Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көп күттірген жол

08.02.2021, 12:00 432

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысында шалғай елдімекендерге қатынайтын жөні түзу жол жоқ. Қыс түсіп, қар жауса, ауылдармен қатынас үзіледі. Арал теңізі маңында қоныс тепкен тұрғындар жер аяғы кеңігенше орталықпен байланыссыз қалады. Шенеуніктер биыл ауылдарға апаратын жол салуға баса мән беріледі деп уәде беріп отыр. Мысалы, Қазалыда жүздеген шақырымға асфальт төселеді. Аудан орталығындағы 15 көшені жөндеу де жоспарда бар деп хабарлайды 24.kz. 

Қожабақы, Бозкөл ауылының тұрғындары үшін аудан орталығы түгіл іргелес елдімекендерге қатынаудың өзі тұрғындарға мұң болған. Иленген саз балшықта сағаттап батып қалу хикаясы көлік тізгіндегеннің бәрінің басынан өткен. Кеңес дәуірінде кеңшар құрылғалы көтерілген мәселе енді шешімін тапқандай. Асфальт салынбаса да тас төселіп, батпақты сүрлеудің беті жабылды.

«Жол азабы өте қиын еді. Екі орта 30-ақ шақырым. Соған 1 жарым сағат жүреміз. Кейде арғы беттен көлік шақыртып, сүйретіп барған күндер болды. Енді мына шығыс бетімізде Отгон, Лақалы деген аумақ бар. Ол екі ортаның жолында бір күндеп жатқан кездер болды. Көлікпен қатынау қиын еді. Қазір тас төселіп, емін-еркін 15-20 минутта барып тұрмыз», – дейді Бозкөл ауылының тұрғыны Жеңіс Өтепбергенов.

Аудан орталығы мен Кәукей ауылының арасын жалғайтын 160 шақырымдық мына жолдың салынып жатқанына 3 жыл болды. 2019 жылы – 62, былтыр 65 шақырымы салынды. Қалған бөлігі биылғы жылдың еншісіне қалып отыр.

«Ол қомақты қаражат. Былтырдың өзінде 2,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Биыл 1,5 млрд теңге қаралып жатыр. Жыл аяғына дейін біз толыққанды осы жолдарды бітіруіміз керек. Осыдан 3 жыл бұрын қанағаттанарлық жақсы жолдар 66% болған. Қазіргі таңда 75,5%. Егер де мына жұмыстарды толық бітірген кезде 87% жетеміз деген меже бар», – дейді Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев. 

Басықара мен Абай елді мекенінің арасы небәрі 20 шақырым. Бірақ жету қиын. Қос ауылды жалғайтын жолды жөндеуге қажет 306 миллион теңге аудан қазынасына ауырлық қылады әрине. Сондықтан ол қаржы облыстық бюджеттен сұралып отыр.  

Nur.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: