Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көшеге шығудың» әлегі

14.05.2020, 11:00 587

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт   тағдыры»  қозғалысының  төрағасы

«…Егер билік қоғамға аса қажетті заңды қоғамды қатыстырмай, ың-шыңсыз, өткізіп жібергісі келсе, халықты қораға қамап қоятын карантиннен ұтымды­  уақыт  жоқ».

Фараон  Рамзес, б.э.д. Х ғасыр

Президентке рақмет – қанша созбұйдаға салса да, саяси реформаның негізі болып табылаты­н үш заңды өзгертуді күн тәртібіне қойды. Парламентке де рақмет – бір айдың ішінде екі заңға өзгертулер мен толықтыруларды дайындап, тағы бір заңды жаңадан жазып шықты. Бірақ, меніңше, көңілімізде бір түйткіл қалған сияқты. Бұлардың бәрінің жүзеге асырылуы   «терең саяси реформадан» гөрі биліктің баяғы қулықтары мен жариялылықты айналып өтудің тәсілдерін еске салатын сияқты. Біресе, Дәурен Абаев ініміз заң жобасының орнына қоғамның талдауына «Тұжырымдаманы» (?) ұсынып таңғалдырса, адам құқығына негізделген заңдарғ­а келгенде ешқашан асықпайтын Парламент аса ауыр  індетпен  күресіп, байтал  түгіл бас қайғы болып, адамдар үйлеріне қамалып жат­қанд­а  «Саяси партиялар», «Бейбіт шерулер» мен «Сайлау туралы» заңдарды Мәжілістен өткізіп, Сенатқа беріп қойғанға ұқсайды. Әрине, Парламент карантин кезінде де өзінің жұмысын тоқтатпайды, бірақ солардың ішінде: «мынадай­ жағдайда бұл заңдарды талқылауды кейінге, індеттен құтылған кезеңге қалдырайық, ел басына күн туған уақытта көшеге шығып, шу көтеріп жатқан, не саяси партия құрып, ел аралап жатқан ешкім жоқ қой, ұят болады» дейтін бір адамның табылмағаны қынжылтады.

Енді заң жобасының мазмұнына көңіл аударайық. Газеттің көлемі әр бапты жеке талдауды көтермейді, сондықтан заң жобасына қатысты бес-алты мәселеге ғана тоқталғым келеді.

Бірінші және ең басты даулы мәселе – шеруге шығу үшін жергілікті биліктен  рұқсат алу керек пе, әлде «біз осындай  уақытта шеру не митинг ұйымдастырып жатырмыз» деген хабарл­ама жеткілікті ме деген сұрақ. Бұрынғы заңымызда Конституцияда көрсетілген адам құқығы мен еркін­дігінің жүзеге асуын не аспауын жергілікті әкімшілік шешетін. Ал заң жобасының «БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ» деп аталатын тарауда­ (4-бап, 2-тармақ) «жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама немесе келісуд­і алу туралы өтініш беру» деген жолдар бар. Заңды дайындаушылар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» деген заңға кіретін бірнеше іс-әрекетті екіге бөліп, «онша қауіпті емес» пикет, жиналы­с, митингіге хабарлама да жеткілікті, ал «қорқыныштырақ» демон­страция мен шеруге келісуді алу туралы өтініш беру талабын қойыпты. Бірақ, менің түсінігімше, талаптың екіге бөлінгені – біреуі (пикет, жиналыс, митинг) тек хабарламамен шектеледі, ал екіншісіне (демонстрация, шеру) әкімшілік не келісім береді­, не бермейді деген сөз емес. Заң жобасының 14-бабына сәйкес жергілікті атқарушы билік хабарламаңнан да, өтінішіңнен де бас тартуы әбден мүмкін. Бұны 14-баптың атауы-ақ («Бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту») айтып тұр. Қысқасы, таз қалпымызға қайта түстік.

Айта кету керек, хабарлама беру мен келісуді алу туралы өтініш беру мейлінше қиындатылған. Бұл құжаттарды толтыру үшін заңда көрсетілген он үш түрлі (!) талапты ескеру керек. Егер біреуі ескерілмесе, хабарламаңа жауап та берілмейді. Бұл тағы да «ешқашан өлмейтін бюрократияның», демек, биліктің жеңісі. (Неге екенін қайдам, көз алдыма «…ал мына жерде­ «бейбіт жиналысты қаржыландыру көзі» неге көрсетілмеген», немесе «қатысушылардың болжалды саны қайда? Неге білмейсің, неге құмалақ салып, бал ашпайсың?» деп мыс­қылдай жымиып тұрған әкімшілік қызметкері  елестейді).

Екінші – журналистердің құқығы туралы. Бұған арнайы бап та бөлініпті (7-бап «Журналистің (бұқаралық ақпарат құралы өкілінің) қызметі»), бірақ «бейбіт жиналыстарды ұйым­дастырушы мен оларға қатысушы­лардың, сондай-ақ мемлекеттік ор­гандар, ұйымдар қызметкерлерінің заңды­  әрекеттеріне кедергі келтірмеу»  міндеті бар да, ал тәртіп сақшыларының «журналистердің жұмы­сына бөгет жасамау міндеті» көрсе­тілмеген. Егер  соңғы  жылдары  бей­біт шерулерге қатысқан журналистер­дің де ұсталған деректерінің көбейгенін ескерсек, БАҚ қызметкерлерін заңдық  тұрғыдан қорғау мүлдем ұмыт қалды  деп  айтуға  болады.

Менің заң жобасының ішінен «шырақ алып іздеген» үшінші мәселем – бейбіт жиындар, шерулер басталмай  жатып  сол жерге жақындаған адамдардың ұсталып, полиция бөлімдеріне апарылып, бірнеше сағат «қамауда» отыратын жағдайдың заңдық­ тұрғыдан шешілуі болатын. Бұларға, көп  жағдайда,  «рұқсат  етіл­меген митингке қатысушы» деген айып тағылатын. Ең қызығы, митинг әлі болған да жоқ, басталған да жоқ және сол күні «мынадай жерде митинг­ өтті» деген ресми хабар да болмайтын. Бірақ  «болмаған  митинг­ке қатысушылар» бар… Егер халық алаңға толып, митинг басталып, алғашқы адамдар сөйлей бергенде, әкімшілік  не  прокуратура өкілі шығып, «бұл жиынға біз рұқсат берген жоқпыз. Сондықтан қазір тара­маған жандар жауапқа тарты­лады» деген хабарлама жасаса, адамдардың ұсталуы заңды болар ма еді. Болмаған митинг үшін сол жерге барғанда­рдың ұсталынуы – заңның да, адам құқығының да толық бұзылуы­ болып табылады. Алайда заң жобасында өмірден орын алатын осы іс-әрекетке қатысты да ешқандай бап көре алмадым. Демек заң «митингінің басталуы дегеніміз не?», «митингке қатысушы дегеніміз не?» деген сұрақтарға жауап беру керек деп ойлаймын. Немесе заңда «митинг өтетін жерге 150 метр жақындаған адамдар митинг­ке қатысқан болып есептелінеді» деген нақты баптың енгізілуі шарт. Ондай бап болмаған жағдайда бұрынғы заңсыздықты тоқтата алмаймыз.

Төртіншіден, «Бейбіт жиналыстарды өткізілетін күні әкімшілік-аумақтық  бірліктің  жергілікті  уақы­ты  бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайд­ы», немесе пикет жасау әрекеті­  «дәл сол бір объектіде күніне екі сағаттан аспауға тиіс» деген талаптар­дың да болмыстан алыс екені даусыз. Кейде мерзімсіз, сөткелеген, апталаған, керек десеңіз, айларға ұласаты­н  жиындардың, митингтер­дің (талаптары орындалғанша) болатын­ын бәріміз білеміз. Ал пикет­ті­  екі сағатпен шектеу – флешмобпен  шатастыру  деп  ойлаймын.

Бесіншіден, заң шығарушылардың назарынан тыс қалған тағы бір мәселені айта кеткен дұрыс. Заң жобасы­ асықпай, ретімен жүргізілетін іс-әрекеттерге арналған сияқты. Бірақ бейбіт шерулердің тең жартысы­ уақытпен санаспайды; Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ жаман айтпай жақсы жоқ деген, егер ел іргесіне жау тисе, немесе 1991 жылғыдай мемлекеттік төңкеріс (ГКЧП) жасалса, әйтпесе біздің Парламент байқамай жерді сату туралы заң қабылдаса, халық сол мезетте көшеге шығады. Бұл уақытта хабарлама не өтініш беріп, үш не жеті күн күтуге болмайтыны белгілі. Меніңше, заңда осындай  жағдайлар да  ескерілуі шарт.

Алтыншыдан, халықтың дәстүрі­не айналып кеткен, айрықша аталып өтетін күндер бар. Жыл сайын Желтоқсан  көтерілісі  күнінде (17 желтоқсанда)  алаңға  шығып ескерткішке гүл  қойылады, құран оқылады. Тоқсаныншы жылдардың басында осыны­  тоқтату үшін билік орындарының істемегені жоқ. Адамдарды алып кетті, жиналғандарды қуып таратуға тырысты. Бірақ халықты жеңе алмады, мойындады, жазалауды тоқтатты. Егер жаңа заң қабылданса, бұл шара­ға да рұқсат сұрау қажет пе? Дәл осындай жағдай ашаршылық күн­дерін атап өту сияқты халықтық мейрамд­арды өткізгенде туындай­тыны  анық.

Енді Мәжілістен өтіп, Сенатқа жеткен «Бейбіт шерулер»  туралы заң жобасының  жазылу форматына көңіл  аударайық.  Біріншіден, бұрын­ғы, 1995 жылғы заңдағы            12 бап 1,5 бетке сыйып кетсе, жаңа заңның жобасы­нда баптар екі есе көбейіп, көлемі 17 бетке жетіпті. Әрине, заң болғандықтан  әрбір бапты тәптіш­теп, бүге-шігесіне дейін қалдырмай беру керек, бірақ бұл жерде нақты­лаудан көрі, қайталау мен қажетсіз бюрократиялық талаптар басым сияқты­. Мысалы, Заңда пайдала­на­тын негізгі ұғым­дарға Анықтама берілген­де «демонстрация» мен «шерудің­» айыр­машылығын таба алмайсыз­. Тек біреуінде «қозғалыс», екіншісінде  «жүріп  өтуі»:

5) демонстрация – қоғамдық маңызы­ бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша қоз­ғалысы, бұл көлік құралдары пайдаланыла  отырып, дыбыс күшейткіш техника­лық құралдар, плакаттар, транспаранттар  және өзге де көрнекі үгіттеу  құралдары  пайдаланыла отырып  немесе  пайдаланылмай, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

12) шеру – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың  әрекеттері  (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан  Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының көлік құралдарын пайдаланбай белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жүріп өтуі, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып­ немесе онсыз, талаптар қойыла­ отырып  немесе онсыз  жүзеге асырылады.

Екінші көзге түсетін мәселе, айта кету керек, біздің барлық заңдарымыздағы бар ауру, қазақ тіліндегі сөйлем  құраудағы  қателіктер  немесе жаңа бір, түсініксіз сөз тіркестері. Мысалы, бір жерде «жиналыс – қоғамдық маңызы бар мәселелерді және (немесе­) адамдардың және (немесе)­ органдардың,  ұйымдардың әрекеттерін  (әрекетсіздігін) ұжымдық жария  талқылау  мақсатында Қазақстан Республикасы азамат­тарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы» немесе  «талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асыры­лады»; деген сияқт­ы қойыртпақ сөйлемдер кезедессе, енді бір жер­лерде «өтінішті келісу», «пикеттеу» сияқты неологизмдер алдымыздан шығады. Бұның біріншісі – құжаттың атауы болса, екіншісі – бұрынғы заңда,­ ұмытпасам, «пикет қою» деп берілген. «Пикет ұйымдастыру», «Пикетке шығу» деген ұғымның қолданыс­қа еніп кеткені белгілі, сондықта­н «пикеттеу» сөзі, мен үшін, жаңсақтау  сияқты…

Заң жобасын жасаған жандар бейбіт шерулерді және сол бағыттағы басқа да іс-әрекеттерді – билікке қарсы жұмыс деп түсінетін сияқты. Бұл – қате пікір. Кейде азаматтар не саяси-қоғамдық  құрылымдар  қо­ғамды біріктіру мақсатында, немесе би­ліктің бір бастамасына қолдау көр­сету мақсатында да шерулер ұйым­дас­тырып, митинг жасайды. Кеңес өкі­меті кезінде «Вьетнамнан қолыңды тарт!», «Атом бомбасы жойылсын!» деген ұрандармен талай митингілер ұйымдастырылды, ал жыл сайын 1 мамыр мен 7 қарашада барлық елді мекендерде демонстрациялардың болуы­ – жасанды дәс­түрге айналған болатын. Сондықтан бейбіт шеруді бүжайға айналдырмай, демократияның бір құрылымы ретін­де, адам құ­қығы мен еркін­дігі­нің  көрінісі  ретінде­ қабылдағанымыз дұрыс. Демек Заң да осы ұстанымға сай болуы керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: