HALYQLINE.KZ Бүгін Арал қаласында Республика күні мен Арал қаласының 95 жылдығына және ақын Әбілхан Махановтың 100 жылдығына орай Республикалық ақындар айтысы өтті. Айтулы мерейтой аясында еліміздің әр өңірінен келген 10 ақын теңіз төскейінен орын тепкен Арал қаласының кешегісі мен бүгінін және Әбілхан Махановтың өмір жолын өлең жолдарына қосты.
«Аралым – айдын шалқарым» атты ақындар айтысын аудан әкімі Серік Сермағамбетов ашып, тұрғындарды мерейлі мерейтойымен құттықтап, сөз бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Сөз құдіретіне табынған халықты орамды ойларымен бағындыра білген айтыс ақындарын халық қашан да құрмет тұтқан. Бүгінгі жыр додасында сұлу сөзге сусап келген тыңдарманға көркем ой мен суырыпсалма өнердің биік шыңын көрсетеді деп сенемін. Қайсар рухты қазақ елінің ақындары барда асыл қазынамыз тіліміз бен төл өнеріміз ұлықтала бермек» деп сөз маржанын терген от тілді ақтаңгерлерге сәттілік тіледі.
Әр аймақтан жиылған, сайдың тасындай іріктелген 10 ақын 5 жұп бойынша бәйгеге түсті. Суырыпсалма өнерінің шешендерін жергілікті ақындар мен өнер саласының саңлақтарынан құралған қазылар төрелік етті. Сөз додасының қорытындысы бойынша қызылордалық Нұрмат Мансұров бас жүлдені иемденсе, оралдық Мұрадым Мирланов бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға Аралдық Бексұлтан Орынбасаров лайық деп танылса, үздік үштікті қызылордалық Мөлдір Айтбай қорытындылады. Сондай-ақ арнайы сыйды қазалылық Бекзат Серіков еншіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!