Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнердің арда азаматы

28.01.2021, 13:30 884

HALYQLINE.KZ

Өнер  жолда  шуақ  болды  көңілің,

Өнер  жолын  жан  байлығы  деп  едің.

Арналды  ғой  қасиетті  халқыңа

Жарты  ғасыр  қайталанбас  өмірің.       

Аудандық  мәдениет  бөліміне  домбыраны  шебер  тартатын  Насыр  Баекеев  1969  жылы  қазан  айының  ішінде  аудандық  мәдениет  бөліміне  автоклуб  меңгерушісі  болып  қабылданып,  СССР  мәдениет  қызметкерлерінің  үздігі,  режиссер  Жәдігер  Тұрсыновпен  екеуі  мәдениет  бөліміне  қатар  келген  еді.  Содан  өнер  ордасында  қалып  қойды.  

Ол  бір  кез  қиындығы  мен  қызығы  мол  жылдар  еді.  Домбырашы  әріптесі  Орақпен,  баянмен  сүйемелдеуші  Қалабаймен  бірге  аудандағы  малшы,  күрішілердің  алдына  өнер  көрсетіп,  еңбекші  қауымның  қошеметіне  бөленуші  еді-ау.

Насыр  сахнада  Құрманғазы,  Тәттімбет,  Түркештің  күйлерін  төгілдіретін.  Сондай-ақ  мәдениет  Үйінің  жанындағы  «Жаз  жайлау»  эстрадалық  ансамблінде  соқпалы  аспапта  шебер  ойнап,  сазды  әуеннің  көрермендер  көңілін  жаулап  алуына  ықпал  ететін.  Насырдың  күмбірлете  тартқан  күйлерін  аудан  ғана  емес,  облыс  көрермендері  де  тыңдап  тамашалаған.  Не  болса  да  ізден  шығады  дегендей,  Насырдың  атасы  Серікбай  Қарақалпақстанға,  Қазақстанға  белгілі  жырау  еді.

Насырдың  өнерпаздығымен  қоса  ұйымдастырушылық  қабілеті  де  мол  еді.  Соны  байқаған  аудандық  мәдениет  бөлімінің  меңгерушісі,  Қазақ  ССР-іне  еңбегі  сінген  мәдениет  қызметкері,  марқұм  Кеңес  Асанбаев  өнерпаз  жігітті  аудандық  мәдениет  Үйінің  әдіскерінен  директорлық  қызметіне  жоғарылатты.  Енді  Насыр  жаңа  қырынан  көрінді.  Ұйымдастырушылық  қабілеті  айқын  танылды.  Ол  мәдениет  Үйі  жанындағы  халық  театрының  сол  кездегі  режиссері  Жәдігер  Тұрсыновпен  ағалы-інідей  сыйласып,  бірлесіп,  ақылдасып  жұмыс  істеді.  Соның  нәтижесінде  олар  көрермен  көңілінен  шыққан  бірнеше  қойлымдарды  сахналады.  Ең  алғаш  1975  жылы  Сәлкен  Суханберлиннің  «Айгүл»  атты  трагедиясын  халықтың  назарына  ұсынды.  Осы  қойылымның  басты  рллі  Назымбектің  бейнесін  сәтті  сомдап,  Насыр  көрерменнің  ыстық  ықыласына  ие  болды.  Ал  Айгүл  атты  қыз  баланың  бейнесін  әп-әдемі  қыз  бала  ойдағыдай  бейнелеп  шықты.  Аты – Іңкәр.  Ол  аудандық  кітапхананың  қызметкері  еді.  Насыр  болашақ  серігін  сахнада  кездестірді.  Бұл  да  болса  атасынан  қалған  киелі  өнердің  құдіреті  болса  керек.  Құдайға  шүкір,  Анар,  Бақыткүл,  Үміт,  Нұрлан  атты  төрт  перзентті  болып,  олардың  барлығынан  немере  сүйді.

Насыр  мәдеииет  Үйінің  директорлық  қызметін  атқара  жүріп  ақын-сценарист  те  болды.  Сценарийдегі  кей  жерлерге  өлең  шумақтары  керек  болса,  баяғы  бала  кезде  өлең  жазатынына  салып  өлең  де  жазды.  Қазір  он  беске  жуық  өлеңі  әнмен  айтылып  жүрсе,  баспа  бетерінде  бұл  жазған  әңгімелер  мен  өлеңдер  жарияланып  тұрды.  Аудандағы  іс-шаралар  мұның  бағдарламасынсыз  өтпейтін  дәрежеге  жетті.

Қазалы  халық  театры  Әбдіжәміл  Нұрпейісовтың  «Қан  мен  тер»  спектаклін  сахнаға  шығарып,  көрермен  қауымның  ыстық  ықыласына  бөленді.  Спектаклді  сахнаға  шығаруда  Насыр  режиссер  Жәдігер  Тұрсыновқа  рольдерге  лайықты  өнерпаздар  іздестіруде  көмекші  әрі  ақылшы  болды.  Спектакль  әуелі  ауданымызда,  кейін  облыс  көрермендерінің  алдында  көрсетілді.  Өнерпаздарға  басшылық  жасай  жүріп  осы  спектакльде  Құдайменді  байдың  ролін  сомдады.  Онысы  жаман  шыққан  жоқ.  Көрермендер  жақсы  бағалады.

1976  жылы  қазалылық  өнерпаздар  қойған  «Қан  мен  тер»  спектаклі  халық  шығармашылығы  өкілдерінің  Астана (бұрынғы  Целиноград)  қаласында  өтетін  Бүкілодақтық  театрлар  байқауына  жолдама  алды.  Арқадағы  Целиноградқа  26  өнерпаз  және  қойылымдағы  көрініске  қатынасатын  12  адам  жолсапарға  аттанды. Астанадан  өнерпаздармен  қатар  Насырдың  отбасы  түгелдей  табысты  оралған  еді.  Спектакльде  Насыр – Құдайменді, інісі  марқұм  Аманкелді – Тәңірберген,  кіші  інісі  Аралбай – Рай,  келіні  Зейнеп – Ақбала  ролін  сомдап,  көрермендер  мен  әділ  қазылар  алқасынан  лайықты  бағасын  алған-ды.  Сөйтіп  қойылымға  қатынасқан  26  өнерпаз  Бүкілодақтық  фестивалдың  лауреаты  атанып,  фестивальдің  үлкен Алтын  медалін  жеңіп  алды.

Сапардан  табысты  оралған  Насыр  өнердегі  досы  Жәдігермен  ақылдасып,  отбасылық  драма  ұжымын  құруды  ойластырды.  Көп  күнгі  ізденістің,  тынбаған  талпыныстың,  ерінбеген  еңбектің  нәтижесінде  Қ.Мұхамеджановтың  «Қуырдақ  дайын»  атты  екі  бөлімді  драмасын  сахналады.  Осы  спектакліндегі  басты  рольде  Насырдың  өзі,  калған  рольдерді  інілері  Аманкелді,  Аралбай,  келіні  Зейнеп  орындады.  Спектакль  өткен  ғасырдың  жетпіс  сегізінші  жылы  Қызылорда  қаласында  өткен  республикалық  аймақтық  театрлар  байқауына  қойылып,  республикадан  келген  өнер  адамдары  да  жоғары  бағалап,  республикалық  театрлар  байқауының  лауреаты  атанып,  үш  мың  сом (кеңес  ақшасымен)  ақшалай  сыйлық  тапсырылды.  Сондай-ақ  отбасылық  драма  ұжымы  жергілікті  автор  Балтабай  Тәжімбетовтың  «Ала  қапқа  қанағат»,  «Алыстағы  ауылда»,  «Түрт  шайтаным,  түрт»  атты  бір  актілі  комедияларын  көрермендер  назарына  ұсынып,  жұртшылықты  күлкіге  кенелтті.  Ізінше  Б.Аманшиннің «Майра»  атты  трагедиясын  сахналап,  осы  қойылымдардағы  басты  рольдерді  сомдаған  Насыр  көрермендердің ыстық ықыласына  бөленді.  Мұның  бәрі  оның  ұйымдастырушылық  және  сахнагерлік  актерлік  шеберлігінің  жемісі  екені  даусыз  шындық  еді.

Өнерді  сүйген  Насырдың  еңбегі  бағаланып,  ол  аудандық  мәдениет  бөлімінің  меңгерушісі  Кеңес  Асанбаевтың  орынбасары-аға  инспекторлық  қызметке  көтерілді.  Әйтсе  де,  Насыр  тек  басшылық  жұмыстармен  айналысып  қана  қоймай  өнерден  қол  үзген  жоқ.  Көптеген  композациялар  мен  театрланған  көріністер  қоюға  өзі  басшылық  жасады.  Қойылымдағы  рольдердегі  өнерпаздар  тосыннан  бір  жағдайға  кезігіп,  көрермендерге  көрсететін  күні  қатыса  алмай  қалса,  орына  өзі  шығып,  қайсы  бір  кейіпкер  болмасын,  соның  орнын  жоқтатпайтын  еді…

         Сөз  арасында  айта  кетейік,  1989  жылы  Арал  қаласында  республикалық  аймақтық  театрлар  байқауы  өткізілетін  болды.  Ол  кезде  Насыр  мәдениет  бөлімінде  аға  инспектор  қызметінде  отырған  еді.  Ал  мен  болсам  Қазақстанның  40  жылдығы  атындағы  совхозда  (қазіргі  Жанқожа  батыр  ауылы) мәдениет  Үйінің  директоры  болатынмын.  Мен  оған  келіп:

– Біз  де  дайындалсақ,  ала  кетесіздер  ме? – дедім.

– Егер  жақсылап  дайындалсаңдар,  ала  кетеміз.  Республикадан  келетін  әділ  қазылар  алқасын  қазақтың  алғашқы  режиссерлерінің  бірі  Асқар  Тоқпановтың  өзі  басқарып  келетін  көрінеді.  Егер  әділ  қазылар  алқасының  ойынан  шықса,  «Халық  театры»  атағын  беріп  кетеді, – деп  кеудемізге  үміт  отын  тұтатқан  еді.

1989  жылы  болатын.  Арал  қаласында  республикалық  аймақтық  театрлар  байқауы  өтетін  болды.  Байқауға  Қазақстанның  40  жылдығы  атындағы  совхозының  мәдениет  Үйінің  драма  үйірмесі  дайындаған О.Бодықовтың  «Қарақұм  трагедиясы»  атты  драмалық  дастанымен,  облыс  бойынша  жиналған  халық  театрлар  дүрмегіне  қосылды.  Қойылымда  жарты  сағаттан  аса  тер  төккен  өнерпаздар  Дәулет  байдың  образын  сомдаған  Н.Әлжанов,  қызыл  әскердің  комиссары  Омар  болып  Ж.Табынбаев,  Жамал  қызды  А.Бекбауылова,  авторды  С.Насыров  ойнаған  еді.  Алматыдан  келген  «театрдың  атасы  атанған  Асқар  Тоқпанов,  халқымыздың  даңқты  бишісі  Шара  Жиенқұлова,  КСРО  халық  артисі Бикен  Римова  және  мәдениет  Министрлігінен  бір  әдіскері  бар  әділ  қазылар  алқасы  келген.  Байқауды  қорытындылаған  жиында  Асқар  Тоқпановтың  әр  театр  ұжымына  баға  бере  келіп,  біздің  өнерпаздар  туралы: «әне  бір  жас  ұжымның  көрсеткен  қойылымфның  режиссерлік  жағы  өте  жақсы,  өнерпаздарында  талап  бар,  «халық  театры»  атағына  лайықты,  тездетіп  ісқағаздарын  Министрлікке  жіберіңдер»  деген  еді.  Сөйтіп  біздің  аудандық  мәдениет  бөлімінің  меңгерушісі  Ж.Мәкеналиевке  және  облыстық  мәдениет  орталығының  басшысы  Ж.Тұрсыновқа  тапсырма  берген-ді.  Одан  бері  отыз  жылдан  аса  уақыт  өтті.  Сол  кездердегі  адамдар  қалып  жарымады.  Тек  жалғыз-ақ  ұзақ  жылдары  облыстық  Нартай  Бекежанов  атындағы  музыкалық  драма  театрының  режиссері  болып  қызмет  атқарған,  «Қызылорданың  Тоқпановы»  атанған  Оңталап  Нұрмаханов  қалыпты.  Ол  кезде  ол  Арал  аудандық  мәдениет  бөлімінде  қызметте  еді.        

Содан  бері  отыз  жылдан  аса  уақыт  өтті.  Ауданымызда  ауылдық  жердегі  мәдениет  ошағы  арасында мұндай деңгейге ешқайсысының қолы әлі жете қойған  жоқ.  Ауылдық  мәдениет  Үйінің  драма  үйірмесі  «халық  театры»  атағын  алуына  Насыр  себепкер  болған  еді.  «Жақсыдан  шерепет..»  деген  осындай  болса  керек.

…Ал  талантты  режиссер  Жәдігер  Тұрсынов  облыс  орталығына  жұмысы  өсіп,  ауысып  кеткенде  халық  театрының  режиссерлік  міндетін  Насырдың  өзінің  атқаруына  тура  келді.  Түрлі  композациялардың  сценарийін  де  өзі  жазды.  Сондай-ақ  Ғ.Мүсіреповтың  «Қозы  Көрпеш – Баян  сұлу»  атты  екі  бөлімді  трагедиясы  мен  Қадыр  Мырзалиевтің  «Жаралы  жолбарыс»  драмасын  сахнаға  қойып,  өнер  сүйер  қауымның  ризашылығына  бөленді.  Р.Жанаевтың  «Жанқожа  батыр»  спектаклін  дайындап,  Алматыға  апарып  «Қазалының  Алматыдағы  өнер  күнінде»  көрсеткенде  «театрдың  ақсақалы  атанған  Асқар  Тоқпанов,  атақты  режиссер  Әзербайжан  Мәмбетов  те  қойылымға  жоғары  баға  берген.  Халқымыздың  жыр  дастанына  айналған  «Қыз  Жібек»  спектаклін  шығарып,  халыққа  көрсетіп,  көпшіліктің  құрметіне  бөленді.  Бұл  қойылымды  Насыр  режиссер  болып  дайындаса,  өзі  Сырлыбай  ханның  ролін  сәтті  сомдады.  Насырдың  Қазалы  халық  театрына  сіңірген  еңбегін  айта  берсе  таусылмайды.  Өткен  бірде  жоғарғы  жақтан  хабар  келген  еді.  Барлық  өнер  ұжымдарында  аттестациялау  өтеді  деген.  Оған  халық  театры  «Кенесары  Күнімжан»  атты  спектаклін  дайындап  қатынасып,  аттестациядан  абыройлы  өтті. Мәдениет  Үйінің  жанындағы  Мырза  атындағы  ұлт  аспаптары  оркестрінің  жұмысын    жандандырудағы  еңбегі  бір  төбе.  Оркестр 1977  жылы  Қызылорда  қаласында  өткен  халық  ұлт  аспаптар  оркестрінің  аймақтық  байқауында  «Халықтық  оркестр»  атағын  алды.  Насыр  оркестрдың  аяғынан  қаз  тұруына  ұйытқы  болуымен  қатар  өзі  де  оркестр  құрамында  длмбырашы  болып  ойнады.  Інісі Аманкелді  бас  домбырада,  екінші  інісі  Аралбай  соқпалы  аспапта,  келіні  Зейнеп  шылдырмақта  ойнайтын  еді.  Кейін  оркестрдің  дирижері  Орақ  Баубеков  екеуі  ақылдаса  отырып,  оркестрдің  құрамын  өнерпаздармен,  музыкалық  құралдармен  толықтырып,  «Қорқыт  сазы»  атты  фольклорлық-этнографиялық  ансамблін  ұйымдастыруға  ұйытқы  болды.

Санамалап  айта  берсек,  Насырдың  аудандық  мәдениет  бөлімін  өркендету  жолындағы  еңбегін  ұзақ  әңгімелеуге  болар  еді. Насырдың  2019  жылы  мәдениет  саласында  қызмет  жасағанына  жарты  ғасыр  толатын.  Осы  жылы  Қазалы  қаласында  клубтың  қазығы  қағылғанына  бір  ғасыр  балатын  еді.  Бірақ  Насыр  оған  жете  алмай,  2017  жылы  өмірден  озып  кетті.  Оның  ұзақ  жыл  басшылық  қызмет  жасағандығынан  болар,  мәдениет  бөлімінің  жұмысының  қан  тамыры  қалай  соғатынын  біліп  отыратын  сейісі  іспеттес  еді.  Қызметтестерінің  ақыл  сұрайтын  ақылшысы  болды.  Оның  туабітті  салкынқандылығы  болар,  қолпаштауды  сүймейтін,  ешкімге  өзінің  істеген  жақсылығын  міндетсінбейтін,  қарапайымдылығы  болар,  өзі  көпшілік  үшін  жасаған  ізгі  жұыстардың  тасасында  қала  беретін.  Кейбір  «пысықтар»  мұның  еңбегін  пайдаланып,  жақсы атты  болған  кездері  де  болды. Не  десе  де  ол  өзінің  әрбір  атқарған  мәдени-көпшілік  жұмыстарын  өзінің  жан  дүниесінің  рақаты  үшін  істеді.  Содан  рухани  ләззат  алды.  Айналасындағы  адамдар  мен  мұны  танитын  халқы  сыйлады.  Одан  артық  атақ,  даңқты  керек  етпейтін  де  еді.  Бірақ  «тау  алыстаған  сайын  биіктей  түседі»  дегендей,  соңғы  жылдар  бедерінде  мұның  елге  жасаған  еңбегі  ескеріле  бастады.  Жоғарғы  басшы  орындардан  Алғыс  хаттармен,  грамоталармен  мадақталып,  «Үздік  режиссер»,  «Үздік  сценарист»  деген  атақ  берілді.  «Қазақстан  Республикасының  мәдениет  қайраткері»  деген  құрметті  атақ та  тапсырылды.  ҚР  Тәуелсіздігінің  20  жылдығы»,  «Астанаға  10  жыл»  және  Ғани  Мұратбаевтың  110  жылдығы»  мерекелік  медальдарымен  марапатталды.  Жанқожа  батыр  бабамыздың  240  жылдығына  арналған  естелік  медаль  табыс  етілді.  Насыр  –  талантты  режиссер,  Насыр – ақын,  жазушы,  Насыр – сценарист,  Насыр – тамаша  актер,  Насыр – шебер  домбырашы,  Насыр – ұйымдастырушы.  Санамалай  берсең,  Насырдың  басқа  да  өнердегі  қасиеттері  табыла  беретін  еді.  Жігітті  «сегіз  қырлы,  бір  сырлы»  деген  халық  сөзі  осындайдан  шықса  керек.

Насырдың  70  жасқа  толғанын  аудан  көлемінде  аталып,  аудандағы  елді  мекендерді  жағалап  іс-шаралар  өткізілді.  Бұл  да  болса  еңбегінің  еленгені  болар.  Өмір – ол  уақыт,  осы  қамшының  сабындай  қысқа  өмірімізде  сенің  қандай  болып  өмір  сүріп  өткенің.  Сондай-ақ  өмірі  өнермен  өрнектеліп,  мәдениет  саласында  басшылық  қызметте  жүріп,  сахна  төрінен  түспеген  Насырға  Қазалы  халық  театры,  болмаса  халық  театры  атағын  алуға  себепкер  болған  Жанқожа  батыр  ауылдық  мәдениет  Үйінің  жанындағы  халық  театры  Насыр  Баекеев  есімімен  аталса,  жаңа  толқын  өскелең  ұрпаққа  берген  тәрбиемізде  және  жарты  ғасырға  жуық  сахна  төрінен  түспеген,  өнердің  арда  азаматына  жасаған  құрметіміз  болар  еді.

Жас  үлкейгесін  кейінгі  ұрпақты  көп  ойлайды  екенсің.  Менің  өзім  жетпісті  орталадым.  Он бес  жыл  ауылдық  мәдениет  Үйінің  директоры,  он бес  жыл  халық  театрының  режиссері,  бес  жыл  аудандық  мәдениет  Үйінің  әдіскері  болып  қызмет  атқарғанмын.  Халыққа  мәдени  қызмет  көрсетудің  ауыртпалығын  бір  адамдай  сезінген  адаммын.  Осынау  «мылтықсыз  майдан  аталатын»  халыққа  қызметтің  түрінде,  жарты  ғасырға  жуық  қызмет  жасаған  өнердің  арда  азаматы  Насыр  Баекеев  туралы  қалың  оқырманға  және  жоғарғы  басшы  орындарға  құлақ  қағыс  етуді  жөн  көрдім.         

Жанділдә  Баймұратұлы,

мәдениет  саласының  ардагері,

Қызылорда  облысы,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: