Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көші-қон: таңдау ма, тағдыр ма?

18.12.2025, 7:00 54

HALYQLINE.KZ

18 желтоқсан – Халықаралық миграция күні

Қазіргі әлемде көші-қон – ең өзекті әрі күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі. Миллиондаған адам күн сайын туған жерін тастап, өзге елге қоныс аударуға мәжбүр немесе саналы түрде шешім қабылдайды. Осы үдерістің ауқымы мен маңызын ескере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы 18 желтоқсанды Халықаралық мигранттар күні деп жариялады. Бұл күн – статистика мен ресми есептерден бөлек, әрбір мигранттың жеке тағдырына назар аудартатын маңызды дата. Ал енді осы маңызды датаның тарихына көз жүгіртейік.

18 желтоқсан 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «Барлық еңбекші мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны» қабылдаған күнмен тікелей байланысты. Ал 2000 жылдан бастап бұл күн ресми түрде Халықаралық мигранттар күні ретінде аталып келеді. Аталған конвенцияның басты мақсаты – мигранттардың құқықтарын қорғау, олардың еңбек жағдайын жақсарту және адамдық қадір-қасиетін сақтау. Себебі мигранттар көбіне құқықтық тұрғыдан осал топқа жатады.

Көші-қонның себебі әртүрлі. Бірі жақсы жұмыс пен табыс іздесе, енді бірі соғыс пен саяси тұрақсыздықтан қашады. Енді кейбіреулер білім алу немесе отбасын біріктіру мақсатында көшіп-қонады. Алайда, қандай себеп болмасын, көші-қон – адам өміріндегі ең күрделі шешімдердің бірі.

Жаңа елге келген мигранттар тілдік кедергіге, мәдени айырмашылықтарға, құқықтық сауатсыздыққа тап болатыны анық. Сондай-ақ, олар көп жағдайда төмен жалақыға келісіп, ауыр еңбекке жегіледі. Кейбірі әлеуметтік қорғаныссыз қалып, қоғамнан шеттетіледі, ал енді бірі заңсыз еңбекке немесе адам саудасының құрбанына айналады. Сондықтан 18 желтоқсан – осы мәселелерді ашық айтып, шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретін күн.

Осы ретте, мигранттардың қоғамға қосатын үлесін де атап өткен жөн. Қоғамда мигранттар тек көмекке мұқтаж топ ретінде ғана емес, экономикалық және мәдени дамуға үлес қосатын маңызды күш ретінде қарастырылуы тиіс. Дәлірек айтқанда, көп елде мигранттар құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, медицина сияқты салаларда таптырмас жұмыс күші болып отыр.

Сонымен қатар, мигранттар мәдени алуандықты да арттырып, қоғамның ашықтығын кеңейтуде. Түрлі дәстүр мен тәжірибе алмасу арқылы елдің әлеуметтік дамуына серпін береді.

Қазақстан да көші-қон үдерістерінен тыс емес. Елге еңбек мигранттары келумен қатар, шетелдегі қандастар тарихи отанына оралып жатыр. Бұл жағдай мемлекетке көші-қон саясатын тиімді жүргізу, мигранттардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы өзара түсіністікті нығайту міндетін жүктейді. Заңнамалық негіздер болғанымен, қоғамдық санада кейде теріс көзқарастар кездесетіні жасырын емес. Осы тұрғыда 18 желтоқсан қоғамды ойлануға, сабырға және адамгершілікке шақыратын күн ретінде маңызды.

Бұл күннің негізгі өзегі – адам құқығы мен қадір-қасиеті. Мигранттың ұлтына, дініне немесе азаматтығына қарамастан, оның қауіпсіз өмір сүруге, әділ еңбек етуге, медициналық және әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Қазіргі әлемде мигранттарға қатысты кемсітушілік пен жалған түсініктер әлі де кездеседі, алайда өркениетті қоғам әлсізге қолдау көрсетумен өлшенеді.

18 желтоқсан – Халықаралық мигранттар күні жай ғана күнтізбедегі белгі емес. Бұл – адам тағдырына, қоғамның әділеттілігіне және жаһандық жауапкершілікке арналған күн. Мигранттарға құрметпен қарау – өз болашағымызға жасалған қадам. Себебі, әділетті қоғам – тек күштілерге емес, әлсіздерге де қолдау көрсете алатын қоғам. Сондай-ақ, 18 желтоқсанның басты идеясы – мигрант та ең алдымен адам деген қағиданы бекіту.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: