Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бекжан Ержігіт: «Ақын қошеметпен беретін сыйды адалдан алуы керек»

20.09.2020, 14:00 931

Айтыстардың қайталануы – «айтқыштардың» майдалануы шығар. Олай деуге себеп, бас бәйге, жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтарынан өзге, қатысушы барлық ақындарға да ақшалай сыйлық беріліп жатады. Әлбетте, жүлдені сұрап алу болса да, шаппай алу жоқ. Бір айтысты бітіре сала екіншісіне аттанған ақынның алдыңғы сөзінің орнын ауыстырып, келістіре салуы заңды да шығар. Уақыттың тығыздығы мен жүлденің жүз көрсетуі ұятты аз уақытқа ұмыта тұрып, талғампаз тыңдарманға «жобасы бар жырын» ұсынуына әкеліп соқтыратыны анық. Бұл мәселеге келгенде басыбайлы біреуді кінәлі деу дұрыс емес. Айғайлау мен үнсіз қалудың да қажеті шамалы. «Түйін қалай түйілді?» дегеннен гөрі, «оны қалай шешу керек» дегенге жауап іздеген жөн. Сонымен, қайталама айтысты қалай қойдыруға болады? Жалпы, «бір айтқанын екінші жерде қайталау қаншалықты дұрыс?» деген сұрақты айтыскер ақын Бекжан Ержігітке қойып көрген едік.

Бекжан ЕРЖІГІТ, айтыскер ақын:

– Жалпы, айтыста бір айтқанды екінші жерде қайталауға қарсымын. Аллаға шүкір, қазір сөз додасына бөлінетін қаражат аз емес. Сондықтан, кез келген ақын қошеметпен беретін сыйды адалдан алуы керек. Кейінгі жас буын ақсүйек өнерімізге кір келтіретін мұндай олқылықтарға жол бермейміз деп үміттенемін. Жастар бұл әдеттен өздерін аулақ ұстаса, қазақ айтысының келешегі жарқын, еңсесі биік болады. Ой қайталау, сөз қайталау жиі кездеседі, бірақ, түгел бір шумақты қайталау – алып бәйтеректің тамырына балта шапқанмен бірдей. Мен мұнда жалпы қазақ айтысын айтып отырмын. Сырдағы ақындардан мұны жиі кездестірмейміз. «Ақындық – ардың ісі» болғандықтан, бұ қызметті де тазалықпен, адалдықпен атқару керек. Ал, жаттағанды қайталап айтып жүлде алу тазалыққа жатпайды.

Әлбетте, жастар аға буынға қарап сап түзейді ғой, сол кісілердің қолдауынан, ескертуінен сөзімізге де, өзімізге де қарайлаймыз. Меніңше, сөзді қайталап айтқан емес, ел көкейіндегі ойды айтқан орынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: