HALYQLINE.KZ Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің құралы. Сондықтан өскелең ұрпақтың арасында өнердің осы бір түрін дамыту өте маңызды.Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарының тәрбие бағытындағы жұмыстарының мазмұнын толықтыру мақсатында «Мектеп театры» жобасы қолға алынған болатын. «Мектеп театры» жобасын енгізудегі мақсат – оқушылардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңіру және елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, баланың сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал жасау.
Аталған жоба аясында 12 мамыр күні мектебімізде «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбында 5-6-сынып оқушылары арасында сахналық қойылым бойынша сайыс өткізілді. 6 «б» сынып оқушылары «Мақтаншақ бай» , 6 «ә»сынып оқушылары «Алдар көсе мен бай», 6 «в» сынып оқушылары «Аяз би» , 5 «ә» сынып оқушылары «Жақсылық пен жамандық» және 5 «б» сынып оқушылары «Қаңбақ шал» ертегісін сахналап, өз өнерлерін көрсетті. Оқушылардың театр үйірмесіне деген қызығушылығы өте жоғары. Әрбір кейіпкердің рөлдерін сомдауға барын салып, кейіпкердің образын ашуға тырысты. Іс-шара соңында жас әртістеріміз арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Талантты балалардың басын біріктіретін үйірменің балаларға берері көп. Жобаның мүшелері де сахнада өздерін еркін ұсатуға, кейіпкер бейнесін ашуға, шығарманың мазмұнын толық түсініп, сахналап шығауға машықтанып келеді.
«Балалар жылы» басталған бұл жоба мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа таланттардың жолын ашары сөзсіз.
Айгүл СКАКОВА,
М.Шоқай атындағы
№187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!