«Ойнап өмір сүр. Живи ойнап». Бұл – қала көшелеріндегі құмар ойынды насихаттайтын билбордтардағы жарнама. Жарнамасы не қазақ, не орыс тілінде емес, дүбәра ма дерсің. Дәл сол құмар ойынның өзі сияқты. Бұлар онсыз да шыңыраудың шегінде қалт-құлт етіп тұрған қоғамды одан сайын аздырудың амалына көшті. Адамның нәпсісінен артық күшті жау жоқ. Оның жетегіне ергендер құрдымға кетіп тынады. Ойынға құныққан сайын адам жақындарынан ажырайды, ағайын-туыстың алдында абыройдан айырылады. Былтыр аймақта құмар ойынның құрығына түскендер екі есеге дейін артқан. Қалай болғанда да бұл лудоманияның лаңы лайға батырмай қоймайын деп тұр.
Құмар ойындарды жарнамалауда тәртіп орнату үшін тез арада нақты шешімдер қабылдау қажеттігін тиісті министрліктің өзі де мәлімдеді.
– Мәдениет және спорт министрлігі жанынан заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қала көшелеріне қарайтын болсақ, елордадан бастап шалғайдағы ауылға дейін әрбір көшеде билбордтар, баннерлерде құмар ойындардың жарнамасы тұр. Ешқандай тәртіп жоқ. Сондықтан мұның бәрін тоқтатуымыз керек. Керек болса арнайы бұйрықтарға, заңға да өзгерістер енгізу қажет. Бұл мәселені шешуді созбай, тез арада шешім қабылдауымыз маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек, – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Былтыр аймақта Қазақстан Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен 18 қылмыстық істің беті ашылған. Нәтижесінде, 18 ойын орны жабылып, 17 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған және сот шешімі шыққан. Түлкі айлаға көшкен кейбір кәсіпкерлер қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірін жалға алып, сонда компьютерлік ойындарды ойнатады. Қолына бес-он тиын түскендер сондай орындарға барып, құмар ойынның құрығына ілінеді. Осылайша сана уланып, соңы сан соқтырып жатыр. Мемлекет мұндай әнтек әрекеттерге бейжай қарамауы тиіс. Заңды деп заңғар ғимараттарды жалдап алатын букмекерлік кеңселердің де керегі шамалы. Ақша тігілетін жер абырой алып бермейді. Букмекерлердің жұмысын заңдастырып беру былайша айтқанда мемлекеттің құмар ойынды қолдайтынын білдіреді.
Былтыр сенатор Амангелді Толамисов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында букмекерлік кеңселер жарнамасының көбейіп кеткені туралы мәселені көтерген болатын.
– Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған, «ставка» қабылдау пункттері еркін жұмыс істейді. Жарнама серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап, күн көріп отырғандықтан, одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады, – деді ол.
Сенатор айтқан деректер бойынша қазір елімізде ойын бизнесі саласында жұмыс істеуге лицензиясы бар 50 ұйым тіркелген. Оның ішінде 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, бәс тігу пункттері (2500-ге жуық) және 8 тотализатор жұмыс істейді.
Экс-әріптесіміз, қазіргі сенатор Нұртөре Жүсіп те бұл тақырыптан тысқары өтпей, құмар ойындардың қызып тұрғанын биліктің құлағына салғаны бар еді. Оның пайымынша, қауіпті тенденциялардың қатарында жастар арасында суицидтік көңіл күйдің өршуі, ойынқұмарлыққа, синтетикалық наркотикке тәуелділіктің артуы бар.
– Шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде және олардың қатарында жастар көп кездесіп отыр. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салдарынан 90608 адам алкогольге, 18243 адам есірткіге тәуелді, оның 11456-сы – 18-35 жас аралығында. Ұлттың рухынан күшті нәрсе жоқ! Үкімет көтерілген өзекті мәселелер бойынша жедел тиімді шешімдер қабылдап, жастардың дұрыс жетілуіне, дені сау болып өсуіне тиісті жағдайларды жасауы тиіс, – деді ол.
Билікке сөзі өтетіндердің біразы бұл мәселені Үкіметке жеткізуден кенде қалып жатқан жоқ. Сонда да олар бұған жүрдім-бардым қарайтын сияқты. «Әлде букмекерлік кеңселерді өшіріп емес, өсіріп отырғандардың артында біреулер тұр ма?» деген ой да қылаңдайды. Талай отбасын тұғырынан тайдырған лудомандар 100 млрд теңгеден астам қаржы шығындаған. Қазір әлеуметтік желілерде құмар ойындарды жарнамалайтындардың легі артқан. Едәуір жазылушылары бар блогерлер қолдарына бума-бума ақша ұстап тұрып, «дәл осылай ақша тапқыңыз келсе, мына жерге өтіңіз» деп сілтеме арқылы құмар ойындардың онлайн платформаларына кіргізіп жібереді. Осылайша тығырыққа тіреудің алғышарты басталады. Барлығы әлгі блогерлердің қолындағы ақшаға қарап, «мен де сондай ақшаға қол жеткіземін» деп ақша тігіп, соңында барлығынан айырылады. Жуырда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі «TikTok» желісі арқылы ойынды насихаттағандарды жариялады.
– Желілік талдау нәтижесінде біз онлайн ойынды тарататын 100-ден астам аккаунт анықтадық. Осы жерде ұйымдастырушылар мен қатысушыларға бұл әрекеттің заңсыз екенін ескертеміз. ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қазірдің өзінде сотталғандар бар. Мәселен, «TikTok» желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша олардың 1,5 жылға бас бостандығы шектелді, – деген хабарламада.
Құныққан құмар ойыншының бірімен таныспын. Өзі ақыр соңында шексіз, шетсіз шығынға батқан. Сөзге тартқанымда өміріндегі өкініші екенін алға тартты.
Ерсін ҚАЙЫП, қала тұрғыны (есімі өзгертілді):
– Ақша тігетін ойындарға құмарлығым мектеп жасымнан басталды. Басында сабақты жақсы оқитындардың қатарынан болдым. Кейін қасымдағы сыныптастарым сабақтан кейін ойындарға барып жүрді. Оларға ілесіп мен де ойнап көрейін дедім. Бірақ алғашқыда баратын ойындарым кәдімгі компьютерлік ойындар болды, оларға ақша тікпейтінмін. Кейіннен мектеп бітіріп, оқуға түскеннен кейін ақша көтеріп алу мақсатында ойнап жүрдім. Басында ұттым, кейде ұтылып жүрдім. Бірақ, қалайда ұтамын деп, көп ақшамды тігіп қоятынмын. Ауылдан ата-анам салған ақшаны да құмар ойындарға салып жіберетін болдым. Оқу бітіріп, отбасылы болдым. Жұмыс істедім. Балаларым дүниеге келді. Сонда да қоя алмадым. Оны ойнамасам біртүрлі болатынмын. Айлық жалақымды да үйге әкелмей, сонда салып жібердім. Үйде ұрыс-керіс, дау-жанжал басталды. Бала-шағамның аузынан жырып далаға шашқан адаммен кім бірге тұрғысы келеді? Келіншегім кетіп қалды. Содан бұл «ауруымнан» қалайда айығуым керек болды. Өйткені туған-туысым менен бас тартты, араласпай қалды. Бір сөзбен айтқанда, жалғыз қалдым. Ақыры ойынға тәуелділіктен арылып, қайтадан қалыпты өмірге келе бастадым. Нәпсімді жеңдім. Қазір отбасыма қайта қосылдым. Сол ісім үшін өкінемін және барлық бауырларымды оңай ақшаға жоламай-ақ қоюға шақырар едім.
Ал психологтер ойынға тәуелділікті жеңу қиын дегенді алға тартады.
– Құмар ойынға қызығушылық, оған тәуелді болудан арылуға әрбір адам өзі бірінші бастама таныту керек. Оны әйелі, анасы немесе өзге де туыстары жетелеп емдеткеннен пайда болмайды. Ол соңында қайтадан сол ойынға кетуі мүмкін. Сондықтан ойыннан толықтай бас тартамын, өзімді жеңемін, психологиялық тұрғыда құмарлықтың құрығынан шығамын деген адам ғана толықтай қалыпқа келе алады, – дейді психолог Дана Алдаберген.
ТҮЙІН. Бұл құмар ойын деген бәлекет жас талғамайды. Оған жас та, жасамыс та кіріп кете береді. «Мазамды алмасаң болды» деп баласына телефонды таңып қоя салатын ата-аналар дәл осы жерде мән берсе екен. Телефон деген ол – тұңғиық. Алақандай дүниенің ішінде бүкіл әлем бар. Сондықтан бесіктегі баладан бастап бақылауда ұстамаса, қалт-құлт еткен дүниеде дәрменсіз күйде қалу оп-оңай болып тұр.
Ә.ҚЫСТАУБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!