Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың Еленасы

06.10.2023, 16:50 377

HALYQLINE.KZ

Ол кезде қызмет бабымен Қалжан ахун ауылында тұрамыз. Түске таман жұмыстан үйге келсем, үйде бір қыз үстінде спортивка киініп алған, газға жұмыртқа қуырып жатыр, қасында екі кішкентай қызым айналшықтап жүр. Маған «кір, Мәке» деп күліп тұр, төрде көрпеше үстінде екі жігіт домбыра шертіп жатыр. «Мен Елена Мажитқызы Әбдіхалықова боламын, – деп өзін таныстырып, – әкімдеріңізбен келіскенбіз, бүгін осы ауылда тегін концерт қоямыз».

Ол кезде келіншегім Гүлбахарам аудандық ауруханада қатынап, фармацевт болып қызмет істейтін. Түскі асты түнде істеп кетеді, оны ертеңіне балаларымызбен жылытып ішетінбіз. Заманның бір ауырлау кезі болатын. Дүкен сөрелері бос қалып, барлық сауда нарыққа көшкен, азық-түлік саудагерлердің қолында. Дереу шаруашылық басшысына телефон шалып, көлігін сұрап алып, Тереңөзекке дастарқан қамына тарттым. Ол кезде «Маслопромның» айналасы дүңгершекке толы, барлық керек затыңды қарызға ала бересің. Зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, айлық айлап кешігетін кез. Күлпан екеуміз сеткімізді толтырып үйге келдік. Есік алдында Лена қызымыз жігіттерімен жүктерін жинап, бізді күтіп тұр. Түрлері ашулы. «Концерт болмайтын болды, қайтамыз» дейді. Мен аң-таң.

Оқиға былай болған екен. Мен кеткен соң екі ортада ана екі жігіт шаруашылық төрағасының үйіне барады. Аудан әкімі Божанова Алма апайдың Лена әншіміздің шетелге сапарына қаражатқа шаруашылықтардан күріш алып берем деген уәдесімен жүргенін айтады. Шаруашылық төрағасы «менде күріш жоқ, ақшасына билетпен қойыңдар» деп шорт кеседі ғой баяғы.

Ол кезде шынымен шаруаның тұралаған кезі. Шаруашылық жұмысшыларын бір-екі қап күріш, ұнмен айлық беріп ұстап отырған кез. Төрағаға барған жігіт те мінезді екен, екеуі ол есіктің ар жағында, бұл бер жағында, тұтқамен таласып біраз жерге барады. Сол күйі ашуға басып қайтамыз деп келіп тұр екен. Менің жүрісім мынау дорба арқалап. Қой аудан әкімімен сөйлесейін, бір жолын табар деп жалынып үйге кіргіздім қонақтарымды. Ол кезде телефон ауданға комутатор арқылы шығады. Аудан әкімін қай мезгілде болсын телефонист қыздар тауып қосып отырады. Аудан әкімі арғы беттегі ауылдарда жүр екен, мәселені шешетін адам жіберемін деді. Қонақтарды қайтадан жайғап, арасында жақын жердегі мектепке барып, директоры Қайрақбай ағайға балаларға линейка арқылы тегін концертті хабарлап үлгеріп жатырмын ғой. Үйде аудан әкімінің орынбасары келіп отыр екен. Директор ол кісіге де жігіттерге айтқанын айтыпты. Бағанағы сценарий қайтадан басталды. Қонақтарым жинала бастады. «Мәке, мәселені өзің шешерсің» деп орынбасар да маған аударып тастап ол кетті. Осы жерде Лена қыз шалт мінез көрсетті. «Табын ауылына келіп тұрып, елмен кездеспей кетпеймін, тегін концерт берем. Сен екеуің жүре беріңдер келіспесеңдер» деп бір-ақ қайырды. Менің де мойнымнан жүк түсті, хабарландыру беріліп қойылған. Дереу ет асылып, дастарқан қамына кірістік. Ол кезде ауылда шаруашылық басшысы мен бас бухгалтер ғана мінетін жеңіл көлік бар. Ауданнан аппаратура алдырып, басқа да жұмыстар осы көліктермен бітіп жататын. Ауыл клубына қонақтарымды жаяулатып ертіп бардым. Көңілім әлде де қобалжулы. Клубтың алдындағы құшақ жая қарсы алған халықты көрген ақын қыз бәрін ұмытып, көпшілікке сәлем бере ерекше шабытпен кездесуін бастап кетті.

Ауылға көптен бері әртістер де ат ізін салмай кеткен шақ. Қайдан келсін, ақша жоқ. Свет те сағатпен жанады. Кино қоюшы Бекең де билетті балаларға екі- үш жұмыртқаға ауыстыратын. Бірақ айналайын қазақ халқы өнерді ерекше жақсы көреді ғой. Соның ішінде біздің ауылда Лена қыздың сахнада салған әні, термесі, айтқан әңгімелері бөлек қой. Қанша жыл өтсе де есімде қалыпты. Соның бір ғана әңгімесін айтып берейін.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары алғашқы айтыстардың бірі Маңғыстауда Адай бауырларымыздың мекенінде болған екен. Айтысқа қатысқан жиырма шақты ер адамның ішінде жалғыз қыз Лена Әбдіхалықова болыпты. Ол кезде ақындардың жанында қарсыластарын зерттеп осал, кемшіліктерін айқындайтын кеңесшілері бірге жүреді екен. Лена ақынға бірінші жұпта жергілікті ақынмен айтысуға тура келіпті. Кеңесшілердің зерделеуі бойынша Адайлар батыр, қызу қанды, мәрт, мақтағанды да жақсы көретін ел көрінеді. Лена қыз адайлардың жетістіктерін айта отырып, батырлығын аңқаулығына, мақтангершілігін қызуқандылыққа байланыстырып айтқан сайын адайлар орындарынан атып тұрып айқайлап қол соғатын көрінеді. Айтыстың соңына қарай Лена айқын басымдықпен жеңіп келе жатқанда бір жерден ұсталып қалады. Сол уақытта Байқоңырдан тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ағамыз зеңгір көкке ұшқан екен. Ол – Сыр елі әрі мұқым қазақ үшін үлкен жетістік. Осыны айтуға сен жарамадың деп адайлық ақын Ленаны сынға алып, Тоқтар ағамыздың батырлығын, елдің жетістігін айтып арқасы бар көрермендерді өзіне бұрған көрінеді. Сырдың қызы жеңілген жерім осы шығар деп тұрғанда құдай аузына мынадай сөз салған екен. «Бағанадан бері айтпай отырғаным, сол аспанға ұшқан жігіт адай еді» дегенде зал тік тұрып, Ленаға қол соғады. Осы кезде қызуқанды бір ақсақал сахнаға жақындап, «Тоқтар адай емес» деп айқайлайды. Зал тып-тыныш болып қалады. Сол кезде ақын қыз: «Мен шығарып салғанда адаймын деп ұшып кеткен, түскенде өздерің сұрарсыңдар не ел екенін»,- деген екен. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген бүкіл ел қайта тік тұрып, болды, болды қыз жеңді деп жеңісті халықтың қолдауымен Лена ақынға берген екен.

Енді Қалжан ахун ауылындағы ақын қызбен кездесуге оралатын болсақ. Өнер кеші осындай тапқыр өлеңдермен, сыңғырлаған сұлу әнмен жалғасуда. Бүкіл көрермен ақын қыздың аузына қарап ұйып қалған. Менің уайымым бұл тегін концертті қалай қорытындылау еді. Әлсін-әлсін сыртқа шығып, темекі шегіп, өзімді басып қоямын. Бір уақытта клубтың алдына ақ «Волга» тоқтай қалды. Ауданда жалғыз ақ «Волга» – әкімдікі. Құтқарушым келді ғой деп жүгіріп бардым. Аудан әкімі Алма апай қолындағы пакетті маған қарай лақтырып жібергенде жерге түсірмей, қағып алып, бастығымның соңынан еріп клубқа кірдім. Әкімінің келіп алдыңғы орынға жайғасқанын көрген Лена сәл ғана басын изеп сәлем беріп, концертін ерекше шабытпен жалғастырды. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі ақын, композитор, әнші қызға елдің атынан рақметін айтып, шапан жауып, сый-құрметін жасады. Әлі есімде, қорытынды сөзінде, «естеріңде болсын қазақта екі өнерлі ару болса, соның бірі осы Лена, болашағы алда, бұл сіңлім келешекте қазақтың жұлдызы жарқыраған қызы болады» деп ақ тілегін арнаған еді.

Сол ақ тілек қабыл болып, Лена қыз – бүгінде қазақ елінің мәртебесін көтеріп жүрген айтулы дарын иесі, қоғам қайраткері.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: