Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 650 орындық музыкалық колледж ғимараты салынады

03.10.2023, 9:00 228

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен Қызылорда қаласының сол жағалауынан 650 орындық музыкалық колледж ғимаратын салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Колледж жанынан жатақханасы да салынады. Жалпы құны 4 млрд 800 млн теңге болатын нысан аймақтың 85 жылдығына тарту болмақ. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Сыр өңіріне арнайы келген «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов қатысты. Аймақ басшысы колледждің жаңа ғимаратын салуға ниет білдірген компания басшысына облыс халқының атынан ризашылығын білдірді.

«Оқу орнының қазіргі ғимараты 1983 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен, қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Бұл проблеманы өнерпаздар да көптен бері көтеріп келеді. Ескірген ғимарат небәрі 350 орындық, ал колледжде оқитындар саны, жастардың музыкалық білім алуға үлкен сұранысы жыл сайын артуда.

Оған қоса, биыл Сыр өңірінде облыстық филармония жанынан тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды. Оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспапты игерген 30 кәсіби музыкант қабылданып, ұжым 50-ден аса маманнан жасақталды. Жаңа ғимаратта симфония оркестрі шығармашылығын шыңдап, үлкен концерттерге дайындық жүргізеді. Осындай жаңа орталықтар өңір халқына арналған ізгі істердің ордасы болатыны сөзсіз», – деді аймақ басшысы.

«Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов қызылордалықтарды облыс мерейтойымен құттықтады. Жиында Қызылорда облысының әкімдігі және «Саутс-Ойл» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қою рәсімі өтті.

Айта кетейік, «Саутс-Ойл» компаниясы осы уақытқа дейін де Қызылорда қаласында 1,9 млрд теңгеге «Нұрсәт» спорт кешенін, Аралдағы Қамыстыбас көлінің жағасына балалардың оқу-сауықтыру орталығын өз қаражаты есебінен салған.

Келісімге қол қою рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұрат Бақтиярұлы, Ибрагим Әбибуллаев, Қылышбай Бисенов, Нажмадин Мұсабаев, музыкалық колледждің бұрынғы директоры Кеулімжай Ботабаев жерлестерін жаңа ғимараттың бастамасымен құттықтады.

Іс-шара соңында облыс әкімі мен компания басшысы жуырда ашылған Неке сарайы мен «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысты. Жаңа нысандарда жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне жәрдемдесу, ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстары үйлестірілуде.

Еске салсақ, «Туған жерді бірге түлетейік!» атты Президент үндеуін қолдаған жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар қайырымдылық іс-шараларына, туған жерді көркейтуге белсенді атсалысуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: