Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақындар шықты айтысқа

07.03.2025, 14:00 210

ҰЛБИКЕ ЖАНКЕЛДІҚЫЗЫНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен айтыс өнерінің хас шебері Ұлбике Жангелдіқызының 200 жылдық мерейтойына орай республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал айтыскер ақындар мен жас таланттар қатысып, төл өнеріміздің көркем үлгісін көрсетті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақберген Досмамбетов, қоғам қайраткері Рахымберген Құрманғалиұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов қатысты.

Дүбірлі додада аудан басшысы Б.Сәрменбаев Ұ.Жанкелдіқызының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, ақындарға сәттілік тіледі.
– ХІХ ғасырдағы қазақ халқының айтыс өнерін қозғағанда оның биік шыңындағы ақынымыз Ұлбике Жанкелдіқызын бөліп айтамыз. Өйткені, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында артына өшпестей мұра қалдырған әйгілі ақын қайым айтыстың нақ үлгісін көрсетіп, дара дарынымен көпті тәнті ете білген.Ұлбике Жангелдіқызы 1825 жылы бүгінгі Сырдария ауданының Тереңөзек топырағында дүниеге келген. Қазақ зиялысы Мұхтар Әуезов «Жақсы ақын өз өмірбаянын өлеңмен жазып қалдырады» деп айтқандай, небәрі 24 жылдық ғұмырын ақын қыз шығармашылығында бейнелеген. Өз өлеңінде дарын иесі он екі жасқа дейін сөйлемей, тілі өлеңмен шыққанын айтады. Бұл туралы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеген Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Ұлбике өмірінде қара сөз сөйлемеген, біреуге жауап берсе де, біреуге әңгіме айтса да өлеңмен толғаған. Осы себепті көзінің тірісінде-ақ жұрт: «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар» деп аңыз еткен» деп жазған. Біз Ұлбике ақынның айтыстары қазақ айтыс өнерiндегi ең бiр жауһар, әсем үлгiсi екенiн ұмытпауға тиiспiз. Сол себепті биылғы айтулы жылда ақынның өмірі мен шығармашылын дәріптеуге үлкен мән беріп отырмыз. Республикалық ақындар айтысы – осы ауқымды іс-шаралардың бастамасы. Айтыскерлер төл өнеріміздің хас шебері атанған Ұлбике Жанкелдіқызының өнерін жырға қосып, өлеңмен өрнектейді деп сенеміз. Ақындарымызға шалқар шабыт, жүйрік ой, өткір сөз тілеймін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Айтыс шымылдығын Сыр елінен шыққан жас ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар мен Алматы облысынан келген азулы ақын Рүстем Қайыртайдың жұбы ашты. Әрі қарай қызылордалық Ерасыл Байментаев пен көпшіліктің қошеметіне бөленген Ұлытау өңірінің ақыны Дидар Қамиевтың жұбы төл өнердің көркін қыздырды. Аламанды әрі қарай жалғаған жергілікті ақын Мұхамеджан Мансұр мен Шымкент қаласының намысын қорғап жүрген Біржан Байтуов ұлттық құндылықтарды дәріптеп, Сыр елінің тарихы мен мәдениетін жырға қосты.
Бүгінгі күні «айтыстың дүлділі» атанған жерлесіміз Мұхтар Ниязов пен Жамбыл облысының ақын қызы Алтынкүл Қасымбекова көпшілікке әзілі жарасқан жеңге мен қайны айтысының керемет көрінісін көрсетті. Айтысты қорытындылаған Шиелі ауданынан келген Ержан Әміров пен «айтыстың ақтангері» атанған Бекарыс Шойбеков қоғамның өзекті мәселелері мен туған жердің түйткілдерін назардан тыс қалдырмады. Әр ақын ұтқыр ой, өткір сөз арқылы көрерменді тәнті етіп, қазақтың қара домбырасын күмбірлетті. Қайымның хас шебері – Ұлбике ақынның қысқа ғана ғұмырында ұлттық өнердегі сара жолын жырға қосты.

Көрермендер ақындардың әр шумағын ыстық ықыласпен қабылдап, орамды ойлары мен тапқыр теңеулеріне ризашылықпен ерекше қолдау білдірді.

Айтыс қорытындысы бойынша М.Ниязов Бас жүлдені қанжығасына байласа, жүлделі І орынды Б.Шойбеков, ал қос бірдей ІІ орынды А.Қасымбекова мен Д.Қамиев алды. ІІІ орынды Р.Қайыртай мен Б.Байтуов еншісіне байлады. Сонымен қатар, айтыста үздік өнер көрсеткен ақындар арнайы марапаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: