Бүгін күйші, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Төлепберген Тоқжановтың 60 жасқа толуына арналған «Туымы бөлек тұлпар» атты облыстық күйшілер байқауы өтті, деп хабарлайды Қызылорда халық шығармашылығы орталығы.
Іс-шара барысында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов талапкерлерге сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
Күмбірлеген күй сайысына 10-14 жас аралығы және 15-35 жас аралығынан 27 күйші қатысып, алғашқы кезеңде Төлепберген Тоқжановтың күйлерін орындаса, екінші кезеңде күйшілер күй атасы Құрманғазы, Қазанғап пен Дина мектебінің шығармаларын насихаттады.
Байқауға күйші, композитор, «Құрмет» орденінің иегері, қазылар алқасының төрағасы Төлепберген Төреахметұлы, күйші, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Халық аспаптары» кафедрасының меңгерушісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан Әбсадықов және күйші, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы Нұрадин Ахметов қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен 10-14 жас аралығындағы қатысушылар арасында III орынды Махмуд Ақансері (Қызылорда қаласы), II орынды Серік Азизджон (Арал ауданы), I орынды Тоиымбетов Алинур (Байқоңыр қаласы) иеленді. Бас жүлде Көзейбай Дәулетханға (Сырдария ауданы, Айдарлы ауылы) бұйырды.
Сонымен қатар, Әлшекей Бектібайұлы атындағы арнайы жүлде Ибайдулла Аятқа (Қызылорда қаласы) берілді. Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы арнайы жүлдені Амантурдиев Мунар (Байқоңыр қаласы) иеленді.
15-35 жас аралығындағы қатысушылар арасында III орын – Төлегенова Ақнұр (Арал ауданы), Ахметов Ернар (Қызылорда қаласы), II орын – Кеңес Қуаныш (Қызылорда қаласы), I орын – Махамбетжан Досымжан (Қызылорда қаласы) иеленді. Бас жүлде иегері – Жақсан Мұқағали (Қызылорда қаласы) атанды.
Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы арнайы жүлде – Сербаева Даянаға (Қызылорда қаласы), Шал Мырза Тоқболатұлы атындағы арнайы жүлде – Амангелді Абайға (Қызылорда қаласы), Жалдыбай Елеукеұлы атындағы арнайы жүлде – Шайхов Нұрсұлтанға (Қызылорда қаласы), Әлшекей Бектібайұлы атындағы арнайы жүлде – Нысанханов Саматханға (Қызылорда қаласы) берілді.
Аталмыш іс-шара жас күйшілерге үлкен сахнаға мүмкіндік сыйлап, олардың шығармашылығына жаңа тыныс берді. Байқау жас таланттардың өнерін бағалап, қолдау көрсетуге, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға зор ықпал етті. Жас күйшілердің өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, жастарға ұлттық музыка өнерін одан әрі дамытуға шабыт сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!