Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген «Достық үйінің» жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Рәсімге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жаңа нысанның өңірдегі бірлік пен келісімді нығайту жолындағы маңызын атап өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Аян Зейнуллин, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа ғимараттың ел игілігіне қызмет ететінін атап өтті.
«Бірлік – халқымыздың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының, үйлесімді қарым-қатынасының, татулығының көрінісі. Ел болудың бірден-бір алғышарты.
Өңірімізде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Ассамблея жанында 11 этномәдени бірлестік бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, елдің бірлігін сақтау бағытында жұмыс жасауда.
Береке-бірлігіміздің ұйытқысына айналып, еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына өткен жылы 30 жыл толды. Бүгінде Ассамблея халқымызды бірлікке, достыққа үндейтін жалпыұлттық келісімнің негізіне айналды.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Өздеріңізбен бірге осы жерде жаңа ғимараттың іргетасын қалаған болатынбыз.
Міне бүгін, тарихи сәтте қайта қауышып, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 3 млрд. 800 млн. теңгеге салынған «Достық үйінің» заманауи ғимаратын ел игілігіне табыстаудамыз.
Жаңа нысанның бой көтеруіне демеушілік жасағаны үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлына, ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Юсупов Мейіржан Бақытұлына барша Сыр жұртшылығы, Өзімнің атымнан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін!
Жалпыұлттық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар бұлағы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында бой көтерген, достық пен келісімнің нышанына айналатын жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты рәсім барысында өңірде бірлік пен келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосқан Ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты сапалы салып шыққан мердігер мекеме өкілдері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Марат Әзілханов, Мұрат Әбенов және Мейіржан Юсупов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, жаңа «Достық үйі» этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея белсенділері үшін барлық қажетті жағдайлармен қамтылған заманауи орталыққа айналды. Ғимаратта этномәдени бірлестіктердің, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің, Азаматтық альянс өкілдерінің толық жабдықталған жұмыс кабинеттері орналасқан. Сонымен бірге 200 орындық концерттік зал, 50 орындық акт залы, шығармашыл жастарға арналған домбыра, ән, би үйірмелері, медиация орталығы, музей және Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық топтарға арналған кеңістіктер қарастырылған.
Жаңа нысан азаматтық қоғам институттарының басын қосып, қоғамдық бастамаларды ілгерілететін маңызды орталық болмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!