Кино тақырыбы қозғалғанда өзге ұлт өкілдері, «Оскар» алған, кемі аталған номинацияға үміткер болған туындыларын айтып марқайып қалады. Ол жақта кинометография құдды бір идеологияның бір бөлгі секілді. Американдықтар Кристофер Ноланның киноларын пір тұтып, режиссура тарихындағы үздік киногерге балап, Акира Курасаваны мақтаған жапондықтардың сөзіне қарсы шығып, біртіндеп аргумент айтып әлек. Мейлі, Жапония мен АҚШ-тың әрдайым өзгелерден бір қадам алда екенін ескеріп, көз жұма қарайықшы…
Ресей ше, Беларусь ше? Ресейліктер кемі Андрей Тарковскийдің туындыларымен марқая алады. Бұл режиссердің «Сталкер», «Андрей Рублев» секілді фильмдері киноқорда алтын әріппен сақталатыны анық. Кеңес одағының кезінен-ақ жұртшылық ақ-қара экранды теледидарға енді қол жеткізіп жатқанда ол алғашқы болып кинотуындысына түс беріп, КСРО киноиндустриясына үлкен серпіліс алып келгені халық жадынан өшкен жоқ. Беларусьті мысал қылуымыз да бекер емес. «Бар да көр» фильмін кеңес заманында өмір сүргендер жақсы біледі. Ұлы отан соғысының аяқталғанына қырық жыл толған тұста сол кездегі әйгілі «Мосфильм» мен «Беларусьфильм» бірігіп, «Бар да көр» алып кинокартинасын жарыққа шығарған тұғын. Элем Климовтың туындысы соғыс уақытындағы нағыз үрейді, жақсылық пен жамандықтың арасын, қақтығыс арасындағы өмірдің мәнін кеңінен көрсете алды. Бүгінде бұл фильм ТМД елдерінің үздік кинотуындылары арасынан үздік бестікке ілінетіні айдан анық. Кино 1985 жылы түсірілсе де, қазіргі кинокартиналардан графика жағынан да, мән-мағына жағынан да, режиссерлік жұмыс есебінен артық болмаса, кем түспейді.
Мұның бәрін неге тілге тиек етіп отырмыз? Елімізде кино мәдениеті мүлде қалмаған, одан сайын құлдырап бара жатқан сияқты. Кино өнеріне түк қатысы жоқ не кинорежиссерлік, ең болмағанда қуыршақ театрының режиссері мамандығын игермеген өзі режиссер, өзі продюсер, өзі сценаристсымақтар кинотеатрларды жаулап алды. Атын айтып, түсін түстеп не керек, бір қызығы миллиардтап ақша жинап, сюжетін сәл өзгертіп, мардымсыз әзілге толы фильмін екінші, ол туындысы тағы өткен жағдайда бесінші-алтыншыға дейін түк болмағандай создыра береді. Киноның мән-мағынасы мен сюжетіне үңілмейтін, уайымы жоқ халық құнды киноның жоқтығы әсерінен одан сайын мәңгүрттене түсетінінде ешкімнің шаруасы жоқ. Соңғы шыққан шоу-бизнес жұлдыздарының қай фильмін қарасаң да сол бір актерлар, сол бір сюжет, ене мен келін тақырыбы, бажалар арасындағы сексистік әзіл, көзге шөп салуға жасалған романтизация, ашық расизм, нәсілі мен дініне қарай адамды бөліп жару…
Қазақ киносы соншалықты құлдырап барады. Елімізде тарихи, пәлсапалық туындыларға сұраныс жоқ деп сылтауратады кейбірі. Бірақ, елдегі ахуалды кеңінен тарқатқан, жетім жанр саналатын хоррор фильм «Дәстүрдің» өзі алғашқы кинопракатында рекорд қойғанын білеміз. Ұлт мүддесі деп қан төккен, өз басын қатерге тіккен әмбебап қайраткер Міржақып Дулатұлының автобиографиясы «Оян, қазақ!» шыққанда бәріміз ағылып, билет кезегіне тұрғанымыз жалған емес. Киноиндустрия халықты ағартудың, идеология қалыптастырудың бір бөлігі екенін ұмытып бара жатқан секілдіміз. Ең болмағанда әдебиет архивінен мен деген повес-прозаларды экранизацияға шығарып, комедиясымақ фильмдердің сұранысын азайтсақ болар ма еді деген ұсыныс…
Айтілес ЕЛЕШ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!