Сіз, Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Парасат» орденінің иегері, марқұм Әбу Сәрсенбаевтың шығармаларының ішінде шоқтығы биік теңізшілер өмірінен жазылған повесті оқыған ба едіңіз? Оқысаңыз, ондағы басты кейіпкер Болатханның өзінің досы Бекшені әзіл-шыны аралас «Көгершіндер королі» деп атағанын білетін боларсыз. Алайда бүгінгі айтпағым – кітап кейіпкерлерінің өмірінен алынған үзінді емес, күнделікті өмірде өзім куә болған жайт.
Мен осынау мығым денелі, ұзын бойлы, жігіт ағасы жасындағы азаматты жиі көремін. Алғашқыда мән бермеген едім. Көңілім үйренісе келе бұл адамның сырт көзге сәл тосындау әрекетіне қайран қалдым. Таңырқаудың соңы онымен жақын танысуға ұласты. Бір қызығы, қашан көрсең де оның маңайынан кептерлер (дала кептерлері, жабайы) топ-тобымен ұшып-қонып, айналшықтап шықпай жүретінін байқадым. Мәнісін тілдесе келе түсіндім. Ербол – жаңа танысымның есімі. Шалғай ауылда көпбалалы отбасында туып-өскен Ербол бала кезінен құс өсіруге құмар екен.
– Сонау 70-жылдардағы ауыл ішіндегі ғимараттардың аса биік болмайтыны баршаға мәлім ғой. Көрші аулаға балабақша орналасқан болатын. Ол кезде ойын баласымыз. Бір қараңғы түнде інімді ертіп алып қолыма қолшам (фонарь) ұстап, әлгі балабақшаның шатырына жасырынып кірдік. Қарауылы көрінбеген соң үй төбесінде емін-еркін жүрміз. Өзімізбен бірге бірнеше бос қап ала шыққанбыз. Жанарымыз шатыр ішіндегі ағашқа қаз-қатар қонған жабайы кептерге түскенде баға жетпес асыл қазынаға жолыққандай қуандық. Фонардың жарығымен кептерлерді ұстап, бос қапшықтарға сала бастадық. Бірнеше қапты әп-сәтте толтырып үлгердік. Шатырдан түсіп, үйге жетіп, сарайдың есігін ішінен бекітіп алдық. Өткір қайшымен кептерлердің қанатын сүйегіне тигізбей ұшынан қырқып, алдын ала сым темірден өзіміз жасап алған кең үйшікке қамадық. Алдарына мол қылып жем шашып, ыдысқа су құйып қойдық. Әке-шешеміз совхоздың бақшасында жұмыс істейтін. Жаз бойы далалықта еңбек етеді. Үйде өзімнен үлкен әпкем, мен, інім үшеуміз ғана боламыз. Әпкеміз – мейірімді жан. Біздің қылығымызға қатты ашуланған жоқ. Десе де, «Жазықсыз құстарды өлтіріп алып, обалына қалмаңдар. Жақсылап бағыңдар» деп қатты ескертті. Інім екеумізге мықты жұмыс табылды. Әпкемнің ақылымен кептерлерге арнап көлеңке баспана жасап қойдық. Жем-суды көлеңке жерде беріп, басқа да қосымша азық дайындап, жатар орнын тазалап әбігерге түсеміз. Уақыт өте кептерлер бізге әбден үйренісіп алды. Біз кептерлерді үй құстарындай алдымызға салып айдап, көгалға апарып жайып әкелеміз. Көрші балалар бізге қызыға да қызғана қарайтын.
Күз мезгілі де жетті. Бұл шақта кептерлердің қиылған қанаты әбден жетіліп, өз бетімен ұшып-қонатын болды. Бірақ қолдан жем жеп дағдыланған кептерлер маңайымыздан ұзамайтын. Алғашқы қарасуық соққанда біздің кептерлер әлдеқайда ұшып кетті. Сондағы інімнің егіліп жылағаны әлі жадымда. Келесі жылы ескі балабақша ғимаратын бұзып, орталықтан жаңадан салды. Арада қаншама жыл өтті. Қазір әпкем, мен, інім үшеуміз де немере сүйген ата-әжеге айналдық. Алайда сол баяғы өзіміз жаз бойы баққан кептерлерді жиі есіме түсіремін. Кептерлерге жем шашып, өткен күніме, балалық шағыма деген сағынышымды басамын.
Мен Ерболмен тебірене қоштастым. Сәл ұзай бере соңыма бұрылдым. Міне, қызық. Қаптаған кептерлер жаңа танысымның дәл аяғының астында жүр. Тіпті сескенетін емес. Санама өзім әлеуметтік желіден оқыған «Кептерлер немесе көгершін – құстардың бір отряды. Қазақша дұрыс атауы – көгершін, ал кептер дегені – парсы тілінен кірген атау. Көгершін ірілігіне қарай: мәстек кептер және тәжілі кептер болып екіге бөлінеді. Кептерлер отрядының 2 тұқымдасы бар, оның біріншісі – дронттар; екіншісі – кептерліктер. Тұмсық негізі балсірі. 43 туысы, 285 түрі белгілі. Поляр аймағынан басқа барлық жерде кең таралған. Көбі жыл құстары. ТМД-да 3 туыстың 11 түрі бар: 6 түрлі кептер: көкшіл сұр кептер, дыркептер, түзкептер және басқалары; түркептері мен жасыл кептер, ұшып келгендер ағаштарда, тау жартастарында, құрылыстарда, ағаш кеуектерінде жұптасып, кейбіреулері шоғырланып ұялайды. 2 жұмыртқа салады. Жұмыртқаларын еркегі де, ұрғашысы да басады. Балапандары жалаңаш немесе сирек мамықпен жабылып туады. Көкшіл сұр кептер, декоративті және пошта тұқымдыларының арғы тегі. 6 түрлі кептер (оның ішінде, жиһангез кептер) ертеректе жойылған. КСРО Қызыл кітабында ақ кеуделі кептерлер, ХТҚО Қызыл кітабына 16 түрі, 9 тармағы енгізілген» деген дерек оралды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!