Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КЕМПІР «КЕЛІН»

12.08.2023, 11:00 544

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

Біздің ауылда жалғыз басты шал тұратын. Өмірінде үйленіп көрген емес. Жасы жетпістен сырғанап бара жатқан сол ақсақал бір күні маған қисаңдап келді.

– Әй балам, машинаң жүріп тұр ма?

–Жүріп тұр…

– Итің үріп тұр ма?

– Үріп тұр.

– Қалаға барып, қыз-кемпірге жолығып қайтсам ба деп едім…

– Қыз кемпіріңізді түсінсем, тіліме теріскен шықсын ақсақал…

– Е, шырағым, «сібідәниеге»  апарып келсең деймін. Ақшаңды берем, бензиніңді құям…

  Шалдың шашынан сипалап, бетінен иіскедім де: «Ата, көкнәр ішіп алған жоқсыз ба?» деп сұрадым.

– Ойбай, атама!

– Енді… «сібідәние» деген сөзіңіз жерде жалпайып жата ма?

 – Былай ғой. «Қыз–кемпір» деп жатқаным, баяғыда–а–а ғашық болған бір қызды ұмыта алмай жүр едім…  Қазір жасы жетпіс екіде.  Әлі қыз. Былай ғой, неменеге күлесің-ей, өмірінде күйеудің құшағын көрмей, кәрі қыз еді, енді кәрі кемпір болды. Сол «қыз-кемпірді» алып қашсақ…

– Ата, ниетіңіз бұзық екен, дегенмен, қызық екен. Қазіргі жастар бір көргеннен «ұната» салады да, махаббатын қызға қарай «құлата» салады да, дереу алып қашады. Қыздың бас бостандығына, адами құқығына түкірмейді де.  Ал сіз болсаңыз, жастарға ақыл айтудың орнына…

   Шал шамдана ма десем, кәдімгідей қамданып отыр. Жымың-жымың етеді.

– Баяғыда-а-а-а, жас кезімде ол қызды бір көргеннен ғашық болдым. Бірақ, оның жүрегі быламық па, білмеймін, маған келгенде былжыра-ап кетеді. Ұнатпайды. Күрек тістерің қисық дейді, көздерің қысық дейді, бұтың талтақ, басың қалтақ, мінезің түйедей, бетің қап-қара күйедей дейді ме, жолатпады әйтеуір. Ол кезде қазіргідей қалта телефон жоқ, шарбағының қасына барып ысқырдым. Ол ышқынып шыға келді. «Не, не, не?» дейді. «Бірдеңе айтам…» деп мен де қоймаймын. Қойшы, не керек, досым екеуміз, ұмытпасам, 1960 жылдың жазы еді ғой деймін, телешкелі трактормен алып қашқанмын.

– Ия, сосын не болды?

–Не болушы еді? Кеңес дәуірі еді, «кеңкелеске тимеймін, әке–шешесіне келін болып, басымды имеймін!» – деген соң, сотталып кете бардым. Бес жылға!

– Одан кейін үйленбедіңіз бе?

– Түрмеден келген соң, үйден бір кесе айран сіміріп салдым да, қызды ысқырып шақырып алдым. «Не, не, не?» деп жетіп келді ол. «Бірдеңе айтамын…» дедім де, қызды  есек арбамен алып қаштым…

– Көнді ме?

– Көнсе өлгені  ғой деймін, тағы төрт жылға сотталып кеттім… Түрмедегілерге танымал болып қалдым, құдасы келгендей құшақтап қарсы алады…

– «Одналюбь» екенсіз де…

– Білмеймін, сол қыздан басқа жер бетіндегі қыздардың бәрі «қойға» айналып кеткендей, махаббаттың майын жалап, жүріп жаттым.

– Аты кім еді, сұлуыңыздың?

– Ұстатпасбике.

– Ерекше ат екен.

– Шырағым, түрмеден келген соң…

– Айран сіміріп алдыңыз да…

– Жоқ, боза ішіп алдым да, ұмытпасам 1969 жылдың күзі еді, егін жиналып жатқан, ысқырдым да, алып қаштым.

– Сіз ысқырсаңыз, қыз атып шыға береді екен де.

– Білмеймін, ысқырсам болды «не, не, не?» деп жетіп келетіні бар. Көнбей қойды. Тағы бес жылға сотталып кеттім.

– Сізге жүдә обал болған екен.

– Ия, сұмдық ғашық болдым ғой!  Мен оның шұлығын ұрлап алып, түнімен иіскеп жататынмын.

– Маньяк емессіз бе, ата?

 – Ол кезде коньяк ішкен емеспін. Сол қызды ешкім алмады ақыры… Қазіргі жастарға қайран қаламын,  «жедел жәрдем» махаббат болады да, арты «пожарный» махаббатқа ұласып жатады. Сендер есеппен үйленесіңдер. Қазіргі қыздарда қасиет қалмады… Сауналарда сайрандап жүріп алады да, түк болмағандай, бір мықты жігіттің басын айналдырып, тиіп алады.

– Ата, қазіргі жастарды қойыңызшы, сонымен маған не демекшісіз? –деп сұрадым мен. Шал шашын тарап, сақалын өріп қойды.

– Сол Ұстатпасбике қалада бір өзі тұрады екен. Ұстатпай жүрген махаббатым менің! Кеше түсіме кірді. «не, не, не?» деуші еді ғой,  «кел, кел, кел!» – деп қол бұлғайды ма…

– Алып қашқыңыз келеді ғой?

– Ия шырағым… Жалғыздық жыртыңдап жанымнан қалмайды… Енді көнетін шығар?..

– Базар жоқ… – дедім мен.

– Базарға бармаймыз, тіке тартамыз! 

– Бопты.

«Мерседесіме»  көрші ақсақалды отырғызып алып, қалаға тартып кеттім… Құдайым–ау, кездесулері жүдә қызық болды. «Қыз кемпір» өтірік мүләйімсіп: «Қайтыс болып кеткен шешем жібермей жатыр» дейді ме, «қиял әлеміне» барып, қыдырайық дейді ме…, әрең шықты. Шыға салып: «Не? Не? Не?» деді. Атамыз:  «Бірдеңе айтайын …» деп қипақтады. Содан кемпірді алып қаштық…

– Біздің ауылдағы гәпке барамыз… – деп алдады ақсақал. Үйге келсек, ақсақалдың ағайындары, тірі кластас ақсақалдар отыр екен, «Кәрі құсың құтты болсын!» десіп жатты. Бір жеңгесі  кемпір келінге ақ жаулық жапты. Абысындары: «Отырған кемпір орнын табар» деген, екі жарты, бір бүтін болыңдар! Өлсеңдер, бірге көмеміз…» деп ақыл айтты.  Кенет  кемпір келіннің көздері жайнап кетіп: «Ө-ләә, ақыры көніп қалдым-ей… Жас күніңде ойна да, күл деген… Енді шәй құйып беруге жарасам болды да…» деп бетін шымшыды… Ал, атамыздың қуанышында шек жоқ! Қайта-қайта насыбай ата береді. Бүгін біздің ауылда – беташар! Келіңіздер, белін  бүгіп есік алдын сыпырып жүрген кемпір «келінді» көріңіздер!

Мұхтар ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: