Қызылордалық өнерпаз бір уақытта екі домбырамен күй орындап, көпшілікті тәнті етті.
Шиелі ауданының тұрғыны Әділбек Тәшімов бала күнінен қазақтың ұлттық саз аспабымен дос. Оның қос домбырамен күй тартқан сәтін әлеуметтік желіге танысы жүктеген екен.
«Бейнетаспадан Нұрғиса Тілендиевтің осылай күй тартқанын көрдім. Қайталауға жүрегім дауаламай жүрген. Бертін келе қолымды жаттықтырып үйрендім. Кейін «Аққу» күйін алғаш тартқан ұстазым Қаршыға Ахмедияровтан үйреніп, одан әрі жетілдірдім», – деді Әділбек Тәшімов.
Кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы – әке-шешесі. Кейін Қошқарбек Тасбергенов, Төлепберген Тоғжанов секілді талант иелерінен тәлім алған. Бүгінде Шиелі аудандық мәдениет үйінде оркестр жетекшісі. Сонымен қатар өнер орталығында шәкірт тәрбиелеп жүр.
«Балалардың жүрек қалауымен санасамын. Екіншіден, әр баланың табиғатына байланысты әртүрлі жаттығу беріп отырамын. Себебі әр баланың табиғаты әртүрлі, мүмкіндігінше табиғи қалпын бұзбауға тырысамын», – деді күйші.
Домбырадан басқа ол гитара мен пианинода ойнай алады.
Назерке САНИЯЗОВА,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!