Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күріш сабаны да кәдеге жарайды

14.11.2022, 16:40 382

HALYQLINE.KZ Ырысты, күрішті Сыр өңірінде іргелі шаруашылық саналатын «Абай-Дәулет» ЖШС күріш сабанын өңдеу арқылы егістік алқапты құнарландыратын тыңайтқыш шығаруды қолға алып отыр. Талай игілікті істің бастамасы болып жүрген шаруашылықтың бұл жобасы көпшілік тарапынан зор қолдау тапты.

Жалпы, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы бұл шаруашылық өз иелігіндегі 1 000 гектарға жуық жерге күріш дақылын егіп, жылма-жыл мол өнімге кенеліп келеді. Жуырда ғана аталмыш шаруашылық Қызылорда қаласының мерейтойына орай 40 қазан палау пісіріп, ел алғысына бөленген еді. Енді бұл жолы қолда бар дүниені кәдеге жарату арқылы тыңайтқыш шығару жобасын бастап жатқаны мәлім болды.

Бұған дейін шаруашылық күріш алқабын құнарландыру мақсатында қажетті тыңайтқыштарды сырттан тасымалдап отырған. Оған қыруар қаржыны сарп ететін. Оны елімізге жеткізуге де аз қаржы жұмсалмайтын. Одан басқа да көптеген қиындық болатын. Соған орай егістіктен шыққан күріш сабаны, малдың көңі мен калифорниялық құрттың көмегімен арнайы тыңайтқыш дайындауды қолға алуды ұйғарыпты.

Тыңайтқышты өндіруді бір айға жуық уақыт бұрын қолға алған серіктестіктің нәтижесі де көңіл көншітерлік. Қазір тыңайтқыш өндіруге қажетті араластырғыш құрылғыны Қытайдан, Астана қаласынан арнайы тапсырыспен алдыруды көздеп отыр.

«Бұл кәсіпті бастағанымызға 1 ай уақыт болды. Тыңайтқыш өндіруге қажетті техникаларды лизингтік жолмен алдырып жатырмыз. Соның негізінде 14 млн теңгеге елімізден, 16 млн теңгеге көршілес Қытай мемлекетінен арнайы тапсырыспен техника алдыруға жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, бұл жобаның құны 60 млн теңгені құрайды. Осындай қомақты қаржыны бөлу арқылы жұмысымызды бастап жатқан жайымыз бар. Осы бастаманың негізінде бүгінде 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Келешекте жұмысшы санын 30 адамға көбейтуді көздеп отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – дайындалған тыңайтқышымызды көктем мезгілінде өзіміздің күріштік алқапқа пайдалану. Сонымен қатар алма бағымызға, аллеямызға қолданбақшымыз. Өндірілген тыңайтқыштан қосымша табыс көзін табу ойымыз жоқ», – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Серіктестік директорының сөзінше, бұған дейін тыңайтқыш алуға жылына 80 млн теңгеге жуық қаржы жұмсайтын көрінеді. Тыңайтқышты өздеріне дайындау арқылы, қаржы үнемдеуді мақсат тұтып отыр.

Негізінен, тыңайтқышты малдың көңі, күріш сабаны және калифорниялық шылаушын құртының көмегімен дайындауды қолға алған. Шылаушынды арнайы тапсырыспен Алматыдан алдырыпты. Бүгінде келер жылдың еншісіне 200 шаршы метр құртты дайындап қойған. Серіктестік директорының айтуынша, тыңайтқышты дайындаудың бұл әдісі арқылы қоршаған ортаны зиянды заттардың таралуынан қорғауға жол ашылады.

«Жалпы, диқан қауымы жылда егістіктен шыққан күріш сабанын тек өртеу арқылы жоятын еді. Мұның қоршаған ортаға зияны шаш етектен болатын. Осы жайын ойлана келе сабанды кәдеге асыратын жолын таптық. Яғни, күріш сабаны мен қоқысқа тастап жүрген мал қиын араластырып, оны бактерия арқылы сәл шіріндіге айналдырып, Кампос жасаудамыз. Ал дайын болған кампосқа калифорниялық шылаушын қүртын салып, Биогумус жасауды қолға алдық. Бұл дегеніміз – 100 гектар жерді күріш сабанынан арылу мақсатында өртемей, топырақтың жоғары қабатындағы минералдарды сақтап қала аламыз деген сөз», – деп түсіндірді серіктестік директоры.

Бұған дейін серіктестік қоқысқа тасталып, өртеу арқылы жойылған күріш қылығын пайдаға асырудың жолын Аустралияға барған сапарында меңгеріпті. Соның арқасында бүгінде күріш қылығынан аралас жемге арналған арнайы қоспа да дайындауда екен. Ал тың әдіспен дайындалған органикалық тыңайтқышты келер жылы өзінің егістік алқабына пайдаланып көруді көздеп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: