Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көршілер

18.03.2024, 17:15 318

HALYQLINE.KZ

(Әңгіме)

Ғалымның осы жерге келіп үй салғанына он бес жылдай болды-ау. Оң жақтағы көршісі – Настя апай, теміржол вокзалы кассасында жұмыс істеп, зейнетке шыққан Анастасия Ивановна, ал сол жағындағы көршісі – Саудабай.

Саудабаймен көрші болғанына төрт-бес жыл. Саудабай – «Фура» деген ұзын қорапты автомашинаның жүргізушісі. Бос жатқан жерді алды да, бір жылға жетпей екі қабатты үй салып тастады. Көршілерге зияны жоқ, бірақ олармен қатысқанын Ғалым көрген емес. Бойынан барлықтың, байлықтың лебі есіп тұрады. Онысы Ғалымның алдынан шыға беретін. Оны шығаратын – Ғалымның зайыбы Қатыш. Қатыштың қызметі – келесі көшедегі жеке супермаркеттің еден жуушысы. Қатыш еден жуа ма, жоқ келушілердің әңгімесін тыңдай ма, әлде қолы еден жуғышта, құлағы дүкенге келушілердің әңгімесінде бола ма, үйге кірмей жатып, аяқкиімін шешер-шешпестен жаңалықтарды шұбырта жөнеледі де, соңы Ғалымға тиісумен аяқталады.

– Иә, сол қағазыңа шұқши да отыр. Содан ұшпаққа шыққаныңды көрмедік. Әне өзіңдей Саудабайды қарашы, шопыр болса да, үйі кірсе, шыққысыз. Құдай біледі деп айтайын, соның дипломы да жоқ. Болса шопыр бола ма?!.. Ал сенің қызыл дипломыңнан не пайда?.. Сол жарымаған мұғалімсің. Ойбай-ау, Саудабайдың баласына екі қойып нең бар, кем пайда… Ана «сылқым сарыдан» анда-санда ақша қарыз алып тұратыным бар еді, содан бері сәлемімді алмайды. («Сылқым сары» – Саудабайдың әйеліне Қатыштың қойған аты.) Өзің оқытқан балалардың алды мектепке деректір, забыш болып жатыр. Ал сен жүрсің газет, жорналға бала тәрбиесі туралы көлдей-көлдей мақала жазып, мәз болып. Оны оқып жатқан да адам жоқ. Бұрын жазғандарыңа тиын-тебен беретін еді, қазір оны да бермейді. Жаман иттің атын Бөрібасар қояды, – деп бір басылады.

Ғалымның шымбайына соңғы сөз қатты батады. Амал жоқ… Өзінің қолын кесе ме, Қатыштың тілін кесе ме… Қайран аталарының «Атың жақсы болса сатып құтыласың, қатының жаман болса қайтып құтыласың» деген сөзі ойына оралады. «Жаман» деуге де тілі бармайды. Сүйіп қосылған жары, бес баланың анасы. Тек тілі ащы. Алладан «мына қатынды тәубесіне келтіруді» тілеп, басын шайқайды да қояды.

Сол күні кешкілік жұмыстан оралған Қатыш үйге күндегідей сөйлемей, сілкінбей кірді. Теледидардан кешкі соңғы жаңалықтарды көріп отырған Ғалымға қарады да бөлмесіне беттеді. Бұрын «ой, сорлы, қағазға шұқши, одан қалса телебезірге телмір. Сенің қолыңнан басқа не келуші еді»деп тілін безей жөнелетін Қатыш тып-тиыш, ләм-мим тіл қатпады. Асханаға өтіп бара жатқан Қатышына көз әйнегінің үстінен қараған бұл аң-таң.

Кешкі ас үнсіз ішілді. Балалар да шешелеріне аңырып қарайды. Келген сайын жұмыста шаршағанын сылтау етіп, бәрін бір бұрышқа тығып алатын шешесі бүгін басқа. Бұрын істемегенін істеп, балалардың оқуға баратын киімдерін, кітаптарын қадағалап, сөмкелеріне салғызып бәйек… Бұл үнсіз, бейқам әдетімен қағаздарына қарауға отырды. Ертеңгісін орындық басына ілінген үтіктеулі көйлек, костюм-шалбарын көрді. Бұл да бұрын болмаған жағдай. Ас үйге кіріп, дайындалған ас-судан ауыз тиді. Қатыштың жұмысқа, балалардың мектепке кеткенін шамалады.

Сыртқа шыққанда есігінің алдында тұрған Настя апай қолын бұлғап шақырды.

– Галым, кешеден бери менин Шаригим жок. Алыска кетпейтін. Біреулер урлап кетті-ау. Есіттін бе, кеше кешкисин Саудабайды милиция (полиция дегені) колына нарушник (кісен дегені) салып алып кетти. Урлыкка катыскан дейди. «Фурасын» арестоват етіпті. Катиш кеше көрди. Айткан жок па? – деді сұраулы жүзбен.

Қатыш бұл жайды кеше кешкілік жұмыстан келе жатқанда өзі көзімен көрген болатын.

Ғалым бірдеңе түсінгендей басын шайқады да, ештеңе деместен  жүріп кетті.

Осы оқиға болған күннен бір жетіден кейін ойда-жоқта Настя апай қайтыс болды. Қасында болған, өзі қатысып тұратын Клавдия апай:

– Настя мені шақырып алды. Демалысы нашарлап кеткен екен. Үйдің құжаттарын, жинақ кітапшасын, жинаған азғантай ақшасын маған ұсынып, «Клава, үйді сенің атыңа завещат еттім. Ол қағаз үйдің құжаттарының ішінде. Сенен өтінетінім, Шаригім келсе, мені жоқтатпай қарарсың. Оны біреулер ұстап отырған сияқты. Әйтпесе мені тастап мұншалықты ұзап кетпейтін. Қамаудан босанса, мені іздеп келеді. Ал, өлігі табылса, мен жатқан бейітке жақындау жерге ашылып қалмайтындай етіп көмерсің» деп, стол үстіндегі балаларының суретіне қарап, жасаураған көзін менен жасыра берді, – деді қазақы тілмен.

Бұл он бес жылдай көрші болып, өздерімен емен-жарқын қатысқан Настя апайдың Ресейде тұратын ұл-қызының бір ретте болса да келгенін, немесе бірдеңе беріп жібергенін көрмепті. Хабарласқанын да естімепті.

Настя апайды көршілер жиналып, арулап жерледі. Жерлеген күннің ертеңіне жұмысқа бара жатқан Ғалымды Настя апайдың үйінің алдында тұрған Клава апай шақырды. Әнеу күнгі өзін шақырған Настя апай сияқты қол бұлғап тұр. Шарбақтың есігін ашқан Клава апай:

– Мынаны қараңызшы, – деді. Дауысы дірілдеп шықты.

Есіктің табалдырығына басын сүйеген Шариктің жансыз денесі жатыр. Мойынында арқан жіп, жіптен түскен жарақат бар. Арқан Шариктің тісімен қажалып-қажалып үзілген сияқты. Сыртқы есікті қаптаған дермантинге тырнақ іздері түскен. Тырнай-тырнай иесі шықпағасын тірліктен күдер үзген. Неге екенін, үнсіз егіліп тұрған Клавадан Ғалым:

– Балаларынан хабар бар ма? – деп сұрады.

– Жерлеуге де келмеген балалары үй мен ақшаға таласып жатыр ғой, – деді Клава күмілжіп.

Ғалым денесін аяз қарығандай тітіркеніп кетті. Есік қаптамасындағы тырнақ ізі жүрегіне бататындай…

Түскі асқа келе жатқан Ғалым Настя апайдың есігінің алдындағы автомашинаның жүк салғышына Шариктің жансыз денесін еппен салып жатқан Клавдия мен баласын көрді. Құрбысы марқұм Настя апайдың соңғы өтінішін орындауға бара жатқаны-ау…

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: