HALYQLINE.KZ Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ұлттық құндылықтарымыз бен мол мәдени мұраларымызды дәріптеп, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің тәуелсіз жылдар аралығындағы жетістіктерін насихаттау мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қолдауымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Аталмыш жыр додасына республикамызға белгілі 12 ақын қатысып, тәуелсіз еліміздің 30 жыл ішінде бағындырған белестерін жырға арқау етіп, жыр жүйріктері ұлттық өнерді ұлықтады. Олар: Бекарыс Шойбеков (Түркістан қаласы), Айбек Қалиев (Арқалық қаласы), Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан қаласы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар қаласы), Бауыржан Ширмединұлы (Орал қаласы), Серік Қуанған (Өскемен қаласы), Айшолпан Тілеутай (Семей қаласы), Айдос Рахметов (Қызылорда қаласы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда қаласы), Нұрмат Мансұров (Сырдария ауданы),) Нұрзат Қару (Қазалы ауданы) Жамбыл Бақытәліұлы (Қызылорда қаласы).
Айтысты облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айтыс аламанын ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.
Жыр додада ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай төрелік жасап, ақын, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары, айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ахметжан Өзбеков, ақын, Қ.Мырзалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық өнер орталығының директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Мәдениет» саласының үздігі төсбелгісінің иегері Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Серік Ыдырысов, ақын, сценарист-режиссер, Қызылорда қалалық Жастар театрының көркемдік жетекшісі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Оңталап Нұрмаханов қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Нұрзат Қару иеленіп, бірінші орынды «Алтын домбыраның» үш мәрте иегері Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Екінші орынды қанжығасына Бекарыс Шойбеков байласа, үшінші орынды Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев өзара бөлісті. Ал, жерлесіміз Нұрмат Мансұровқа Жүрсін Ерманның арнайы жүлдесі бұйырды. Сонымен қатар, Серік Қуанған, Айшолпан Тілеутай, Айдос Рахметов және Бауыржан Ширмединұлына ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жыр додасын қорытындылап, ұлт өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманның 70 жасқа толуына орай Сыр елі халқы атынан қазақы дәстүрге сай шапан жауып, құрмет көрсетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!