Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адай күйі жайлы әртүрлі дерек бар

03.12.2022, 11:00 1019

 HALYQLINE.KZ 1-деректі Ахмет Жұбанов жазып кеткен. Ол «Ғасырлар пернесінде» екі аңызды келтіреді. Бірінші аңыз күй күйші Адай руына барып, қонақ болып отырғанда ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Домбыраны алып, құлағын теріс бұрауға келтіріп қояды. Кейін үйдің ерке қызы келіп, оныменен тартысқа түседі. Ең соңында екеуі бір-бір күйден тартты дейді. Сондағы қыздың тартқаны Адай күйі болса, Құрманғазы Серпер күйін тартыпты. Бұл деректі Дина күйші айтты деп келтіреді Жұбанов.

Дәл осы еңбекте келесі жорамал да бар. «…Адай руы Исатай көтерілісінде көзге түскен болатын. Жоғарыда айтылған Сағыздан келіп Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп болатын… Біздіңше, Құрманғазы Адай руы атын жалпыланған ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болу керек» дейді Ахмет Жұбанов.

2-деректі Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» кітабында жазған. Оның жазуында Құрманғазы жас кезінде Адай руының қызына ғашық болады. Келесі жылы келіп үйленемін деп жүргенде қыз шешек ауруынан қайтыс болыпты. Сол кезде Құрманғазы «Адай қыз» деп азалы күй шығарған дейді. Ғалым бұл деректі сол ауылдың шалдарынан естідім дейді.

3-деректі Адай шежірешілері айтып кеткен. Бір жылы Құрманғазы ен далада келе жатса 300 қаруланған әскерді көреді. Олар Түркімендермен соғысуға бара жатқан екен. Жау болса кемінде 3000 әскері бар. Таң қалған Құрманғазы биік төбешікке шығып әліптің артын бағады. Сонда Адайлықтар ер-тоқымның артына қой терісін байлап, бір қатармен шаба бастайды. Жерге сүйретілген тері айланасын шаң-тозаңға айналдырады. Түркімендер осыны көріп, шауып келе жатқан 30 000 жауынгері бар қалың қол деп ойлап, жан-жаққа қаша бастапты. Осыны көрген Құрманғазы жігіттердің қулығына әрі батырлығына риза болып «Адай» күйін шығарған дейді.

Қай дерекке илансаңыз да өз еркіңіз. Бастысы күйші шалдар тартқан күй құлағыңыздан кетпесін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: