Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада театрішілік фестивал басталды

17.03.2026, 0:09 33

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Nartai Theatre Fest – 2026» театрішілік фестивалі басталды. Мәдени шараға театр репертуарынан 9 спектакль таңдалып алынды. Фестиваль қорытындысымен қойылым әртістері 9 номинация бойынша марапатталмақ.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің театрда өткен кезекті көшпелі баспасөз конференциясында белгілі болды. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлы,
Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры өнертану кандидаты Исламбаева Зухра Усманбекқызы, Жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Нұрмаханов
Оңталап Дүйсенәліұлы қатысты.

– Бүгіннен бастап театр ұжымы алғаш рет театрішілік фестиваль өткізуді қолға алып отыр. Репертуардағы қойылымдардың ішінен арнайы 9 спектакль таңдалып алынды. Фестивальдің басты мақсаты – актерлердің шығармашылық мүмкіндігін жан-жақты ашып, олардың сахнадағы шеберлігі мен талантын кеңінен көрсету.
Осыған орай фестивальге арнайы қонақ ретінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессорлары мен өнертанушы ғалымдар шақырылған. Мамандар қойылымдарды саралап, актерлік шеберлік пен режиссерлік ізденістерге кәсіби тұрғыда баға береді.Бұл фестиваль алдағы уақытта қандай спектакльдер қою керектігін, қай бағытта дамитынымызды анықтауға да ықпал етеді. Біз фестивальді жай ғана өткізіп қоймай, әр қойылымды кәсіби тұрғыда бағалап, 9 спектакльге 9 номинация бойынша марапат табыстауды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, «Үздік спектакль», «Үздік ансамбль», «Үздік ер бейнесі», «Үздік әйел бейнесі», «Үздік режиссер» секілді номинациялар арқылы үздіктер анықталады», — деді театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейін Жүсіпұлы.

Сарапшылар да фестивальдің маңызына тоқталып, театр ұжымының еңбегіне жоғары баға беретіндерін жеткізді. Олардың айтуынша, Н.Бекежанов атындағы театрдың қойылымдары мен шығармашылық ізденістері бұған дейін де кәсіби ортада оң пікірге ие болып келеді.

– Біз бұл театрдың жұмысы туралы бұған дейін де жақсы пікірлер естіп жүрміз. Ұжымның шығармашылық ізденісі мен актерлік шеберлігі жоғары деңгейде екенін білеміз. Алдағы фестиваль барысында ұсынылатын қойылымдардан да үздік нәтижелер күтеміз. Бұл шара театр ұжымының кәсіби деңгейін тағы бір мәрте көрсетіп, жаңа шығармашылық белестерге жол ашады деп сенеміз. Театр ұжымына алдағы уақытта да толайым табыс пен жаңа шығармашылық жетістіктер тілейміз ,- деді өнертану докторы, профессор Бақыт Кәкиқызы.

– Мұндай фестивальдер театр ұжымы үшін өте маңызды. Себебі бұл — актерлердің шеберлігін шыңдап, өз мүмкіндігін жаңа қырынан көрсетуге берілетін жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар, әр қойылымға кәсіби мамандар тарапынан сараптама жасалып, шығармашылық тұрғыда нақты бағасы беріледі. Біз ұсынылатын спектакльдерден жоғары деңгейдегі актерлік ойын мен режиссерлік ізденістер көреміз деп сенеміз ,- деді өнертану кандидаты, профессор Зухра Усманбекқызы.

Одан бөлек, Жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Оңталап Дүйсенәліұлы фестивальдің маңызына қысқаша тоқталып, мұндай шығармашылық бастамалар театр ұжымының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, театрішілік фестиваль актерлер мен режиссерлерге өз мүмкіндіктерін жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл алаң шығармашылық ізденістерді шыңдап, театр өнерінің дамуына серпін береді. Режиссер фестиваль жоғары деңгейде өтіп, ұжым үшін жаңа табыстарға бастайтын маңызды қадам болады деген сенім білдірді.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: