Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдағы халық театры қалай қорғалды?

28.03.2023, 9:05 394

HALYQLINE.KZ

27  наурыз  –  Халықаралық  театр  күні

Қазалы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, іле-шала Арықбалық ауылдық округінің әкімі Мәулен Қайруллаев бүгінгі «Халықаралық театр күнімен» құттықтап қоңырау шалды. Есімдері көпшілікке танымал, ат арқасында жүрген азаматтардың ілтипатына марқайып қалдым. Мұнан соң мен де ата-бабамнан бергі қасиетті қонысымыз Жанқожа батыр ауылының тұрғыны, мәдениет саласының ардагері Жанділдә Баймұратов көкеме телефон соғып, жылы лебізімді білдірдім. Ақкөңіл Жанділдә ағам ағыл-тегіл алғысын жаудырды. Жәкеңнің қашан көрсең де жас балаша елпілдеп тұратын дағдысы менің көз алдыма өткен күндерді қайта оралтты.

1981 жылы Жанқожа батыр ауылында (ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы савхоз» деп аталады) еңселі мәдениет үйі пайдалануға берілді. Мәдениет үйінің алғашқы директоры Жанділдә Баймұратов бұған дейін аудандық мәдениет үйінде аға әдіскер болып қызмет жасапты. Жәкең ауылға тез үйренісіп кетті. Отбасымен көшіп келіп, көппәтерлі үйдің шағын бөлмесінде тұрды. Ол кезде бүгінгідей аудан орталығынан ауылға, ауылдан аудан орталығына қатынап жұмыс істеу деген мүлдем жоқ. Әрі «шымшықты да қасапшы сойсын» демекші сала басшылары қатаң іріктеліп, бейімділігіне қарай лауазымға тағайындалатын шақ. Осындай қатынап жұмыс істейтіндерді көргенде көкейіңде еріксіз «Ауылдың жұмысы, жалақысы жақсы, алайда, ауылға көшіп келуге, балаларын сол елді мекендегі мектепте оқытуға құзыреттілер неге құлқысыз?» деген сауал қылаң беретінін несіне жасырамын?!

Ал, Жанділдә Баймұратов болса жұмысқа орналасу бойына ауылға қоныс аударды. Зейнеткерлікке шыққан соң да өзі талай жыл еңбек еткен ауылдан ірге аударған жоқ. Қазіргі таңда Жәкең – ауылдың сыйлы ақсақалдарының бірі. Сонымен…

Баймұратов келген соң мәдениет үйінің жұмысы астына отыны мол жағылған қазандай бұрқ-сарқ қайнады. Тұрғындармен, әсіресе жастармен ортақ тіл табысты. Ауыл жастарын мәдениет үйіндегі драма үйірмесіне тартып ғана қоймай, олардың кәсіби сахнада жоғары жетістікттерге жетуіне үлкен ықпалын тигізді. Мәдениет үйі шын мәнінде көпшіліктің жиі бас қосатын рухани ордасына айналды. Төгілген тер текке кетпеді. Алғашқы жылдың өзінде аудандық көркемөнерпаздар байқауында жеңімпаз атанса, келесі жылы тағы да топ жарды. Драма үйірмесінің жетістіктері жалғаса берді. 1983 жылы аудандық мәдениет бөлімінің жыл қорытындысымен ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алса, мәдениет үйінің іс-тәжірбиесі облыс көлемінде тәжірбие ретінде үнпарақ қағазбен таратылды.

Бас-аяғы санаулы уақытта КСРО мәдениет министірінің дипломымен марапатталды. Драма үйірмесі халық назарына көптеген қойылым ұсынып, көрмендердің ілтипатына бөленді. Арал қаласында өткен театрлар фестиваліне драма үйірмесі «Қарақұм трагедиясы» спектаклін дайындап апарды. Сол театр фестивалінде қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, театр майталманы Асқар Тоқпанов – қазылар алқасының төрағасы, халқымыздың белгілі бишісі Шара Жиенқұлова, халық әртісі Бекен Римова және Мәдениет министрлігінен келген өкіл қазылық жасады. Жоғарыда есімдері аталған қазылар алқасы драма үйірмесінің мүшелері Нұрғабыл Әлжанов, Аманбике Бекбаулова, Жұмабек Табынбаев, Салмахан Насыров сомдаған кейіпкерлердің бейнесін жоғары бағалап, «Халық театры» атағына ұсынды. Бұл Жанділдә Баймұратовтың тікелей еңбегінің арқасы еді.

Арада 30 жылдан астам уақыт өтті. Сонан бері Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйі жанындағы «Халық театры» өзінің атағын әлденеше мәрте қорғады. Айта кетерлігі, Жанқожа батыр ауылындағы «Халық театры» – аудан көлеміндегі елді мекендер арасында осындай жоғары атағы бар бірден-бір ұжым. Мерекелеріңіз құтты болсын, сахна саңлақтары!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: