Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көңіл күй де жұқпалы ауру секілді

21.01.2026, 6:00 52

Алдымен  төмендегі суретке тағы бір рет назар салыңыз. Қатты айғай, түнерген жүз, кеңсені басқан қою түтін. Бір қарағанда артық әсірелеу сияқты. Бірақ осы көріністі күнде көріп жүрген жоқпыз ба деген ой келеді. Мүмкін дәл осындай емес шығар, бірақ соған ұқсас жағдай әр кеңседе, әр мекемеде бар. Адам жұмысына  тек 

кәсібилігін емес, көңілін де алып келеді. Дегенмен, әріптестің көңіл күйін бірден сезуге болады. Бір адам қабағын түйіп отырса, бөлме тарылып кеткендей сезім болады. Біреу дауысын көтерсе, тыныш отырғандардың өзі мазасыздана бастайды. Мұның бәрі кездейсоқ емес. Бәлкім сіздің де басыңыздан жиі өтіп жүрген  шығар?

Ғылымда эмоциялық жұғу деген ұғым бар. Зерттеулерге көз жүгірте келсек, адам миы өзгенің сезімін байқамай қабылдап алады. Күлкі де, ашу да, күйзеліс те дәл солай тарайды. Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген тәжірибеде ұжымдағы бір ғана ашулы қызметкер бүкіл бөлімнің жұмыс қарқынын төмендеткені анықталған. Ешкіммен тікелей жанжалдаспаса да, оның ішкі күйі ортаға әсер еткен. Суреттегі түтін шын мәнінде бар. Ол көзге көрінбейді, бірақ сөзден, үнсіздіктен, көзқарастан сондай тұман пайда болады. Біреу жұмысына риза емес күйде жүрсе, ол сезім ертең басқа адамға көшеді. Ал ол адам кешке үйіне сол күймен барады. Сөйтіп, кеңседен басталған көңілсіздік бір шаңыраққа жетеді. Қазақта «жүзінен жылу кетсе, жүрегінен шуақ кетеді» деген сөз бар. Ұжымда да солай. Жылы жүз жоқ жерде түсіністік азаяды. Ал түсіністік азайған жерде ұсақ кикілжің  көбейеді. Кейде  мәселе  үлкен шешімдерде  емес, күнделікті  көңіл  күйде жатады.

Тарихтан бір мысал келтіре өтейік, ондай жағдай қазақ батальонында да болуы мүмкін, бірақ әйгілі Черчилльді сөз етуді жөн көрдік. Ұлыбританияның мықты саясаткері Уинстон Черчилль екінші дүниежүзлік соғыс кезінде штабта отырған адамдардың көңіл күйіне ерекше мән берген. Ақпарат қанша ауыр болса да, үміт сөзі айтылсын деп талап еткен. Себебі ол бір шындықты жақсы түсінген. Адамның рухы сынған күні, оның күші де әлсірейді деп білген. Шынында да солай емес пе?!

Сурет соны еске салады. Айғайлап тұрған бір адам ғана емес, үнсіз отырғандар да маңызды. Бірі басын ұстап отыр, бірі үнсіз күйзелген. Олар ештеңе айтпайды, бірақ бәрін сезіп отыр. Дәл сол үнсіздік ең ауыр жағдайға жеткізбесіне кім кепіл?! Көз алдыңыздағы карикатураны күлкі үшін салған жоқпыз, қазақ қоғамының ащы да болса бір күнін бейнелеп тұр. Бір адамның көңіл күйі қалайша ортаға әсер ететінін, ал сол ортаның адам өміріне қалай араласатынын байқатады. Қарап отырып, өзіңді де, танысыңды да көріп қалуың мүмкін… Кейде бір жақсы күн бүтін бір ұжымды алға сүйрейді. Ал бір түнерген сәт керісінше, бәрін кейін  тартады. Осыны  түсіну  жеткілікті. Қалғанын  әркім  өзі  түйсінеді.

Коллаж: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: