Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Финляндияда Сыр өнерпаздарының концерті өтті

26.03.2025, 13:00 94

Наурыз айының 24-27-сі аралығында Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Еуропаның Финляндия, Эстония және Испания мемлекеттерінде Қызылорда облысының өнер күндері өтуде. Өнер сапарын аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың қолдауымен, Қазақстанның Финляндиядағы, Эстониядағы және Испаниядағы елшіліктері ұйымдастырды.

Бұған дейін аталған елдерден инвестиция тарту мақсатында кәсіпкерлер арасында кездесулер өткен болатын. Арадағы экономикалық байланыстарды осы мәдени іс-шара бекіте түсті.

Қызылорда облысының Еуропа мемлекеттеріндегі өнер күндерінің алғашқы концерті «NAURYZ – CELEBRATION OF SPRING» атауымен Финляндияның Хельсинки қаласында өтті.

Іс-шараны Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдраимов ашып, сахна төрінен осы мерекелік кешке қолдау білдірген Нұрлыбек Машбекұлына арнайы алғысын жеткізді. Концертті Еуропаның 10 мемлекетіндегі елшілер, дипломаттар, Финляндияда тұратын қазақ диаспорасы, білім алушы студенттер мен фин халқы, барлығы 500-ге жуық көрермен тамашалады.

Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін ұлықтаған Қызылорда облыстық филармониясы дәстүрлі ән-жырды әуелетті.

Финляндия халқы ғасырдан ғасырға жеткен эпостық жырларын, сәулет және бейнелеу өнері туындыларын мәдени мұра ретінде құрмет тұтады.

Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік қайта түлейтін Табиғат мерекесіндегі концертінің шымылдығы «Жарапазан» жырымен түрілді. Еуропалық көрерменге қазақтың дәстүрімен шашу шашылып, «Тойбастар» шырқалды. Наурыз-думанға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары, диаспора мүшелері, қазақстандық және шетелдік студенттер ұлттық музыкамен және дәстүрлермен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Ұлттық музыканың ұлы жауһарларын төрткүл дүниеге танытып жүрген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай), Сыр елінің өнер майталмандары Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Самал Байсейтова, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, айтыскер-ақын Мұхтар Ниязов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бағдәулет Қарғабаев, Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев, Тоқтар Ағыраев, Ақнұр Аманбаева, Сәбит Ділдабаев, Алмас Әлжанов, Заманбек Нысанбаев, Арман Төлеш қатысып, өнер көрсетті.

Гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламалармен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары мен ұлттық нақышта жасалған сый-сияпаты ұсынылды. Жұртшылық таным мен тағылымға бай кеш сыйлағаны үшін сырбойылық өнерпаздарға алғыс білдірді.

Кейінгі жылдары Қызылорда облысының өнер күндері Астана мен Алматыда зор табыспен өтті. Сондай-ақ, Сыр өңірінің шығармашылық ұжымдары Еуропа елдеріне гастрольдік сапармен бірнеше рет барды. Осы жолғы сапардың тағы бір мақсаты – шет елдердегі шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмасу.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: