Осы ән өмірге келіп, интернет арқылы алғаш тараған күннен бастап теңізі мен дариясы тартылып, аңқасы кепкен аралдықтардың құлазыған көңілдеріне нәр боп төгіліп, қуат боп құйылып, жүректерін жаулап, бойларын баурап бара жатты.
Ойпырмай, бұл ән қайдан шығып жатыр? Кімнің күміс көмейінен төгіліп жатыр екен?.. Дарияның арғы бетіндегі Жаңақұрылыс ауылынан шығатын сияқты. Келдім. Ізі бар да, өзі жоқ. Әннің әуені бар да, иесі жоқ. Тыңдаймын. Сырдың сұлу астанасы Ақмешіттен шығып жатқан сияқты. Іздеп келем. Өйткені «Аралдың адамдары-ай, толқыннан жаратылған» дегендей, біз толқыннан жаратылған, теңізден түлеп ұшқан тектілерміз. Содан да сыңарын іздеген аққудай алқына ұшып келем. Ботасын аңсаған аруанадай дария кешіп, кең дала кезіп, желдей есіп желіп келем. Мен аңсаған әніме, әуеніме, оны шырқаған жанның тап өзіне жақындап келем. Міне, Ақмешіт, міне, ән-әуез ұясы Қазанғап атындағы өнер колледжі. Іздеймін. Тағы да таба алмадым. Мұнда да жоқ. Енді мен аңсаған ән Арал аспанында ақшабұлттай жайылып, қалықтап тұр. «Аралдың адамдары-ай!». Осы бір әдемі әнді де, оны өмірге әкелген үкілі үмітті Үкітай Ерниязовты да айналып келіп Аралдан таптым-ау.
Өнерлі қызымыз Маруся Нұрмағамбетованың ұйымдастыруымен Арал аудандық мәдениет орталығы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі құрметіне Аралдан шыққан 30 жыршы-термешінің басын қосып, үлкен концерт өткізбекші екен. Оған Қызылорда қаласынан Үкітай Ерниязов бастаған жыраулар да келіпті. Концерт түстен кейін сағат 15:00-де басталады. Мен бір сағат ерте келдім. Не болғанда да осы сәтті пайдаланып кездесіп қалуым керек. Асыға күтіп тұрмын. Міне, жеңіл автокөліктен екі жігіт түсіп келеді. Біреуінің қолында қаптаулы домбырасы бар.
– Сен Үкітай емессің бе? – дедім бірінші болып күтіп алып.
– Иә, аға, – деді.
Мен өзімді таныстырдым.
– Сырттай білем, аға, естуім бар.
– Олай болса жарты сағаттай сөйлесейікші, – деп мәдениет үйінен оңаша бөлме алып, бірден әңгімеге көштім.
Қарапайым, құлағы қалқиған, аузы ыржиған, жылы жүзді жігіттің басына көк қаракөл құлақшын кигізіп, қолына папирос берсең, айнымаған Шәмші дерсің. Аралдың Шәмшісі ғой деймін ішімнен.
– Осыдан бес жыл бұрын сенің әкең Айжігіт: «Менің Үкітай деген балам бар. Астанада Қазақ өнер академиясының 4-курсында оқиды. Көптеген әндері бар. Өзі күйші, әнші, сазгер. Сен соны жазсайшы. Жазатындар көп қой. Бірақ та мен сенің жазғаныңды қалаймын» деп сені маған аманаттағаны бар еді. Одан бері де Айжігітті үш-төрт рет көрдім. «Уәде қайда?» дейді, мен: «Болады, болады» деймін. Менің бір қасиетім, кейіпкерімді көрмей, сөйлесіп, сырласпай сырттай жаза алмаймын. (Кейбіреулер телефон арқылы да хабарласып жаза береді ғой). Менде ондай қасиет жоқ. Өмірдегі ең қиын нәрсе аманат арқалаған, уәдені орындамаған екен. Міне, Құдай қолдап, кездестік. Енді әңгімеге көшейік. Өнерге қалай келдің? – деп сөзімді төтесінен бастым.
– Менің әкем Айжігіт те, анам Орынкүл де өнерлі жандар. Есімді білгеннен қолыма домбыра ұстап өстім. Әсіресе тәтем Айнұр Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университеттің жыраулық кафедрасында оқыды. Студент кезінде үйге келген сайын: «Мына термені үйрен, мына жырды жатта, мына әнді орында» деп тапсырма беріп кететін. Содан жатпай-тұрмай жаттаймын. Әсіресе тәтем: «Осыларды орындасаң, сені де ертең өнердің үлкен оқуына түсіремін» дейтін. Мен одан сайын құлшынамын. Радиодан жаңа ән естісем, дереу домбыраны қолыма алып, пернелерден әуез іздеп, сол әнді тартып шыққанша тынбаймын.
– Сол Айнұр тәтең уәдесін орындады ма?
– Иә, орта мектепті бітіріп, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түстім. Одан күйші, дирижер мамандығын алып шықтым. Білімімді, шеберлігімді одан әрі шыңдау үшін Қазақ өнер академиясына оқуға түсіп, оны да бітіріп, Астанадағы Мемлекеттік филармония оркестрінде домбырашы болып жұмыс істедім. Қазір өзім оқыған Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде, Назарбаев зияткерлік мектебінде шәкірт тәрбиелеп, сабақ беріп, өз ізбасарларымды өнерге үйретіп жүрмін.
– Сазгерлік жолды қалай бастадың?
– Қалай бастағанымды өзім де білмеймін. Бала кезіміз ғой, ауылда кезектесіп қой бағамыз. Қойды өріске айдап шыққанымда оңаша сәт, кең дала мені қызықтыратын. Бар дауысыммен айқайлап ән саламын. Өз дауысымды өзім қызық көремін. Өйткені, өзінше бір жаңа ырғақ туындап жатады.
АРАЛ ГИМНІ
Құмында қасиет бар,
Жырында өсиет бар,
Ақсақал бабасының.
Ақындық арында бар,
Батырлық қанында бар,
Ат ұстар баласының.
Бекұзақ көшіне ерген,
Шынберген өсіп-өнген,
Дарханы дара туған.
Адамның жанарлары,
Аралдың адамдары,
Толқыннан жаратылған.
Жайлауы жыр-ән болып,
Жазығы тұран болып,
Әулие дала жатыр.
Көк түрік оңалады,
Көк теңіз оралады.
Бір күні қара да тұр.
Қайраңдап кеме қалған,
Қан мен тер неге тамған?
Теңізге айнадайын.
Әлемді бір шолып кет,
Аралға бір соғып кет,
Ақұдай, айналайын!
Ақжол ТҮМЕНБАЙ
– Сөзін қайтесің?
– Сөзін де өзім ойлап таба беремін.
– Ал сондағы алғашқы әнің қандай еді?
– Білмеймін. Өйткені мен көзіме не көрінеді, шөпке де, ұшқан құсқа да, жайылып жүрген қой не жылқыға да – бәріне арнап ән шығара беретінмін. Сосын мен өскенде керемет әнші болсам, Қазақстанның барлық қалаларын аралап, сахналарында ән салсам деп армандайтынмын.
– Енді сол арманыңа жеттің бе?
– Иә, жеттім деуге болады…
Бұдан кейін Үкітай өзінің өнер додасындағы жетістіктерін, сахналарында ән салып, жыр төккен еліміздің ірі-ірі қалаларын атап шықты.
– Талабың оң болсын!
– Рақмет, аға.
– Сені көпшілік көптеген тамаша әндердің авторы, сазгері ретінде де таниды. Қазір өзің шығарған қанша әнің бар?
– Күні бүгінге дейін 300-ге жуық ән шығарыппын. Бір атақты сазгер ағамыз айтыпты: «Менен қанша ән шығардың?» деп сұрайтындар бар, ал менің 200-ден астам әнім бар. Бірақ соның ішінде халыққа кең тарағаны 10-15-тейі ғана. Демек менің 10-15-тей ғана әнім болғаны ғой» деп. Сол сияқты менің де халыққа кең тараған 10-15-тей ғана әнім бар.
– Енді алғашқы шығарған әніңді айта аласың ба?
– Иә, ол анама арналған «Ана» әнім болатын.
– Сенің ең жақсы шыққан танымал әндерің қайсы? Оны кімдер орындап жүр?
– Өзім үшін әнімнің бәрі жақсы. Соның ішінде айтсам, «Сен сүйген ару» М.Базарбаевтың, «Ақ таңым», «Гүл еккен едім көктемде» Серік Ибрагимовтың, «Әке-ана» Саят Медеуовтың, «Жас жұбайлар» А.Ерниязовтың, «Көктем-қызым» Р.Әлқожаның, «Сен еркеледің» З.Көпбосыновтың, «Күйік шерім – кейіпкерім», «Сүттен аппағым» Ү.Әл-Фарабидің, «Найзағай көңіл» Т.Төрәлінің орындауында көп айтылып жүр.
– «Найзағай көңіл» ме, «Найзағай болып» па?
– Негізі «Найзағай көңіл». Оны Төреғали да, Досхан Жолжақсынов та «Найзағай болып» деп ән мәтініне де сәл өзгеріс енгізіп айтып жүр. Бірақ ән өзгеріссіз менікі.
– Өте жақсы ән, бірақ мен бұл сенің әнің екенін білмей келіппін.
– Әрине, ән шыққанша менікі, шыққаннан кейін халықтікі ғой. Кім қалай қабылдайды, солай айтады. Бұл әнді қырғыздар да қызығушылықпен айтып жүр.
– Сен әуелі ән жазасың ба, әлде ән сөзіне, өлеңге еліктейсің бе?
– Мен бала кезімдегі әдетімді айттым ғой, мені не нәрсе еліктетеді, толғандырады, соған қарап ән шығарамын. Көп әндерімнің сөзін өзім жаздым. Қазір халықтың да, орындайтын әншілердің де талғамдары күшті. Мен белгілі ақын емеспін. Сондықтан кейінгі кезде шыққан әніме қыз іздеген жігіттей, оған сәйкес өлең жазатын жақсы ақын іздейтінім бар.
– Қандай ақындармен шығармашылық байланыстасың?
– Айтсам, Н.Бердіқожа, К.Байназаров, Т.Сәндібек, Ұ.Бекұзақұлы, Ә.Бекарысұлы, А.Түменбай сияқты ақындармен байланыстамын. Солардың арасында Ә.Бекарысұлын ерекше айтар едім. Ол елуден астам әнімнің сөзін жазды.
– Сен өнерді домбырадан бастадың ғой. Колледжді бітіргендегі мамандығың да күйшілік. Бұл жайлы не айтасың?
– Күйшілік өнердегі менің алғашқы ұстазым атақты домбырашы Төлепберген Тоқжанов ағайым дер едім. Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде соның класында білім алдым. Қазір Алматыда консерваторияда ұстаз болып жұмыс істейді. Менің де «Аманат», «Тұлғаларға», «Қаршыға» деген үш күйім бар.
– Қай күйшіге еліктейсің?
– Мен ешқандай күйшіге еліктемеймін. Өзімше ізденіп талпынамын. Дегенмен Мырзаның күйлері жаныма жақын тұрады.
– Күйден неге қол үзіп кеттің?
– Мен жаңа 300-ге жуық әнім бар дедім ғой. Әрбір шығарған әнімді алдымен өзім орындап, өзім насихаттап халыққа жеткізбесем, онымен кім айналысады? Біреу үшін біреу жұмыс істей ме? Ал әншілер болса соның ішінен өзіне ұнаған, дауысына сай келетінін таңдап, іріктеп алады. Бұл да оңай жұмыс емес. Оның бер жағында халық күйден гөрі ән-термені тез қабылдайды. Күйден қол үзіп кетуімнің бір себебі осы. Бірақ уақытында күйдің де кезегі келер.
Осы арада кішкентай үзіліс жасап:
– Қане, бір күйіңді тартып берші, қағысыңды көрейік, – дедім.
Ол домбырасын қолына алып:
– Мынау Мырзаның «Баулы ешкі» деген күйі, – деп пернелерден күй тоғанын толғай ағытты. Таныс күй. Өзім талай естіген таныс мақам. Мұнан соң менің де делебем қозып кетіп: «Қане, домбыраңды берші» деп Мырзаның «Қаражорғасын» төгілттім. Онан соң өзімнің «Желмаялы Қорқыт» күйін желпіне тартып бергенімде тыңдап отырған Үкітай: «Мынауыңыз тың қағыс екен» деп таңданысын білдірді.
– Мұндай күйлер баршылық қой, – дедім де негізгі әңгімемізге көшіп:
– Отбасың жайлы не айтасың? – дедім.
– Әкем Айжігіт, анам Орынкүл туған ауылым Жаңақұрылыстан көшіп, Қызылорда қаласының жанындағы ауылда тұрып жатыр. Біз алты ағайындымыз. Үлкеніміз Рая, сосын Айнұр тәтем, ағам Талант, одан кейін мен, қарындасым Гүлмайра, кенже інім Мүтәліп. Тұрсынкүл есімді жұбайым бар. Колледжде де, өнер академиясында да екеуміз бірге оқып, жұбымызды жазбай бірге жүрдік. Үш ұлымыз бар. Тұңғышымыздың есімі – Нұрдан. Нұрдан жаратылған ұл болсын деп Нұрдан қойдық. Одан кейінгісін жай адам болмасын, дарынды, текті болсын деп есімін Текті қойдық. Ал, үшіншісінің есімін қазалылық ақын досым қойды. «Сенің бай мұраң бар ғой, келешек оған ие болатын бір мұрагер керек емес пе? Сондықтан бұл баланың есімі Мұрагер болсын» деп Мұрагер қойды. Бас-аяғы он жылдай Астанада тұрдық. 2018 жылы туған жерге оралып, өзім оқыған колледжде қызмет етіп жүрмін.
– Елге келгенің ерлік болған екен. Енді негізгі әңгімемізге көшейікші. Бүгінде аралдықтардың аузынан түспей жүрген «Аралдың адамдары-ай!» әніңіз қалай туды?
– Алғашында ол ақын інім Ақжол Түменбай жазған екі шумақ өлең болатын. «Осыған ән жазшы» деп маған әкелді. Оқып едім, көңіліме бірден қона кетті. Өлеңнің өзі ән сұрап тұр. Аралдың әнұранына айналатындай, өзім де аралдықтарға арнап бір ән шығарсам деп армандап жүретінмін. Өлең ойымнан шықты. Бұл ән шынын айтсам, осы өлеңнен туды. Қазір аралдықтар бұл әнді жақсы қабылдап жүр.
– «Бекұзақ көшіне ерген, Шымберген өсіп-өнген. Дарханы дара тұлға, Аралдың адамдары-ай, Толқыннан жаратылған». Бәрі келіп тұр. Бірінен-бірін айырып ала алмайсың. Бірақ, бізде бұлардан да басқа, бұлардан да ірі атақтылар, дарындылар бар емес пе?
– Иә, бар ғой. Көп адамдар маған осылай ренжіп сын-пікірлерін айтты. Бірақ, Аралдың атақтыларын Әбілхан Мақанов атамыз «Өнер мен дәулет қонған жер» атты әйгілі өлеңінде бәрін де тізбектеп айтып өтті ғой. Оның бәрін мен де қайталасам, бұл жай ғана жыр-терме болады да шығады. Ал, менің шығармам – эстрадалық ән. Екеуінің табиғаты екі бөлек. Қараңыз, Бекұзақ бірауыз өлеңімен әйгілі болды, Шымбергеннің әні қазақ сахнасын шарлап жүр. Терменің тәңір қызындай Эльмира ше? Дархан да талантты дара тұлға еді. Марқұм өмірден ерте кетті. Бүгінде еліміз аралдықтарды осы кейінгі толқын ақын, жырауларымыздың ән-жырымен танып, біліп келеді емес пе?
Ойланып қалдым. Үкітайдың бұл пікірімен мен де келістім. Шынында да әр кезеңнің, әр уақыттың өз атақтылары, өз таланттылары, дарындылары болатыны анық қой. Меніңше «Аралдың адамдары-ай!» әні Аралдың алып сахнасының шалқар шымылдығы іспетті. Жұлқа тартып, ашып қалсаң, оның арғы жағында Аралдың атақты алыптарының, ұлылары мен ұлықтарының баһадүр бейнелері керуен көшіндей көз алдыңда көсем көрініп, өтіп жатады. Олар: үш жүзге аты мәлім тілді би атанған Жетес би, жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған Сартай, Жылқайдар, Жылқаман батырларымыз, жыр-дастанның тәңірі Нұртуған, Нұрмағамбеттеріміз, таңды таңға қосып жырлайтын Дәріқұл, Жаңаберген, жампоз Кәрібоздарымыз, қайсар қазақ атанған Зейнолладай ақындарымыз, әйгілі шығармасымен әлемге танылған Әбдіжәмілдеріміз, белгілі қоғам қайраткері Ұзақбай, Құдайбергендеріміз, теңіз деп тебіреніп трилогия жазған Сайлаубайымыз, «Қайран, Арал» деп аңырап ән төккен Мұратымыз, ел дәулетін, береке-байлығын тасытқан он алты Еңбек Ерлеріміз, т.т. Үкітайдың «Аралдың адамдары-ай!» әнін тыңдағанда көңілге осы есімдер орала береді, сендерге мың тағзым, тәкаппар теңіз текті Аралдың айбынды адамдары!
Осымен әңгімеміз аяқталды. Егер де Үкітайдың «Аралдың адамдары-ай!» әні жарыққа шықпағанда мен оны іздемес те едім. Шынында да мені сазгер, жыршы-термеші, ақын, күйші Үкітай Ерниязовпен жүздестірген де, талантпен табыстырып, таныстырған да, бойымда бес жыл жүрген әкесі Айжігіттің аманатынан арылтқан да осы «Аралдың адамдары-ай!» әні болды.
Міне, концерт басталып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне Үкітай Ерниязов бастаған аралдық 30 жыршы-термеші сахна төріне шықты. Үкітай бұл жолы Айдос Рахметовтың тәуелсіздік туралы жыр-термесі мен өзінің жыр бастауын төгілте орындады. Көрермендердің ду қол шапалақтаған қошемет құрметінен зал толқып кетті. Үкітайдың құшағы гүлге, жыр-күй кернеген кәусар кеудесі ақ тілектерге толды. Қошемет! Ақ жол, Үкітай!
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!