Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көпбалалы әйелдер вакциналық электронды паспортқа қарсы шықты

03.02.2021, 15:05 466

HALYQLINE.KZ 3 ақпанда денсаулық сақтау министрлігінің алдына 30 шақты әйел жиналып, Қазақстанда жақын арада енгізіледі деген вакциналық электронды паспортқа қарсы шықты.

Қызыл, сары және жасыл түсті болып киініп, адамдарды «вакцина алғанына қарай үш түске бөліп ажырататын» QR-кодқа қарсы екенін айтқан ата-аналар «электронды паспорт қазақстандықтардың конституциялық құқықтарын бұзады» деді.

– Нақты жағдайда билік ұсынып отырған жоба Конституцияға қайшы. Ата заңның 14-бабында дискриминация болмауы тиіс деп жазылған. 21-бапта әрбір азаматтың еркін қозғалуына құқығы бар деп жазылған. Ал жаңа ұсыныс бойынша, QR-коды «қызыл» көрсеткен адам дүкенге кіре алмайды, банкоматтан ақшасын ала алмайды, дәріханаға барып, парацетомол ала алмайды. Яғни, бұл Конституцияда жазылған құқықтарды толық бұзу болып саналады, – деді жиналған әйелдердің бірі.

Қолдарына қазан мен ожау ұстаған әйелдер министрлік алдында тақырлатып, «вакцинаға қарсымыз!», «Цой шықсын!» деп айғайлады.

– Вакцина деген нәрсеге ешкім сенбей қалды. Өйткені, көпбалалы аналардың көбісінің баласы вакцинадан мүгедек болып қалған. Бұл Қазақстан медицинасының осалдығын, дамымағандығын көрсетеді. Ертеңгі күні денсаулығымызға қауіп төнсе, оған кім жауап береді? Цойдың өзі шығып, «егер бір адам зардап шегетін болса, мен өзім жауап беремін» деп айтсын. Соны ешкім ойлап жатқан жоқ. Бәріне сенбей қалдық, – дейді Айжамал Сариева есімді әйел.

Сәлден соң министрлік өкілдері шығып, наразы аналардың сұрақтарына жауап берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Нұрша Әзімбаева коронавирусқа қарсы вакцина ерікті түрде салынатынын және ол 18 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқандарға салынбайтынын жеткізді.

– Вакцина – адам өмірін сақтайтын шаралардың бірі. Коронавирус пандемиясы дағдарысынан шығатын бірден-бір жол екеніне халықаралық мамандардың көзі жетіп отыр. Біз ғана емес, бізден ертерек бастағандар бар. Екіншіден, оны салдыртар кезде адамнан келісім алынады. Бұған қоса, вакцина егілгендер мен егілмегендер арасында шектеу болмайды, – деді ол.

Цифрлық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов әйелдерге “QR-кодтың пайдасын” түсіндіруге тырысты.

– Мысалы, сіз фитнес орталыққа бардыңыз. Сіз өзіңізге Covid жұқпайтынына сенімді болғыңыз келеді. Орталықта QR-кодты сканерлейсіз. Сол кезде бизнес өкілінде сіздің иммундық статусыңыз туралы ақпарат пайда болады. Егер сіз жақында ПТР-тест тапсырған болсаңыз, тестіңіз теріс нәтиже көрсеткен болса, сізде жасыл статус болады, яғни сіз ол жаққа кедергісіз өтіп, алаңсыз спортпен айналыса аласыз. Егер біреудің қызыл статусы болса, оған кіруге болмайды. Бұл бизнес өкілдерінің пандемияның кесірінен қатты шығынға батпауына мүмкіндік береді. Екіншіден, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді ол.

Осыған дейін Қазақстан билігі вакцинацияның электронды паспортын енгізетінін хабарлаған. Онда адамдардың иммундық статусы, екпе салдырғаны-салдырмағаны, екпеден соң кері әсер болған-болмағаны сияқты ақпараттар болады. Министрлік коронавирусқа қарсы вакцина салдырмағандарға шектеу болмайды деп жалпы айтқанмен сарапшылар онсыз жобаны жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: