Сыр елінде Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Айман Мұсақожаеваның шығармашылық концерті өтті.
Концерттік бағдарлама Әлем әртісі облыстық симфония оркестрімен бірге әлемнің ұлы композиторлары – Арам Хачатурян, Камиль Сен-Санс, Пабло де Сарасате, Мануэль де Фалья және Астор Пьяцолланың туындыларын орындады. Оркестр дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе.
Музыкалық мәртебелі кешке Қазақстан Республикасы Үкіметі басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова, Үкімет мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар, оның ішінде облыс әкімінің орынбасарлары мен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
– Бүгін Қызылорда қаласының Өнер орталығында керемет концерт өтті деп есептеймін. Көрерменге ерекше қошеметі үшін алғысымды білдіремін. Мені жақсы қарсы алып, гүл шоқтарына көмкеріп, керемет қошеметке бөлеп жатыр. Барша Сыр елінің өнерпаздарына рахмет, аз уақыт дайындықта осындай жоғары деңгейдегі концертті алып шықты. Күні кеше Семей қаласында өнер көрсеттім, Қазақстанның қалаларын, басқа өңірлерді жиі-жиі аралап жүрмін. Дегенмен, Сыр халқының қолдауы мен үшін ерекше болды деп айта аламын, – дейді Әлем әртісі.
Кеш соңында ғасырымыздың аса талантты тұлғасы – Айман Қожабекқызы мен өнер ұжымына көрсетілген құрмет ретінде Қазақстан Республикасы Үкіметі басшысының орынбасары Тамара Қасымқызы мен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы атынан ықылас гүлдері табысталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!