Бұл да – тарих!
Мұғалімдік жұмысқа тұрғалы бір жыл да өте шықты. «Иә, сәт!» деп алғашқы тамыз мәслихатына қатысатын мезгіл де келіп жетті. Баяндаманы аудандық білім бөлімінің бастығы Алматбай Жалмаханов ағамыз шала орысшасымен жасап жатыр. Орысшасы естір құлаққа еп-ерсі! Шала-жансар орысшасын құдды анадай жерде, «Маяк» клубының қақ ортасында алды ашық, баяндама аяқталған соң, шығып кетуге ыңғайлы жерде орнығып алып, сампылдап отырған бес-алты орыс қатынға арнап жатқандай көрінеді. Түсінсін-түсінбесін қалғып-мүлгіп отырған қалың қазақ бейтарап отыр. Мұндай ахуал төрде отырған басшыларды тіпті де қызықтырмайтындай!.. Баяндама орысша жасалса, болды… Жоғарыдағы «құтырғандардан» құтылған!…
Бұл – 1989 жылы алғашқы мұғалімдердің «Тамыз мәслихатына» қатысқандағы алған әсерім. 1990 жылы демократиялық күштер күшейіп, әр түрлі қоғамдық ұйымның құрылып жатқан тұсы. Біздің ауданда да «Азат», «Тамшы», тағы басқа ұйымдардың құрылған сәті. Мен де «Азат» қозғалысының мүшесі болып, қазаққа ақырып теңдік сұрай бастадым. Қазақтың дауысы жарқын-жарқын шыға бастады. Соның әсері ме, келесі тамыз мәслихатында әлгі бес-алты орыс қатын өз орындарында отыр, бірақ үндері өшіп қалыпты. Есесіне, аудандық білім бөлімінің бастығы Алматбай Жалмаханов ағамыз шала орысшасынан құтылып, қазақша көсіліп сөйлейді. Бейне ұзақ жылғы қамаудан құтылған еркіндіктің құсы секілді.
Ай, еркіндік-ай!… Ай, бостандық-ай!… Ай, теңдік-ай!…
«Сонда да орыста кеткен кегімнің есесі қайтпайды-ау!…».
Соны ойлағанда, Алматбай ағамның баяндамасынан кейін, жарыссөз басталғанда, микрофонға жұрттан бұрын жетіп барып, тоқталмастан орыс-кеңес шовинизмінің зардаптарын, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықты, оқыған-тоқыған зиялыларымызды қырғынға ұшыратқан қылмыстарын айта келіп, құрбандарды еске алу үшін минуттық үнсіздік жарияладым. Неге екені белгісіз, өзім ашуланып тұрмын. Бәрі орнынан тұрып, минуттык үнсіздіктен кейін орындарына қайта отырды. Неге өйткенімді біреу түсініп, біреу түсінбей жатыр. Оларда шаруам канша?!… Жиналғандардың саналарына сәл де болса, саңылау салсам болғаны!…
Келесі «Тамыз мәслихаты» тартылған теңіз жағасында орналасқан «Балықшылар» клубында болды. Мұнда да мен «қисық» мінез көрсеттім. Алматыдан Семей полигонының зардабын жоюға көмектесу үшін «Аттан!» газетін салып жіберіпті. Соны сатып, қаражатын аударып жіберу керек екен.
Ойымда ештеңе жоқ, мінберге көтеріліп, жағдайды түсіндірейін деп «Ассалаумағалайкүм!» дей бергенімде, клубтың іші дүр сілкініп, кенет оянып кеткен үңгірдегі қалғып-мүлгіп отырған құстар сықылды табан асты азан-қазан, астан-кестен, у-шу, дарақы күлкі, бәрі қосылып, жын-ойнақтың ордасына айналып кеткендей болды. Сондағысы ауданның зиялы қауым өкілдерін дүр сілкіндіріп, отырған орындарынан тік көтеріп, жерге аунатқандай дүлей күш «Ассалаумағалайкүм!» деген бір ауыз сөздің рухы екен!…
Құлдық сананың қамытын мойынына мықтап киген бейшаралар мұндай сөзді жоғары мінберлерден бұрын-соңды есітіп көрмеген соң, естен танарлық күйге түскен түрлері ғой!…
Бір қызығы, осы «Тамыз мәслихатынан» кейін, Алматбай ағамыз екеуіміздің арамыз тым жақындасып, тіпті сырласатын күйге дейін жеттік. Кездескен жерде «Азат» қозғалысы туралы көп сұрайтын болды. Ол кезде Тәуелсіздіктің Азат құсы қолға қонып, мәре-сәре боп жатқан кез. Бір кездескенде, Алматбай ағам: «Азат қоғамның басты құндылығы неде?» деп сұрақ қойды. Мен: «Жағымпаз болмау!» деп жауап бердім. «Жағымпаздық – бар бәленің бастауы! Сыбайластық, жемқорлық, парақорлық сынды жаман қасиеттердің барлығы осыдан туындайды» деп жауап бергенмін.
Содан бері біршама уақыт өтті. Алматбай ағамыз зейнеткер боп, ақсақалдар қатарына қосылса да, аудандық білім бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бір күні сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықов Аралға келіп, жиналыс жасады. Жиналыс тақырыбы – «Ауданда балық шаруашылығын өркендету жолдары». Мен ол кезде аудандық мәслихат депутатымын әрі ауданда шығатын «Үмітті Арал» газетінің редакторымын. Сондықтан, жиналысқа қатысуға міндеттімін.
Жиналысқа қатыстым. Бұл 24 қазан 2008 жыл болатын. Мақала жазылды. Тақырыбы: «Тым майдаланбайық, ағайын!». Осы мақаланың ішінде аты аталмаса да, кейбір шығып сөйлеушілердің, ақсақалдардың жағымпаз, дөрекі қылықтары сыналған еді. Оқырманға түсінікті болуы үшін әуелі мақаладағы сыннан үзінді келтіріп алайық.
«…Облыс әкімі Болатбек Қуандықов аудан әкімшілігі мәжіліс залында ауданның игі жақсыларымен кездесу өткізіп жатыр.
Ауданымызға келудегі мақсаты «Балық шаруашылығын дамыту жолында аудан жұртшылығының, қарт балықшылардың лебізін тыңдап, ой бөлісу» екен. Құптарлық іс. Алайда, бұл іске тағы да майдалығымыз алдымыздан кедергі боп шықты.
Мінберге шығып алып, «Арқа» туралы толғауын алпыс минут толғаған бір ақсақал: «Бүкіл Қазақстанның қарыштап дамуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, облыстың қарыштап дамуы – облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың арқасы, ауданымыздың қарыштап дамуы – ауданымыздың әкімі Нәжмадин Мұсабаевтың арқасы!» деп еңірегенде, етегі толып, залдағылар бір-бірімен көрісіп, абыр-сабыр болды. Залдағылардың жартысы еңкілдей бастаса, жартысы «арқаны» жырлай берген соң, арқалары ұстап, ду қол шапалақтап, жер тепкілеп, әлгі «арқалы» ақсақалды мінберден қуып шықты.
— Майда!… Майда!… — десіп, «арқа жырынан» әрең құтылған жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады. Екінші бір ақсақал мінберге шығып алып, «аудан әкімі мақтау қағазын бермеді» деп, аудан әкімін енді қайтып мақтамайтынын айтып, өкпелеп тұрып алды. Оны да әупірімдеп жүріп отырғызған жұрт: «Шынымен де, аталы сөз естімегеніміз бе?!» деп нали бастағанда, кенет бір шал мінберге көтеріліп: «Көмір қайда?!» — деп айқай салсын.
Жұрт тым-тырақай болуға шақ қалды. Облыс әкімінің: «Уа, халайық! Жиналыстың мақсаты – балық шаруашылығын дамыту туралы әңгіме қозғау!» деп мына бейберекетке тоқтау салуға әрекет жасады. Нәтижесінде, бейберекет азайып, жұрт сабаға түсе бастады.
Дегенмен, Аралдың азаматтары арасында бір-біріне өкпе-наздарын айтып қалып жатқан майдалықтары да сезіліп тұрды» деп жағымпаздықтан аулақ болуға шақырған мақалам жағымпаздарға басқаша әсер етті.
Сабақ алудың орнына мақаладағы өздерін танып, маған идеологиялық шабуылды бастады. Ең әуелі, аудандық білім бөлімі мен аудандық әкімшілік мен үшін кек алу орнына айналды. Үстімнен арыз жазылды. Арыз иесі – баяғы өзімізге таныс, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің «жанашыры» Алматбай ағам!
Арыз жазуға себеп болған ауданға тарайтын «Үмітті Арал» газетіндегі «Тым майдаланбайық, ағайын!» атты сын мақаламдағы аты-жөні аталмаса да, өзін танып қалуы екен!
Әсіресе, мақаладағы: «Қазақстанның қарыштап дамуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, облыстың қарыштап дамуы – Болатбек Қуандықовтың арқасы, ауданымыздың қарыштап дамуы – Нәжмадин Мұсабаевтың арқасы» деп еңірегенде, біз де еріксіз көзімізге жас алдық» деген тұстары жанына қатты батып кетсе керек! Арызда: «Еңіреп маған не көрінді?!» деп мақаладағы әсерлеуді тікелей қабылдапты. Ол аз десеңіз, газеттің сол санындағы: «Шешуі екі ұшты жұмбақтар» атты бір автордың мақаласын жариялағаным үшін мені кінәлап қойыпты. Мұны аудан әкімшілігінде кызмет атқаратын Махмут Жақып пен білім бөлімінде қызмет атқаратын Айбек Құрманәлиев дейтін жігіттер шақырып алып таныстырды.
— Ау, мені қалай кінәлайды?! Аты-жөні белгісіз ғой! Мақалада аты-жөні айтылмаған ғой! Ол айтты ма, басқа айтты ма? Өзін таныса, болды, үндемей-ақ қойса, қайтеді! «Жағымпаздарға айтылған сын, сабақ болса болды!» дегеннен туындаған ұлағат қой! Белгілі бір адамды сөгу немесе өш алу мақсатын көздемеген! — дедім.
Олар мені түсініп тұр, бірақ Алматбай ағам түсінер емес! Қайта-қайта мыналарды мазалайды. «Нұрбайдан «түсінік» алып бер!» дейтін көрінеді. Содан бұларды «Алматбай ағамның қысымынан құтқарайын!» деп «түсінік» жазып бердім.
Түсінігімде: «Ойбай! Алматбай аға! «Арқа» жырын жырлаған сіз бе едіңіз?! Құдай ақы білгенім жоқ! Тым тәуір «жырлайды» екенсіз! Құлағым да ауыр естиді. Оның үстіне, дальтоникпін! Түсті ажырата алмаймын… Бәсе!… Қап-қара киім киіп алған кім десем!… Сіз болсаңыз, қайта-қайта кешірім сұраймын… «Ал, екі ұшты жұмбақтар…» дегенге келсек, сіз айтқандай, ешбір ұятсыздық көріп тұрғаным жоқ. Бұрыннан келе жатқан тапқырлықты шыңдайтын жанр!… Нанбасаңыз, оқырмандарға ұсынып көрейік!…».
«Екі ұшты жұмбақтар…»
Қазақтың ауыз әдебиеті – әлі күнге дейін тыңғылықты зерттелмек тұрғай, жинақталып, жүйеленіп бітпеген қымбат қазынамыз.
Шағын жанрға жататын жұмбақтардың өзі бабаларымыздың ой-қиялының ұшқырлығын, тілінің шешендігін бейнелі ойлауға келгенде, алдына жан салмас ақындығы мен алғырлығын аңдатады.
Жазу-сызудан гөрі зердесіне көбірек сенген дала перзенттері айтыс өнеріне қатты ден қойған. Ақындық, күйшілік, әншілік өнерді өнерпаздарын жарыстыра отырып бағалаған халқымыз табан астында тапқырлық танытып, қарсыласының өнеріндегі ерекшеліктерді қалт жібермей қадағалайтын ақындар мен күйшілерді жоғары бағалайтын.
Ал, өнер иелері өзінің әріптесін өлеңде немесе күй айтысында тұқырта жеңу үшін бойындағы бар мүмкіндігін сарқа пайдаланып қалуға тырысады, әсіресе, қыз бен жігіт айтысса немесе күй тартысып, бәсекеге түсер болса, көбінесе, жігіт жағы қазақ қыздарының ибалығын арқаланып, оның аузынан айтылуы мүмкін емес былапыт сөзді шығаруға, қолы бармайтын дөрекі қимылды, қағыстарды (домбырада) жасатуға мәжбүр етіп, жеңіске жететін кездер де көп.
Сондай-ақ, жұмбақ айтыстарында олар шешуі екі ұшты «бейпіл ауыз» жұмбақ айтып, қарсыласының мысын басуға әрекет жасайтын. Әрине, ойы жүйрік, тілі майда, әдепті де ибалы, көргенді ақын қыздар мұндайда арандап қалмай, қиындықтан құтылу жолын қарастырады және оны тез табады.
Қағазға түспеген сондай жұмбақ айтыстардың жұрнақтары әлі күнге дейін ел аузында сақталып келеді. Қалт еткен, құлағым шалған осындай жұмбақтардың бірқатарын бір кезде қойын дәптеріме түртіп алушы едім.
Жақында атақты жазушымыз Ғабит Мүсіреповтың көзі тірісінде жарияланбаған мұраларына көз жүгірте отырып, ұлы қаламгердің қойын дәптеріне түскен мынадай бір жазбаларды ұшыраттым.
«Жұмбақ»
Бір қалтада жатады
Екі малта бірлесіп,
Екеуінің бірлесіп
Көтергені бір көсік,
Үшеуінің бірлесіп
Аңдығаны – бір тесік.
(Қос ауыз мылтық)
(Ғ.Мүсірепов. «Тұтқын қыз», 440-бет. Алматы. «Балауса»,1993 ж.)
Түйгенім, халықтың өз қазынасын өзіне қайтарғанның еш айыбы жоқ екен. Оқырман қауым алдында мен де қойын дәптерімнен сирек ашылатын осы беттерін жайып салуды жөн көрдім.
1. Қызыл, қызыл қыл-қыбырды қыла берсең жарасады,
Екі бұтын талтайтып ап, ұра берсең жарасады.
(Өрнек, кілем)
2. Өшір, кемпір, шамыңды,
Шақырайын жынымды.
Жүнге жүнді матайық,
Рақатқа батайық,
Жылы-жұмсақ жатайық!
(Көз, ұйқы)
3. Аңқайып тұрған – сенікі,
Апарып салған – менікі.
(Кебіс пен аяқ)
4. Айдай жеңгем астында ашып жатыр.
Күндей көкем үстінде басып жатыр;
Қызылы кіріп жатыр, ағы шығып жатыр.
(Диірмен)
5. Салбыратып салдым, тамшылатып алдым.
(Құдық, қауға, шелек)
6. Өзі қызыл, өзі қызық, бауырында бір сызық
Айналасы қыл-қылшық.
(Бидай)
7. Күндіз салбырап тұрады,
Түнде тесік іздейді.
(Ілгешек)
8. Жүндіге жүнсіз кіреді.
(Қолғап, қол)
9. Кең шалбардың ішінде
Кертік басым ойнайды.
(Күбі, піспек.)
10. Тесігіне – домалағым.
(Түйме, түймелеу.)
11. Шалқасынан салдым,
Тығып-тығып алдым.
(Кебіс пен аяқ.)
12. Әуелі кіремін деп қанатады,
Сонда да қыздар оны жаратады.
Кейін де талай рет жылатады,
Бәрібір қыздар оны ұнатады.
(Сырға)
13. Сықсиып тұрған сенікі,
Кіріп кеткен менікі.
(Ине мен жіп.)
14. Уқалап тұрғыздым,
Сулап кіргіздім.
(Ине мен жіп. )
15. Қызартып салдым,
Бозартып алдым.
(Ет)
16. Шет-шеті қыл-қыл,
Ортасы дымқыл.
(Көз)
17. Құдайым бір нәрсені біліп берген,
Ортасын түп-түзу қып тіліп берген.
Кіргенде айырылып кетпесін деп,
Шет-шетін қара жіппен тігіп берген.
(Киімдегі түйме түймелейтін тесік)
Авторы Б.Серікбайұлы.
Міне, бас-аяғы – осы! Оқырман қалай түсінсе, еркі! Ал, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Алматбай ағамның бұрыннан келе жатқан, ел арасында қалыптасқан жанрды басқаша түсінуі мені қатты таңғалдырды.
Тіпті, тілдеп, үстімнен арыз жазуы өте ыңғайсыз болды. Ол-ол ма, кездескен жерде, сәлемімді алмай теріс бұрылып кетуі жаныңа қатты батады екен! Әсіресе, мектептерді жағалап, жай-күйін тексеріп жүргенде де, мені ұмытар емес! Әрдайым есіне алып жүреді. Оны әркімнен еститінмін. Мән бермей жүре беретінмін.
Бірде біздің ауылдағы мектепке де келді. Жиналыс басталды. Кенет алдыңғы қатарда отырған маған көзі түсті де, сөйлеп тұрған сөзін кілт өзгертті де, ашулана тіл қатты.
— Мына, Нұрбай!… Мені кекетіп!… Еңіреді… дей ме!…
Сосын сөзінің аяғын ашу-ызадан ұмытып қалып, мәжіліс залынан шығып кетті. Мұны көрген, мектептің жалбақайлары істің ақ-қарасын ажыратып жатпай-ақ, мені қаралай сөйлей бастады.
— Үлкен кісіні ренжітіп!…
— Аудандық білім бөлімінің бастығы болған адам емес пе?!
— Нұрбай да жайына қарап жүрмей!…
Мұндай көзқарастар мен пікірлерлердің дауысының қуаттылығы – сол! Алматбай ағам сыртқа шығып, көлікке мініп кеткенше, бір үзілген жоқ!…
Бірақ, мұғалімдердің дауысынан құрметтен гөрі, «тағы келіп, тексермей ме?» деген қорқыныш басым еді.
Мен де қарап қалмай: «Алматбай ағам досым ғой!» деймін, жалбақай мұғалімдердің қасақана жынына тиіп.
Осыдан кейін Алматбай ағам, тіпті, берген сәлемімді алмайтын болды.
Уақыт өте берді… Бірде Алматбай ағам аудандық білім бөлімінің ғимаратынан шығып келе жатты. Мен ғимаратқа келе жаттым. Қарсы ұшырастық. Мен сәлем бермей, жанынан өте бердім. Бәрібір сәлемімді алмайды деп ойладым. Сол сәтте Алматбай ағам сәл кідіріс жасағандай болды. Мен де қырсықпын ғой! Қайрылмай кете бердім. Өкініштісі, Алматбай ағам не айтқысы келді? Білгенде ғой!… Бұл соңғы кездесуіміз екен!… Иә, бұл дүниеде сыйласып өткенге не жетсін!…
Ал, менің айтқым келгені, шенеунік біткен Жұмабек Ташенов ағамыздан үлгі алып, өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоя алса екен деймін!…
Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы
Қамбаш ауылы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!