Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагер журналист Ахат ЖАНАЕВ: Қорқыт бабаның 12 күйін үнтаспаға жазып алып, алтын қорға табыстадым»

10.07.2020, 16:10 1033

HALYQLINE.KZ (Сұхбат 2009 жылы «Халық» газетінде жарыққа шыққан. Естелік ретінде оқырман назарына қайта бергенді жөн көрдік)

Журналистика – қоғамдағы жаңалық атаулыны талдап, таразылап, сараптап, сана сүзгісі мен ой елегінен өткізіп отыратын, қиындығы мол болғанымен, қызығы қатар жүретін, тәуелсіз елдің тірегіне айналған сан қырлы сала. Ал тілшілердің негізгі қаруы – қарымды қаламы, ұшқыр ойы мен мазмұнды, тың идеясы. Жақсының жаршысы, жаманның аңшысы, қаламсабының ұшынан туындаған құнды дүниесін мөлдір судың тамшысы, ескен желдің самалы деуге әбден болады. Биіктен томағасын тартқан қырандай тынымсыз ізденіп, талпынып жүрген жандардың алдыңғы қатарында тілшілер қауымы тұрады десек те артық айтқандық емес. Бұлт жамылған аспандай көңілі құлазыған қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Тұманда тұтылған жарқын жүзін айдай етіп ашатын, келеңсіз жайттың, түйіні тарқамаған мәселенің күрмеуін шешіп, теңіз түбіне тұнған асыл тастардай маржан сөзімен рухани азық беретін де – тілшілер. «Сөз деген орнын тапса, бағасы бар, сөздің де сөз арқылы бағы ашылар» деген нақыл сөздің астарында терең ойға шомдыратын орамды ой айтылған. Қарусыз қаламгерлер әрбір жазған мәйекті сөзін шырынды етіп, сөз өнерінің керегесін кеңейтіп, бағын жандырып жүр.

Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тағылым беретін – аға буын өкілдері. Толқынның жағалауға ұрғаны секілді болашақтың ескегін қолына алып, қайығын теңіз ортасына қалдыруды қаламайтын жігерлі жастарымызға айтар ақылы, көрсетер өнегесі мол. Жан байлығын ақыл мен білімге байлаған Ахат Жанаев – көпшілік қауымға дарынды журналист, сыйлы да құрметті азамат және парасатты пайымдаушы ретінде таныс. Алынбаған асу мен бағынбаған белеске табанын тағалап тұрып, шыңына өрлеген Ахат аға биыл 75 жасқа толып, мерейтой иесі атанғалы отыр. Біз де тәлім табағынан аздап дәм татып көрмек ниетпен ағаны әңгімеге тартқан едік.

– Аға, ұзақ уақыт шеңберінде журналистика саласының қысқы қаһарына шыдап, көктемгі шуағына жылынып, жазғы жайлауын аралап, күзгі жапырағын терген жандардың бірісіз. Тәуелсіздіктің таңы қылаң бергеннен кейінгі жылдары осы салаға сапалы да, сапасыз да сын айтылып келеді. Соған көзқарасыңыз қалай?

– Әрине, еліміз егемендікке қол жеткізген соң түрлі басылымдар жарық көре бастады. Бұл алға жылжушылықтың белгісі шығар, бірақ сынға ұшырап жатқандары баршылық. Саналы ғұмырым журналистика саласына арналды. Ауызға ерік берілген соң сынның айтылуы орынды деп есептеймін. «Журналистердің беделі бұрынғыдай емес» дейтіндер бар. Егер тілші жан-жақты, саналы, білімді болса, сын айтылмайды. Өзінің әділдігімен, турашылдығымен, жазған мақаласымен шеберлік деңгейін дәлелдейді. Бір-екі материалы жарық көргеннен бастап өзін журналист сезінетіндер де жоқ емес. Ең бастысы адамға қарапайымдылық қасиет қажет. Менің табиғи болмысым осыған саяды.

Радио – руханият саласы, мәдениеттің буыны. Ол жеделдігімен, шалттығымен құнды. Қазір жазған дүние кешкі эфирге шығуы шарт. Шапшаңдығымен баурап алатын – осы сала десе де болады.  

 – Соңғы жылдары «қазақ баспасөзі әлем баспасөзімен теңесе алмай келеді. Жауапкершілік жүгі сезілмейді, жеделдік жоқ» деген пікір қалыптасқан. Сіздіңше, оған себеп неде?

 – Жалпы алғанда саясат жағына көп бет бұра бермеймін. Дегенмен, өз ойымды айтар болсам, қазіргі таңда тәуелсіз басылымдар мен тілшілер баршылық. Әрқайсысы әр салаға түрлі деңгейде қалам тербейді. Негізі қазақ баспасөзінің жағдайы мүшкіл деуге әсте келмейді, жағдай жақсы. Бірақ сын жағынан келгенде тапшылық, жұтаңдық байқалады. Сын дегенде жұрттың үрейін алып, қара аспанды су алдыру емес, дағдарыстан шығудың қандай тиімді, оңтайлы жолы бар, соны қарастыру. Ашуды ақылға, қиындықты сабырға жеңдіре білетіндей тұшымды ой айту. Таяқтың екі басы болатыны секілді, жоқшылық пен тоқшылық та қатар жүреді. Осындай елге қажетті нәрселерді саралаған жөн.

Ал жеделдік жөніне аялдасақ, соңғы кездері орталық басылымдарда бір-бірінен көшіріп басу жиілеп барады. Макет толтыру керек болады ма, білмедім? Бұл газет беттерін күнде қадағалап отырған оқырмандар үшін шынына келгенде қызығушылық тудырмайды. «Мынау өткенде ғана ана газетте жарық көріп еді. Мұны несіне қайталап берген?» деп оқымай қоя салатындығы сондықтан.

 – Бүгінде елімізде 2500-ге жуық ақпарат құралдары жұмыс жасайды. Бірі мемлекет қарамағында болса, енді бірі жеке меншікте. Тәуелсіз басылымдарға шынына келгенде қысым көрсетіліп жатады. Ата Заңымызда «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» делінген. Қазіргі таңда журналистердің құқықтық мәртебесі қай деңгейде? Демократияға қаншалықты еркіндік берудеміз?

 – «Сөз бостандығына ерік берілді» екен деп жаза беруге де болмайды. Кейде жас журналистеріміз албырттықпен, жастықпен батырып жазып жібереді. Соңынан опық жейтіні – заңды құбылыс. Астамшылық жасап, асыра сілтеп жазуға ерік беру – көңілге қонымсыз. «Басшыңды сыйла, үлкендердің сөзін бөлме, өзің көсемсіп кетпе» деген секілді әңгімелер шариғатта да айтылған. Шектен шығып, ала жіпті аттауға болмайды. Негізінде айтылатын, айтылмайтын мәліметтер болады. Радионың қазанында 30 жылдай қайнаған соң барлық жайтқа қанығып алдық. Газет тапсырыспен болмаса, шекара аса бермейді. Ал радионың таралу аймағында шек жоқ. Шетелдегі қаншама қандастарымыз тыңдайды. Радио цифрды көтермейді, ол нәзік, адам жанын тербейтін, жүректі қозғайтын, жұмсақ дүниелерді қажет етеді. Ал газетке 20-30 сандық көрсеткіштерді сыйғыза беруге болады. 

Облыс әкімі ардагер журналисті марапаттау сәтінен (2019 жыл)

 – Жалпы алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарын жаңалықтың жаршысы деп жатамыз. Теледидар мен радионың мүмкіндігі мол, аудиториясы кең. Газет, журналдардың беделіне, оқырмандарына қандай баға бересіз?

 – Теледидар мен радио жеделдеу болған соң көпшілік назары соған қарай ауады. Басылым беттері шығу мерзіміне орай кештеу береді. Бірақ бұл ешқандай кемшілікті аңғартпайды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері төртінші билік тізгінінің иесі болғандықтан, шетелдерде билік басындағылар санасып отырады. Байқаймын, кейде басшылар сынға жауап бермейді. Бұрындары газет бетіндегі «Жазылған жайдың жаңғырығы», «Сынап едік, қорытындысы қандай?» деген айдарларды осы кезде кездестіре бермеймін. Көбіне мақтау.

Оқырмандар газет-журнал жаздырып алғысы келгенмен, қалтасы көтермейді. Өзім тілшілік қызмет атқарып жүргенде 10-15 газет алатынмын. Қазір шынын айту керек, облыс көлемінде қандай басылым шығады, оның құрылтайшысы кім екенін білмейтін жұмсақ орындық иелері бар. Ол былай тұрсын, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинді ажырата алмайтындар жоқ емес. Халық кітапты аз оқиды. Теледидарға телміріп телесериал көруге көшкен.    

– Тұшымды пікір айта білетін, 75 жыл жасаған ардақты аға ретінде өз өміріңіздің бейнетаспасына шолу жасасақ…

– Мен 1934 жылы маусымның 24-жұлдызында Тереңөзек ауданы, 1 мамыр (қазіргі С.Сейфуллин) ауылында дүниеге келгенмін. Туылған күнімді баспасөз күніне әдейі орайластырып алғаным жоқ. Мектеп қабырғасынан 1952 жылы түлеп ұштым. 1957 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген соң облыстық радиода екі жылдай еңбек еттім. 1964 жылы Алматыдағы жоғарғы оқу орнын «радио және телевидение» мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол жылы наурыз бен сәуір айларында Мәскеуде өндірістік тәжірибеден өттім. Кейіннен информатор болып та қызмет атқардым. 1940 жылдары сауатты кісілер аз болды. Ауыл ортасында орналасқан қалқанды радиода ер даусында Ю.Левитан, әйел даусында О.Высовская сөйлейтін. Сонда үлкен кісілер «оның ішінде кішкене адам тығылып сөйлеп отыр» дейтін. Енді көрмеймісің, араға қаншама уақыт салып, сол Ю.Левитан, О.Высовская, М.Трибу, Ю.Арди секілді тікелей эфирдің хас шеберлерінен бір айға жуық дикторлық шеберлік жайында дәріс алдық. Хабарды қалай дайындау керек, мәтінді қалай нақышына келтіріп оқып, репортажды, ауызекі сұхбатты қалай жүргізу керектігін үйрендік. Бұл менің бүкіл өміріме азық болды. Соңғы жылдары «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Бұқарбай батыр», «Арысы едің Алаштың», «Алмас тілді ағалар» атты кітаптарым жарық көрді. Бүгінде жұбайым Ұлбосын екеуміз 2 ұл, 3 қыз асырап, 13 немере сүйіп отырмыз. Биыл отасқанымызға 51 жыл толды.  

– Қызмет бабындағы және одан кейінгі жылдары өзіндік ерекшелігімен есте қалған жайттар…

– Радиода жүргенде Сыр сүлейлерін кеңінен насихаттадым. Себеп, Сыр елі – жыр елі, өнердің шырағы жағылып, туы тігілген, Қорқыт атаның жері. Айтпақшы, біршама танымал тұлғалардың тұсауын кескен болатынмын. Олардың ішінде күміс көмейлі Көшеней, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Набат Ойнарова, Әлмырза Ноғайбаев, Қуандық Бүрлібаев, Нұрберген Тастаев, Серік Өтеуов, Бекұзақ Тәңірбергенов сынды жыраулармен қатар қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Ералиева да бар. Қай салада жүрсем де елге танылмай жүрген әншілер мен тасада қалып, қағажу көріп келе жатқан проблемаларды қозғадым. Тағы бір айта кетерлігі, Қорқыт бабаның 12 күйін қызылордалық қарт қобызшы Сымайыл Шәменұлының (ол кісі жас кезінде шешек ауруына шалдығып, екі көзінен айрылған) орындауында үнтаспаға жазып алып, М.Әуезов атындағы өнер және әдебиет институтының алтын қорына табыстадым. Мақтанғандай болмайын, өткен жылы Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі және 2008 жылғы облыс әкімінің стипендианты атандым. Одан өзге Ұлы жеңістің 60 жылдығына орай соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегі үшін медалімен марапатталдым. Қазір дербес зейнеткермін.  

– Қаламы – қаруы, қойын дәптері – қалқанына айналған жас журналистерге айтар кеңесіңіз бар ма?

– Өмірде жеткен жетістіктің барлығы талап пен ізденімпаздық арқасында келеді. Журналист болу үшін ең алдымен Алланың берген табиғи дарыны мен еңбек қажет. Орыстың көрнекті журналисі «Журналистика – көптеген мамандықтың басын қосқан синтез» деген. Сондықтан қиындығына төзу керек.

– Саралы сөзін туындысына арқау етіп жүрген тілшілер қауымының төл мерекесіне тілер тілегіңіз?

– Әріптестеріме амандық-саулық тілеймін. Жұртқа сауапты іс жасасаң, халықтың арқасы. Елдің қамын ойлап, жақын болған жөн. Қаламдары қарымды, еңбектері табысты, ғұмырлары ұзақ, оқырманы, көрермені, тыңдарманы іздеп жүріп оқып, тыңдайтын қалам иесі болсын деймін. Журналистік шеберлігі шыңдала берсін.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Қос мерекеңіз қатар келіп, қуаныш, бақыт сыйлап жатыр. Жетпіс бестің жотасын артқа тастап, ұзақ жасауыңызға шын жүрекпен тілектеспіз. Қаламыңыздың ұшынан құнды дүниелер әлі де болса туындай берсін. Мерекеңіз құтты болсын!

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: