Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Любимчигіңіз» жеткізіп салар…

18.08.2025, 11:15 196

HALYQLINE.KZ

(Бір  мұғалімнің  әңгімесі)

Автобус аялдамасында екі-үш адам отырмыз. Менің жанымда отырған ши қалпақты үлкен кісі ыстыққа шыдамады ма, ши қалпағын қолына алып, желпінді де:

— Мына Құдайдың күні жанып бара жатыр ғой.., — деп миығын тартып, мырс ете қалды да: – Қарап отырғанша әңгіме болсын, -деп, менің пейіл білдіргенімді байқап: — Сол күні де осындай шілденің бір ыстық күні болатын, — деп әңгімесін бастай берді.

«Иә, ол күні де осындай қатты ыстық болатын. Ғани Мұратбаев атындағы колхозға (қазіргі Ғани Мұратбаев ауылы) бір жұмыспен барып, қайтарда автобус аялдамасына келгенмін. Аялдамада ешкім жоқ. Бір қара ала сиыр, шамасы өріске шыққан малдардан ажырап қалған болу керек, көлеңкені маған беріп, жолдың қарсы бетіне беттеді.

Автобустың келетін уақыты ерте ме, әлде жақын арада келіп кетіп қалған ба, біраз күттім. Көлеңке де қысқара бастады. Қысқарған көлеңкені сағалап, аялдаманы жағалай бастадым.

Бір кезде темір қорабы салдырлаған самосвал машина өтіп барып тоқтады да, кейін шегініп маған жақындады, жолаушы отыратын жақтың есігін ашқан жүргізуші:

— Салматсыз ба?… Келіңіз, отырыңыз, — деді.

Менен басқа адам жоқ. Маған айтқанын шамалап, дереу барып бос орынға отырып жатып:

— Қай баласың? — дедім…

— Мектепте сабақ берген оқушыңызбын ғой, — деді де назарын жолға бұрды.

Атын сұруға ыңғайсыздандым ба, ауданға танымал болып қалған екі-үш оқушымның атын атап, «солармен бірге оқыған жоқсың ба?» деп сұрап едім:

— Олар бізден бір класс жоғары оқыды ғой, — деп қысқа ғана жауап берді.

Жүргізушінің жүзіне бақшиып қарауды әбессініп, кабинаның ішіне көз сала бастадым. Сырты салдырлағанмен кабинаға сырттан дауысы қатты келмейтіндей, шаң кірмейтіндей етіп ұсынақтылықпен қымталыпты. Кабина ішін салқындатуға жарайтындай шағын желдеткіш жұмыс істеп тұр. Алдыңғы әйнек жанына орналасқан шағын радиоқабылдағыштан жеңіл музыка сазы естіледі. Орындықтар да жүк машинасының орындығындай емес, жайлы, арқалығы да қалыңдау матамен қапталған, адыңғы әйнектің жоғарғы жағы шашақталған масатымен көмкерілген. Бәрі де ұсынақты, талғамды қолдан шыққаны байқалады. Шамасы, келіншегі дұрыс жан болған-ау деген оймен:

— Келін, бала-шаға бар шығар, — дедім…

— Шүкір аға, бір-екі қара домалақ бар ғой…

Ары қарай әңгіме өрбітпеді. Жүзі таныс сияқты болғанымен, жыға танымадым. Олай ойлап, былай ойлап, есіме түсіре алмадым.

Бір кезде көзім қапталдағы терезеден сыртқа түскенде поселкеден шығып, «Алтай» каналынан өтіп бара жатқанымды біліп:

— Балам-ау, қайда бара жатырмыз?… Мен поселкедегі үйіме бара жатыр едім ғой… — дедім.

Жүргізуші бетіме бір қарады да, қайтадан көзін ұлы жолдан алмады.

Есіме енді түсті. «Қайда баратын едіңіз?» деп ол сұрамаған екен, «мына жерге апар» деп мен айтпаған екенмін…

Шамалы жүріңкіреп барып, жолайрыққа келгенде мшинаны тоқтатып, маған қарап:

— Ағай, танымадыңыз ғой деймін. Сіздер жақсы оқитын «любимчиктеріңізді», я болмаса мектепте аты шыққан сотқар балаларды ғана естеріңізде сақтайсыздар ғой. Бізге ұқсаған оған да, бұған да қосылмайтын балаларды елей бермейсіздер.

Мен кластағы сондай елеусіз балалардың бірі едім. Шыны керек, сабақты оңдыра алмадым. Әсіресе, математика мен орыс тіліне тісім батпады. Жетінші класта математикадан сіз сабақ беретін болдыңыз. Қанша тырысып оқысам да, жаттап барсам да, сізге жақпадым. Бір-екі рет өзімше дайындалып, ең болмаса үш алатын шығармын деп, қолымды көтеріп шықсам да, қанағаттанбадыңыз ба, «отыр, екі» дедіңіз.

Содан, сізге іштей «отыр, екі» деп ат қойып, сабақ айтуды қойдым. Сіз де сабақ сұрамайтынсыз. Тек тоқсан аяқталарда тақтаға шақырып, не айтсам да «отыр, екі» дейтінсіз. Ал, менің алдымдағы партада отыратын «любимчигіңіз» аузын ашса бес қоятынсыз.

Сегізінші класқа көшерде екі сабақтан (математика мен орыс тілі) екіге қорытындыланып, сегізінші класқа көшпейтін болдым. Содан, класс жетекші апай келіп:

— Директорға өтініш айттым. Сегізінші класқа көшесің. Бірақ оқуды Қазалы қаласындағы СПТУ-да жалғастырасың. Саған сол дұрыс сияқты. Тамағы бар, киімі бар. Жататын жері бар. Анаңмен де сөйлестім. Екі күн демалыста үйге келіп, анаңа көмектесесің, — деді.

Сонымен сіздің арқаңызда осы шоферлық мамандыққа ие болдым. Мектепте сабақ оқымаған қателігімді кейін түсінсем де, сіздің «любимчигіңізге» қараған көзқарасыңыз бен маған кемсіте қараған көзқарасыңыз, оны бізге үлгі етіп айтатыныңыз есімде ұмытылмастай болып қалып қойыпты.

Міне, ағай жолайрықта тұрмыз. Алдыңызда – Ақбай, оң жағыңыздағы жол Қарақұмға апарады. Сіздің баяғы «любимчигіңіз» я Ақбайда, я Қарақұмда жақсы қызметте болу керек. Астында ысылдаған мемлекеттің УАЗ-игі, ары-бері күнде ек-үш рет осы арадан өтеді. Бізді көзіне ілмейді. Осы жолмен Қазалыға қарай жүре берсеңіз, сыртыңыздан болса да танып, тоқтап алып кетер. Баратын жеріңізге жеткізіп салар. Талай бестігіңізді алып еді ғой. Ұмытпаған шығар. Болмаса, амал жоқ, маған незачто қойған екіліктеріңізге мініп жетерсіз, — деп еңкейіп қолын созып мен жақтағы есікті ашып, түсуді меңзеді. Мен түскенен кейін машинаны асығыс жүргізіп, бет алған жағына кете барды…».

Ши қалпағымен желпініп алды да:

— Бұл оқиғаға біраз уақыт болса да, мына ыстық күн мен аялдама сол оқиғаны еске түсіріп тұрғаны. Мектепте мұғалімдермен кездесуге барғанда осы оқиғаны жас мұғалімдерге айтып беремін. Құлақтарында жүрсін деймін ғой.

Қазір екі де қойылмайды, орнында да қалдырмайды. Бірақ, «любимчиктер» әлі де бар ғой, — деймін деп алыс нүктеге қадала қарады.

Құдайберген  ЕСЕКЕЙ,

Қазалы  ауданы

Әйтеке  би  кенті

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: