Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ән пернесін шертейік

15.02.2022, 17:15 354

HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 9-сыныптар арасында ән байқауы өтті. «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында өткізілген шарада оқушылардың вокалдық қабілеттері емес, қазақ халқының музыкалық өнері туралы білімдері бағаланды.

Алдымен командалар танымал қазақ әндерінің сүйемелдеуімен топтық таныстырылымдарын жасады. Жас зияткерлер ақындық өнерімен және музыкалық дағдыларымен ерекшеленді. Екінші кезеңде берілген әуенді тыңдай отырып, атауын мен авторын тауып жарысса, сұрақ-жауап айдарында оқушылар «қазақтың 100 әні» тізіміне енген шығармалар туралы білімдерін ортаға салды. Топтық жұмыс барысында командалар кораокеде ән айтып, халық және эстрадалық әуендердің атауы мен авторларын сәйкестендіріп, шапшаңдылықтарын байқатты.

«Шарада тізімге енген 100 шығарманың 77-ге жуығы аталып өтілді. Оқушылар ұмыт болып бара жатқан мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, туған жеріне, тарихына, мәдениеті мен өнеріне деген сүйіспеншіліктерін көрсетті», – дейді жоба жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Дина Аширбаева.

Домбыраның үнінен бойына қуат алып, әуезді әндерімен айналаға нұр шашуды жанына серік еткен Сырсұңқар байқаудың берер тәрбиелік мәні зор деп санайды.

– Қазақтың ұлттық музыка мәдениетін дамытуда алғаш із салған халық этнографы – Александр Затаевич. Ол – 1000 әнді зерттеп, нотаға түсірген алғашқы тұлға. 977 ән, 23 күй жинаққа енгізді. Мектебімізде жүргізілетін «100 ән» жобасы бізге ерте ғасырдағы Ақан серінің әндерінен бастап заманауи шығармалармен жақынырақ танысуға септігін тигізеді. Бұл әндер адамның рухын көтеріп, ішкі жандүниесін байытады.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды 9 «В» сыныбының оқушылары, 2-орынды 9 «С» сыныбының білім алушылары және 3-ші орынды 9 «G» сынып белсенділері бөліп алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: