Шырылдауық шегірткенің кебін киіп, қытымыр аязда «тоңдым» күнін кешпес үшін қыстың қамын жаз ойлау – халқымыздың табиғатында бар құбылыс. Суықтың ызғары сезілгеннен-ақ көмірдің сұранысы артып, тиісінше өңірімізде «қара маржан» таусылып қалады, не болмаса, бағасы күрт өсіп кетеді. Осыған орай қыстың боранды күндерінде көмір тапшылығын болдырмау үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы, мамандардың айтуынша, биыл облысымызға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет екен. Бүгінде өңірімізге 85 мың тонна қатты отын жеткізілген. Бұл жоғарыда көрсетілген қажетті мөлшердің 51%-ын ғана құрайды. Қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында екен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев осылай сендірді. Облысымызда көмір отынын сақтайтын 30 қойма бар. Оның бесеуі Қызылорда қаласында болса, қалғандары аудандарда орналасқан. Қазіргі таңда көмірдің қалған бөлігін тасымалдау жұмысы басталғанын, қазан айының ортасына дейін 70%-ын әкелу жоспарда бар екенін айтып отыр. Ал, қалған бөлігі қашан жеткізілетіні жайлы басқарма өкілі дөп басып айта алмады. Бірде халыққа сілтеп, бірде кәсіпкерлердің жұмысы деген шенеуніктен журналистер тұшымды жауап ала алмады.
Ерлан Мақсотұлы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Коронавирустық пандемияны ескере отырып, көмір тапшылығын болдырмау мақсатында тұрғындарға көмірді жылу маусымына дейін сатып алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда қазіргі күні өңірге жеткізілген көмір көлемі 12 мың тоннаға артық. Ал, өңірімізге көмірдің қалған бөлігін 1 қазанға дейін 60 пайыз, 15 қазанға дейін 70 пайызын алып келуді жоспарлағанбыз. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Күні қысқа, түні ұзақ қаһарлы қыс келмей-ақ, басқарманың көмір тасымалдаудағы жоспары толықтай орындалмай жатқанын байқадық. Оған жоғарыда өздері келтірген статистика дәлел. 1 қазанға дейін өңірімізде көмір қоры жоспардағы қажетті көрсеткіштің 60%-ын құрай алмаған. Оның себебін басқарма өкілінің өзі де түсіндіре алмады. Дегенмен, бұл сұрақтың жауабын жергілікті кәсіпкерлер айтып берді. Олардың айтуынша, көмір жеткізетін теміржол торабы жөндеу жұмыстарынан өткен екен. Соның кесірінен көмір қоймаға сәл кешірек жетіпті. Ал, ол уақытта қала қоймаларында жеткілікті көмір мөлшері болғанымен, тым майда болғанының салдарынан тұрғындар көңілінен шықпаған. Қатты отынның сапалысын күткен қара халық күздің ызғарлы түндерінде суық үйде отыруға мәжбүр болған. Жұмсақ кресло мен жылы кабинетінен босай алмаған шенеунік бұл жайдан бейхабар екенін айтады.
Қара отынның бағасы да соңғы жылдары үлкен мәселеге айналған. Кейде құны қымбат, сапасы «қаңбақ» болып, жұртты әбігерге түсіретіні де жасырын емес. Бүгінде көмірдің тоннасы қала ішінде 13 900 теңгені құрайды. Ал, қалған өңірлерде 15-16 мың теңге аралығында болмақ. Жалпы, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін кәсіпкерлермен келісімшарт жасалған. Сол себепті қыс бойына көмір бағасы тұрақты болады деп күтілуде. Тек алыпсатарлар биліктен қулығын асырып, бағаны аспанға шарықтатып жібермесе болғаны. Басқарма басшылығы оларға қарсы шара қолданбайтынын айтады. Қойылған сұраққа «бұл біздің мекеменің жұмысы емес, онымен айналыспаймыз» деп қысқа қайырды. Ал, көмірді жеткізу пұлы қаланың шеткі аудандарына 7-8 мың теңгені құраса, алыс-жақын ауылдарға 15 мың теңгеге дейін барады екен. Көмір сапасына осы жылы мүлдем қам жемесеңіз болады. Себебі, қара отынның сапасы халықтың да, кәсіпкерлердің де көңілінен шығып, ешқандай арыз-шағым түспеген екен.
Осылайша брифинг барысында басқарма өкілдері көмірден маусым бойына тапшылық болмайды деп сендірді. Онсыз да «қағанағымыз қарық» болып жүргені шамалы. Бәлкім, бұл қыста көмірге «қарық» болып қалармыз. Кім білген?
Бекзат ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!