Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көктемдегі көңіл күй

29.03.2024, 8:35 286

HALYQLINE.KZ

Көктем сайын ауылды су басады,

Көктем сайын ағайын шуласады.

Судан құрғақ шығатын суайт көкем

Салы суға кеткендей түр жасады.

«Белгілі ғой тасқынның жүретіні,

Сабыр, сабыр» көкемнің білетіні.

Балшық басып көрмеген судай жаңа,

Шіркін, қандай әдемі су етігі?!

Бұлбұл ұшып басымнан мұңсыз дәурен,

Көктем сайын жүрегім жүр сыздаумен.

Көпір судың құлады құшағына,

Тіл табысып алғандай тілсіз жаумен.

Көктем сайын үйлерге су кіреді,

Астан-кестен қылады, бүлдіреді.

Қыстан кейін көктемді болдырмаудың

Жолы бар ма, ағайын, кім біледі?

Наурыз – наурыз бола ма қырсықпаса?

Қардың басын қар алып былшытпаса.

Сәуір айым келер-ау тәуір айым,

Ушықпаса, мал-жаным тұншықпаса.

Қозғалмайтын шығарсың орыныңнан,

Көке, сенің астыңнан су шықпаса.

Ершат  ҚАЙБОЛДИН

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: