Ғасырдан ғасырға сақталып, атадан-балаға жалғасқан төл өнеріміздің бірі – дәстүрлі жыраулық өнер.
Осы көне дәуірдің асыл мұрасын сақтап, қылау тигізбей келер ұрпаққа аманаттау бізге міндет.
Қызылорда облыстық филармониясы жыраулар үйі Сыр бойы ақын-жырауларының шығармашылығын кеңінен насихаттау және дәстүрлі орындаушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында жыл көлемінде ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ.
Сол жобалардың бастауы ретінде бүгін Нұртуған жыр мектебінің өкілі, белгілі жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айбек Тәңірбергеннің шығармашылығындағы «Қира ат» тарихи дастанын шәкірті, жыршы, айтыскер-ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар қалың елге ұсынды.
Тағылымды кешке Сыр топырағы тудырған жыршы-жыраулар, руханият жанашырлары, мәдениет пен өнер өкілдері қатысты. Сонымен бірге, көршілес Қырғызстаннан арнайы келіп, Сыр елінде білімін жетілдіріп жүрген бір топ студент-жастар қатысып, керемет кештің куәсі болды.
Жыршының мықтылығы – жыр қорымен есептеледі. Бексұлтан Орынбасардың жыр оқшантайындағы дастан көрерменге ой салары сөзсіз.
2005 жылы жазылған Айбек Тәңірбергеннің «Қира ат» дастаны бәйге аты туралы. Арал өңірінде өткен оқиға желісінде жазылған. Қазір бұл жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына еніп, оқытылып жүр. «Көк арғымақтың баласы», елдегі ақсақалдардың қолқалауымен «Көлімбет жыры» сырбойын мекен еткен әулиелер, жыраулар, билер мен белгілі тұлғалар туралы қамтылған туынды. Ұлттық құндылықтар насихатталып, әке мен баланың, аға мен інінің арасындағы сыйластық, ат сейістік өнер туралы тақырыптар қамтылған бұл шығарма жырсүйер қауымға халықтың тектілігі мен бекзат өнерін тағы бір дәлелдегендей.
Қос ішекті күмбірлеп, сөз нәрін құнарландырған қазыналы кеште жырау Айбек Тәңірберген де шәкіртіне қолдау білдіріп, өз өнерін көрерменге паш етті.
Өз кезегінде облыстық филармония басшысының орынбасары Амандық Бүрлібаев кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған мирасқор жырауға арнайы Алғыс табыстап, сый-сияпат ұсынды.
Рухани азық алуға келген көрермен жыр-дастанды ұйып тыңдап, жыршыға қошемет көрсетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!