:55 108

Бүгін Шиелі аудандық “Салтанат сарайында” «Алтын күз – 2025» мерекесі аясында және «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Адал еңбек. Абырой. Құрмет» атты Республикалық ақындар айтысы өтті.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген, айтыс өнерінің майталмандары – суырыпсалма сөздің саңлақтары бас қосты. Олардың қатарында: «2021 жылдың Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, республикалық айтыстардың жеңімпаздары Қайыржан Білдаш, Нұртілеу Төленбек, «2019 жылдың Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртай, Иран-Ғайып Күзембаев, Алтынкүл Қасымбекова, «2024 жылдың Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан, айтыс ақтаңгері Дидар Қамиев, республикалық айтыстардың жеңімпазы Марат Ахметов, сондай-ақ жерлесіміз, талантты ақын Ержан Әміров бар.
Айтыстың тізгінін айтыскер ақын Нұрмат Мансұров ұстады.

От ауызды, орақ тілді ақындар айтысына Ерман Жүрсін Молдашұлы – ақын, публицист, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері;
Көпбосын Өміржан Ғабдұллаұлы – Республикалық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының атқарушы директоры, айтыскер ақын;
Жүсіп Кенжебай Сыздықұлы – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, республикаға танымал айтыскер ақын қазылық етті.

Айтыс – қазақтың рухани әлеміндегі қасиетті өнер. Елдің сөз маржанын теріп, халықтың мұң-мұратын жырмен өрнектейтін өрелі дәстүр. Бүгінгі айтыста ақындар елдің өткені мен бүгіні, еңбектің қадірі мен ел бірлігі, ауданның жетістіктері жайлы өрелі ой қозғап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жыр Доданың қорытындысы бойынша:

Бас жүлде – Дидар Қамиевке бұйырды.
І орын – Ержан Әміров иеленді.
ІІ орын – Иран-Ғайып Күзембаевқа табысталды.
ІІІ орын – Бекарыс Шойбеков жеңіп алды.

Айтыс аламанындағы ақындардың шынайы сөз сайысы мен ұтқыр ой, терең толғамдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, аудан халқы рухани кештен зор әсер алып, ризашылықпен тарқасты.

Айтыс2025

Шиелі_ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: