А Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің әртісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Аяжан Танжарованың жеке шығармашылық кеші өтті. «Сезім толқыны» атауымен ұйымдастырылған бұл кеш ұлттық музыка өнерін дәріптеуге арналды.
Өнер кешіне Қазақстандағы Швейцария Елшілігінің Қазақстан мен Тәжікстандағы уақытша сенімді өкілі Джорджио Помпилио мен Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михал Лабенда арнайы қатысып, кеш иесіне құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыстады.

Кеш барысында көрермен назарына ұлттық әуен мен заманауи музыкалық ізденістерді ұштастырған шығармалар ұсынылды. Сахнада «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, прима-қобызшы Балжан Жүнісова өнер көрсетіп, кеш иесінің шығармашылығына қолдау білдірді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер сабақтастығы кеш мазмұнын тереңдете түсті.
Кештің музыкалық сүйемелін Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі қамтамасыз етті. Оркестрдің бас дирижері – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов.
Шығармашылық кештің режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Азиза Іздіқұлова. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – «Тұран» сыйлығының иегері Нұрғиса Нұрбай. Концертмейстер – Айнаш Рсдәулетова.
Ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған бұл кеш көрерменге рухани әсер сыйлап, қазақ музыкасының бай мұрасын тағы бір мәрте танытты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!