Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 1000-ға жуық мәдени іс-шара онлайн ұйымдастырылған

24.09.2020, 14:15 1098

HALYQLINE.KZ Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова ҚР Президенті Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарлары туралы айтты.

Жолдауда ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, қолжетімді әрі сапалы білім беру, ұлттық бәсекелестікті арттырудың негізгі құралы – цифрландыру, ұлт сапасын арттыруда атқарылатын ауқымды жұмыстар айтылды. Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігі, «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалыпқа келтірудің маңыздылығы, жастарды шығармашылықтың және қолөнердің бастапқы негіздерімен жетілдіру жайында Жолдауда айтылған негізгі мақсаттар бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыру үшін ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталу маңыздылығын көрсетеді.

Осы ретте мәдениет ұйымдарындағы балалар үйірмелері балаларды ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды танып білуге, тарих тағылымын жетік меңгеруге, келешек ұрпақты бағдарлы біліммен қатар шығармашылыққа баулуда жаңа серпін алып, жаңа жобалармен жұмыс істеуге міндеттейді.

Бүгінгі күні облыс мәдениет ұйымдарында өнердің түрлі жанрлары бойынша 854 көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істеп, оған 10 мыңнан аса өнерпаз қамтылған. Үйірмелердің 340-ы – балаларға арналған үйірмелер. 376-сы – жасөспірімдер мен жастарға арналған (14-29 жас), 138-і егде жастағыларға арналған үйірмелер, – деді Мира Рахымжанқызы.

Ғасырдан ғасырға аман жетіп, бүгінгі күнге дейін сақталған ұлттық өнер, қазақ халқының төл мәдениеті мен ескі жәдігерлерін келер ұрпаққа жеткізу – міндетіміз. Ол үшін дәстүрлі өнер мен ұлтқа тән төл мәдениетімізді, тарихи жәдігерлерімізді насихаттау мақсатында жұмыстар атқарылуы тиіс. Осы бағытта өңіріміздегі балалар мен жасөспірімдерді дәстүрлі өнерге баулу мақсатында «Жыр мұра» жобасы жалғасуда. Бүгінде барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жыр-терме, қобыз үйірмелері ашылып, 300-ден аса бала дәріс алуда. Сондай-ақ, облысымызда 63 халықтық атағы бар өнер ұжымы болса, оның 5-еуі – балаларға арналған (үлгілі) ұжымдар.

Мәдениет үйлері мен клубтардан бөлек облыс кітапханалары мен музейлерде де балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтсақ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Креатив-территория» атты жоба аясында АРТ-студия ашылып, студияға келуші 100-ден аса жас таланттар бейнелеу өнері, домбыра, фортепиано және би үйірмелеріне қатысуда. Сондай-ақ, балалар мен жастарға ағылшын, корей тілдерін үйрететін үйірме-курстары, жұмыссыз жастарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы жұмыс істейді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жастардың музей жұмысына, бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру бағытында «Жас өлкетанушы», «Мирас» экскурсоводтар клубы және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ИЗО-студия жұмыс істеп, оған 70-ке жуық оқушылар мен студенттер тартылып отыр.

Бүгінгі таңда барлық үйірме жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес онлайн түрде жүргізілуде. Үйірме мүшелеріне түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары өткізіліп, олардың шығармашылық тұрғыдан білім алуына кең қолдау көрсетілуде.

– Алдағы уақытта үйірмелердің жұмысын жандандырып, қосымша шығармашылық бағыттағы жаңа үйірмелерді ашу, осы үйірмелерден дәріс алған өнерлі балалар мен шығармашыл жастардың облыстық, республикалық, халықаралық конкурс-байқауларға қатысуына қолдау көрсетіліп, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне мүмкіндіктер жасалатын болады.

Мемлекет басшысы өз жолдауында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деп атап көрсетті. Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында биылғы жылы үйірмелер санын 1000-ға жеткізе отырып, балалар үйірмелерін оның ішінде қолөнер және шығармашылық-танымдық бағыттағы үйірмелердің жұмысын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, үйірмелердің жұмысын жан-жақты шығармашылық бағытта жүргізуді ұйымдастыру үшін мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиісті жоспарларымыз бар, – деді Мира Абуова.

Өздеріңізге белгілі, облыс бойынша 410 мәдениет және өнер мекемелері (171 мәдениет үйлері мен клубтары, 209 кітапхана, 14 музей, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, 1 қалалық демалыс паркі, 11 архив) халыққа мәдени қызмет көрсетеді.

2020 жылдың наурыз айынан бастап елімізде қалыптасқан пандемиялық жағдайға байланысты мәдениет, өнер мекемелерінің жұмысы онлайн режимге көшірілді.

Бүгінгі күнге дейін сала бойынша онлайн форматта 9696 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 1553751 көрермен (қаралым) қамтылды.

Сонымен қатар, облыс мәдениет ұйымдарының шығармашылық жұмыстарын кеңінен насихаттау мақсатында Youtube желісінен «Сыр шаңырағы» каналы ашылып, түрлі бағыттағы 350 бейнематериал орналастырылды.

Қазіргі уақытта «Сыр шаңырағының» қаралымы – 18280, тіркелгендер саны – 1562.

«Сыр шаңырағы» каналы аймақ тұрғындарына ғана емес, Сыр өнерін Қазақ елінің әр шаңырағына насихаттаушы алаң. Әлеуметтік желінің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сала бойынша түрлі жобалар, онлайн концерттер, спектакль, экскурсия, лекция, танымдық сағаттар, виртуалды көрмелер ұйымдастырылып, кеңінен насихатталуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: